[08.10.2009.] Қызылжарда медресе ашу-біздің басты мақсатымыз
05:05
Қызылжарда медресе ашу-біздің басты мақсатымыз дейді ҚМДБ СҚО бойынша өкіл имамы Қасымхан қажы Абдоллаұлы. Осыдан бір ай бұрын Қасымхан қажы Абдоллаұлы Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы болып тағайындалды.Осы уақыттың ішінде ол өңірдегі исламның дамуына толық талдау жүргізіпті. Наиб имам болған кезде де Қасымхан қажы өңірдегі оң өзгерістердің ортасында болды. "Қызылжар" орталық мешітінің бас имамы Солтүстік Қазақстан облысында Ислам дінін одан ары дамытуды өзіне басты мақтап етіп қойды. Тың бастамалары да баршылық. Бас имамның жоспарларымен танысу үшін Қасымхан Абдоллаұлымен кездесіп, сұхбаттасқан едім. Қасымхан Абдоллаұлы, Қызылжар өңірінде Ислам діні қалай дамып келеді. Тәуелсіздік алған жылдары біздің облыста қандай игі істер атқарылды? Аллаға шүкір, ислам діні біздің өңірде бір қалыпты дамып келеді. Тәуелсіздік алғанға дейін Солтүстік Қазақстан облысында мешіттер көп болатын. Олар Кеңес одағы кезінде қойма, спортзалға айналып, мешіттер қаланың сыртына шығарылды. Еліміздің іргетасы қаланған уақытта Жамбыл көшесіндегі ескі мешіт облысымыздың мұсылмандарына қайтарылып берілді. Соңғы жылдары жамағат жұма, айт намазы кезінде алланың үйіне сыймау кетуіне байланысты халықтың сұрауы бойынша Елбасының көмегімен, Сауд Аравиясының қаржылай қолдауымен 2005 жылы қаланың қақ ортасында зәулім "Қызылжар" орталық мешіті бой көтерді. Бірінші қабатта діни қызметкерлерге арналған бөлмелер бар. Ерекшелігі сол 250 орындық асхана мен неке залы да осында орын тепкен. Екінші қабатта мың адамға шақталған зал орналасқан. Әйелдерге орын үшінші қабаттан бөлінді. Кітапхана мен екі оқу залына кез келген адам келіп, өзінің сауатын аша алады. Өңірдегі игі істердің бірі осы.
Ал аудандарда ислам дініне қаншалықты көңіл бөлінген? Солтүстік Қазақстан облысында 13 аудан бар. Бүгінгі таңда аймақта 90 ға жуық мешіт жұмыс істеп келеді. Барлық аудан орталықтарында алланың үйі бар. Соңғы екі жылда Тайынша, Шал ақын, Қызылжар, Ақжар, Тимирязев аудандарында жаңа мешіттер ашылды. Басқа аудандарда да салынып жатыр. Мәселе де жоқ емес, Қазір бұл мешіттер тұрғындардың көмегі мен қайыр садақасына күн көріп отыр. Көп ғимараттар жөндеуді талап етеді. Шамалы еңбекақы алып отырған молдаларда бұл жұмысты атқаруға қаржы жоқтың қасы.
Тәуелсіздік алғаннан бері өңір тұрғындары имандылыққа бет бұра бастады. Қазір азаматтардың ислам дініне деген көзқарасы қандай, әсіресе жастардың бетбұрысы қуантпай қоймайтын сияқты. Біздің мешіттер ешқашанда бос қалған емес. Әрдайым бес уақыт намазға жығылып, алла тағалаға құлшылық етуге халық көп жиналады. Мың адамға шақталған "Қызылжар" орталық мешітіне қадір түні, айт мейрамы кезінде мұсылман қауымы тіпті сыймай қалады. Жастар да имандылыққа бет бұра бастады.Намаз оқып, ораза ұстап жатқандардың қатары қалың. Тіпті зекет беріп жатқандар да шығып жатыр. Қайырымдылық жұмыстарын да ұмытпайды. Ислам дінін біздің өңірде одан ары дамыту үшін қандай істерді қолға алу керек. Өзіңіздің ойыңызда жүрген жоспарларыңызбен бөліссеңіз. Көз қуантатын игі істерді жамағат күнде көріп жүр. Бірақ, осымен тоқтап қалмау керек.Елімізде 7 медресе мен "Нұр Мүбәрак" университеті бар. Осы оқу орындарына Қызылжардың жастары барып оқыса, сосын елге қайтып дінге қызмет етсе нұр үстіне нұр болар еді. Біздің мешітте қазір Түркия елінен келген ұстазымыз үлкен-кішіге дәріс беріп жатыр. Аудандарда молдалар халықтың сауатын ашуда. Білім мен насихаттың арқасында ғана ислам жаңа сатыға көтеріледі. Алла жазса, Қызылжарда да медресе ашсақ ба деген ниетіміз бар. Ол үшін мұғалімдерді шақыру керек. Елге оралатан жастар баршылық. Қазір еліміздегі медреселерде Солтүстік Қазақстанның атынан 16 бала білім алуда. Олар оқуларын тәмамдап, елге оралмақ. Үкіметтің тарапынан қаржылай қолдау болса,құба-құп болар еді. Суретте: «Қызылжар» облыстық орталық мешіті.
Тимур Ғайдарұлы, «Қызылжар» орталық мешітінің баспасөз хатшысы
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.