"Намаз оқи бастағалы оның жұмыстағы белсенділігі төмендеп кетті… егер дін жұмысқа кедергі келтіретін болса, ондай діннің керегі жоқ… сендер өздеріңді өздерің шектеп жатырсыңдар… Анығында, осындай ескертпелерді естіп қалуымызда екі себеп бар. Біріншісі, көп адамның дінді тек белгілі амалдарды орындау деген мағынада түсініп, Ислам шарттарын ұстанғандарға тосырқай қарап, сырттан тон піше салуы. Екіншісі, өзіміздің қоғамдағы міндетімізді толық сезінбегендіктен. Момын, тақуа адам өзін ғана емес дінін де ойлайды. Өзгелерді жамандықтан тыйып, жақсылыққа шақыруға тырысады. Ал жұрт сенің айтқаныңды тыңдау үшін сен елдің алды болуың керек. Мұсылманшылықтың тек мешітке барып келумен шектелмейтінін өз әрекетіңмен түсіндіруің қажет. Төменде момын адамның жұмыстағы пайдасына байланысты ойда бар нәрселерді теріп жаздым. Жұмыс беруші үшін – жарнама, жұмысқа тұрушы үшін – қамшы. 1. Ол жұмысқа кешікпейді. Дәл қазіргі уақытта таң намазы алтыға сәйкес келеді. Таңғы уақыттың берекесін түсінген адам бамдаттан кейінгі мезгілді ұйқымен өткізбесе керек. Ал азанғы алтыда оянған адамның тоғыздағы жұмысқа кешігу ықтималдығы өте төмен екені түсінікті. 2. Ол тіліне берік болады. Себебі, мұсылманшылықта «он күнәнің тоғызы тілден» екені анық айтылған. Тіліне берік адам өтірік айтпайды. Сондықтан ол бірді-бірге соғу, кінәсі болса, жуып-шайып, қатесін өзгеге аудара салу екілді ұжым үшін зиянды әдеттерден аулақ болады. Істемегенін істедім, істегенін істемедім демейді. 3. Ол ғайбат сөйлемейді. Әріптесін сыртынан жамандамайды. Бастығына екіжүзділік етпейді. Ішкі интригалардан аулақ жүруді жөн көреді. 4. Ол уәдесінде тұрады, аманатқа адал болады. Себебі, уәдеде тұрмау, аманатқа қиянат келтіру, өтірік айту – мұнафиқтықтың сипаттары. Сондықтан мұндай қасиеттерден барынша сақтануға тырысады. 5. Оның қолында қандай да бір құзірет бола қалған күннің өзінде, әділеттілік сақтайды. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және Хақ жолы осы деп әділетті» деген принципке бағынады. Осы жерде айта кетерлігі, көп адам «мұсылман мұсылманға бүйрегі бұрып тұрады, алдына екі адам келсе алдымен мұсылманның шаруасын шешіп береді, бұл алалау емес пе» деп момынның әділеттілігіне күмәнмен қарайды. Тіпті «сен дәрігер болсаң, алдыңа келген өзге дін өкілін емдемей қоясың ба не?» деп алдын-ала тон пішіп, айыптайды. Шындығында, олай емес. Әділеттілік принципі – бір іске қазылық етсең, адамдарды дініне бола алалама. Сенімі дұрыс адам мұсылмандікі бұрыс, басқаныкі дұрыс боп тұрса да істі мұсылманның пайдасына шешпейді, әділетті үкім шығарады. 6. Ол пара алмайды. Қазынаның мүлкін жемейді. Параның дүние-ақыреттегі зарары туралы жазбай-ақ қояйын. Өте ауыр. Сондықтан, иманы берік адам «заң орындары біліп қояды» деп қорықпайды, Құдай бәрін көріп тұр деп қорқады. 7. Ол айналасына пайда келтіріп жүруді қалайды. Пайда келтіре алмаған күннің өзінде, зиян тигізбейді. Ол, өйткені, «Адамдардың ең жақсысы – өзгелерге пайда келтіргені, адамдардың ең жаманы – өзгелерге қиянат жасағаны» деген хадиске амал етіп жүр. Айта берсе, көп. Дегенмен, намаз оқып, ораза тұтып жүрген адамдардың бойынан жоғарыдағы қасиеттердің бәрін көре алмай жатсаңыз, таңданбаңыз. Ол уақытпен және ықыласпен келетін қасиеттер. Шын ақиқатты іздеп жүрген адам болса, жақын арада осы сипаттарды бойына жинайтынына сеніңіз. Бірақ, адам бойындағы кемшіліктерді діннің кемшілігі деп қабылдай көрмеңіз. Екінші мәселе, өзін мүмін санайтын адамның мойнында Алланың хақысынан бөлек, қоғам алдындағы осындай үлкен жауапкершіліктер тұрғанын сезінуі тиіс. Мұсылман қателік жасаса, сөздің өзіне ғана емес, дініне келетінін түсінгені дұрыс. Ескерту: Көп адам (көбінесе бастықтар немесе оқу орнының ұстаздары) намаз оқитын кісі жұмыс уақытында намазға кетіп тәртіп бұзады деп ойлайды. Ол білместікпен айтылған сөз. Жылдың көп бөлгінде таң, ақшам, құптан намаздары жұмыс уақытынан тыс уақыттарға (9:00-18:00) сәйкес келеді. Ал күн ұзарған кезде, мәселен, осы шақтан қара күзге дейін, екінтінің өзін алтыдан кейін оқуға болады (жұмыс уақыты болған күннің өзінде, екінті – ең қысқа намаз, ары кетсе, 10 минут жұмсалуы мүмкін). Сонда жұмыс уақытының «еншісінде» бесін ғана қалады. 13:30-да кіретін бесінді «әбед» уақыты аяқталғанша бітіріп тастауға мүмкіндік былллай (бас бармағыммен тамағымды сызып көрсетіп жатырмын J). Досымның статистикасы бойынша, бір адам күніне орта есеппен 20 тал шылым шегеді екен. Оның 10-ы жұмыс уақытында тартылды деп минималды есептегеннің өзінде, әр темекіге 3 минут уақыт жұмсалса (негізі одан көп қой), жұмыс күннің құрығанда жарты сағаты жай ғана түтінге кетеді. Демек, жұмыс уақытына зәредей нұқсаны жоқ бес намазды айыптауымыз бекер боп шығады.
Пост скриптум: «Жұмысқа жауапты, қоғамға пайдалы болу үшін алдымен ар-ұят керек, мұсылманшылық «причем тут» деуіңіз әбден мүмкін. Рас, мұсылман болмай-ақ жұмысында абыройлы боп жатқандар жетерлік. Десе де, жаман адам дұрыс жолға түссе, жамандығынан тыйылатынын, жақсы адам дұрыс жолға түссе, одан да кемелдене түсетінін ұмытпаған жөн. Тұспалсөз...
|