|
|
 | |  |
Негізгі бет » 2010 » Наурыз » 16 » Шариғат талабы Қазақ елінің даму мақсаттарына сәйкес келеді!
Шариғат талабы Қазақ елінің даму мақсаттарына сәйкес келеді! | 13:08 | Исламдық қаржыландыру басшылыққа алатын шариғат қағидаттары Қазақстанның төл даму мақсаттарына сәйкес келеді! Кеше Ислами қаржыландыруға арналған қазақстандық жиында Үкіметбасы Кәрім Мәсімов осыны жария етті. Кәрім Қажымқанұлының байламынша, ол қағидаттар «тәуекелге қатысу бөліміндегі біздің жұмысымыздың қағидаттарымен көп жағынан, мәселен, айқындылық пен жариялылыққа және басқару сапасына салмақ салу тұрғысынан ұқсас» екен. «Ең бастысы, қаржы мен экономиканың нақты секторы арасындағы байланыстар күшті, - деп санамалады өзара ұқсастықтарды Премьер. - Мұсылман елдерінде мұндай қағидаттар тек экономикалық институттарға ғана емес, сондай-ақ азаматтық институттарға да енуде». Үкімет басшысы бүкіл әлем исламдық қаржыландыруға ден қойғандығын жеткізді. Демек, мұсылман елі ретінде одан Қазақ елінің сырт қалуы - саяси қателік болар еді. - Соңғы жылдары исламдық қаржыландыру бүкіл әлем бойынша артуда, - деді Үкіметбасы К.Мәсімов, - Азияда, Парсы шығанағында және Еуропада дәуірлеуде. Ол ол ма, жаһандық экономикалық дағдарыс кезінде исламдық қаржыландыру мен оның институттары төзімділігін-мығымдығын дәлелдеді. Және де қуатты өсімдерін паш етуді жалғастыруда!» Қазақстан Үкіметі жетекшісінің пікірінше, бізде Ислами қаржыландыру үшін зор әлеует, кең өріс бар. «Мен исламдық қаржыландырудың Қазақстанда әлеуеті үлкен екендігіне толық сенімдімін. Сондықтан Үкімет қолдау саясатын және институционалдық ортаны әзірлеп жатыр. Және де қазірдің өзінде «Әл-Хилал Ислам банкін» қоса алғанда, осы нарыққа белсенді қатысып жатқан бірқатар ойыншы бар» дей келе, К.Мәсімов Ислами қаржыландыру механизмін жер-жаһан көлемінде ілгерілетіп жатқан қуатты мұсылман елдерін осы істе жас Қазақ еліне жәрдемдесуге шақырды: - Әйткенмен, келешекке көз тастасақ, біз қолға алуға тиіс ауқымды жұмыстар мен бірқатар міндеттерді көреміз. Сондықтан мен барлықтарыңызды исламдық қаржыландырудың Қазақстанда толық әлеуетіне қол жеткізуін қамтамасыз етуіміз үшін бізге көмектесуге шақырамын. Бұл ретте сіздер мемлекеттің қолдауына арқа сүйей аласыздар! - деп қорытты Премьер. Ал Үкімет басшысының орынбасары-Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев исламдық банктерге Қазақ елінің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыруға атсалысуды ұсынды. «Біз сіздерге Қазақстанның бесжылдық индустриялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға қатысуды ұсынғымыз келеді, - деді ол. - Оған біз ағымдағы жылы кірістік. Бағалаулар бойынша, қажетті инвестицияларға деген жалпы мұқтаждық 50 миллиард доллар тікелей инвестицияны құрағалы отыр». Жиында Әсет Исекешев Исламдық қаржыландыру жүйесінің өкілдеріне басым салалар ендігі іріктеліп алынғандығын, Қазақстан бұдан былай соларға күш салатындығын әңгімелеп берді. «Агроөнеркәсіптік кешен, тамақ өнеркәсібі, құрылыс индустриясы, металлургия, мұнай өңдеу, химия, мұнайхимия, инфрақұрылым және машина жасау салаларында қосымша құны жоғары өнімдерді шығаруға басымдық берілетін болады» деп термелеген Әсет Исекешев қазіргі уақытта егжей-тегжейлі «бас жоспарларды» әзірлеу ісі аяқталып қалғандығын хабарлады, бұл құжаттарда инвесторлар үшін қатысу ұсынылатын жобалар мен бағыттар көрініс таппақ. Жалпы, биылғы Жолдауында Елбасы 2020 жылға дейін Қазақстанды ТМД және Орталық Азиядағы Ислам банкингінің өңірлік орталығына айналдыруды жүктегені мәлім. Мұндағы басты бір мақсат - Исламдық қаржыландыру тетіктері арқылы Таяу Шығыс пен Оңтүстік Азия инвесторларын тарту көзделуде. «Бүгінде исламдық қаржыландыру қарқынды өсу кезеңін бастан кешіп жатыр. Сондықтан біз ынтымақтасуға мүдделіміз!» деді Индустрия және жаңа технологиялар министрі. Жиында Ә.Исекешев Қазақстанда бірінші исламдық банк - «Al Hіlal» бөлімшесі ашылып жатқандығын хабарлады. «Абу-Дабидегі әріптестерімізбен бірлесіп, «Al Hіlal» бірінші исламдық банкін ашудамыз. Қазір қажетті құжаттарды алу бағытында жұмыс жүргізілуде. Жуырда ол жұмыс жасай бастайды» деді ол. Осы орайда «Әл Хилал» банкін құру мәселесі Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында мемлекетаралық деңгейде келісілгендігін еске сала кеткен жөн. Біздің Үкіметтің осы іске шындап кіріскендігін оның банк саласындағы қазақстандық заңнаманы түбірімен өзгертіп шыққандығынан-ақ байқауға болады. Былтыр осыған сай, еліміздің Азаматтық және Салық кодекстері де өзгеріске түсіп, ислам банкингінің қанат жаюын ынталандыруға бағытталған баптармен толықты. Осылайша, тәуелсіздік жылдарынан бері тек батыстық банк жүргізу жүйесіне негізделіп келген ұлттық заңнамамыз, енді Ислами қаржыландыру жүйесіне бет бұрды. Уақыттың өзі осының дұрыс жол екендігін көрсетіп отыр: батыстық банкинг кредит беріп, оның пайызынан үстеме пайда табуды бірінші орынға қояды, сосын сол «үстемесін» уақытымен үлгертіп, еселеп бере алмаған компанияны, бар мал-мүлкін тартып алып, банкрот етуден де тайынбайтыны бар. Ал, шариғат қағидаттарына негізделген исламдық қаржыландыруда негізгі қарызға пайыз қосуға тыйым салынған, мұнда тек берілетін несие қаржы көлемінде кәсіпорынның үлесін иеленуге, сөйтіп, енші бөлісу арқылы сол өндірістің тәуекелдерін бірге көтеруге ұлықсат етеді. «Al Hіlal» банкі БАӘ-нің ең ауқатты әмірліктерінің бірі - Абу-Даби Үкіметінің құрамына кіреді екен. Оның қазақстандық бөлімшесі осы жылдың бірінші тоқсанында ашылады деп жоспарлануда. Ол Қазақстанда 2010 жылғы қаңтар айында тіркелген. Бүгінгі таңда банктік қызметтің барлық түрлерін көрсету үшін банк лицензиясын алудың соңғы кезеңі атқарылуда. «Al Hіlal» басшылығының пікірінше, бұл банктің қазақ топырағына тамыр жаюдағы мақсаты - қазақстандық «бизнес пен қоғамдастыққа исламдық банктің инновациялық шешімдерін ұсыну арқылы экономикалық өрлеуімізге және әлеуметтік дәуірлеуімізге ықпал ету» болмақ. Банктің қызметі корпоративтік секторға шоғырланбақ. «Al Hіlal Bank Kazakhstan» Басқарма төрағасы Прасад Абрахам осы қаржылық институттың Қазақстан экономикасына 1 миллиард доллар инвестиция құюға дайын екендігін мәлімдеді. Оның мәліметінше, Абу-Даби Үкіметі осынша көлемдегі инвестицияны Қазақ еліне бағыттауға ниеті барлығын растаған. Прасад Абрахам мырза еліміздегі тұңғыш исламдық банктің қазақстандық өнеркәсіпке, тау-кен өндіру саласына, сондай-ақ көлік жолдарын салу жобаларына қатысуды жоспарлап отырғандығын нақтылады. Әрине, бұл үшін ол жобалар осы банктің белгілі бір талаптарына жауап беруге тиісті. Егер ол нормативтер сақталған болса, қазақстандық ірі жобалар пайыздық жүктеме-ауыртпалығы жоқ, тиімді қаржы көзіне ие болмақ. Исламдық банк жобаларға биыл алдымен 200-250 миллион доллар бөлуді жоспарлауда, кейін ол соманы ұлғайтпақ ниетте. Бізге мәлім болғанындай, әзірге исламдық қаржыландыруға қол жеткізетін жобалар әлі анықталмаған. Бірақ банк Үкіметпен және жауапты министрліктермен талқылауға кірісіпті. Сондай-ақ «Al Hіlal Bank Kazakhstan» басшылығы біздегі бірқатар компания басшыларымен - болашақ клиенттерімен кездеспек. Істің мән-жайы, нақты жобалар мен құйылар қаржы көлемі содан кейін белгілі болады. http://www.aikyn.kz/
Айхан ШӘРІП
|
|
|
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.
© 2008-2010 Діни-танымдық сайт. [Абу Ханифа мазхабы бойынша]
Сайттағы мәліметтерді жариялаған кезде сілтеме жасалуы тиіс
Сұхбаттағы (форум), шәйханадағы (чат) жазулар мен сайттағы білдірілген пікірлер сайт көзқарасы болып саналмайды
|
|
|
|