|
|
 | |  |
Негізгі бет » 2010 » Қаңтар » 27 » Өсімсіз-ақ өседі, бәрінің түгел есебі
Өсімсіз-ақ өседі, бәрінің түгел есебі | 12:05 | Батыс пен Ислам банкінің айырмашылығы жер мен көктей. Бәріңізге белгілі - Батыс, соның ішінде біздің банктер де бар, клиент есебінен баюды мақсат тұтады. Сондықтан да қазіргідей дағдарыс кезінде батыстық үлгідегі банктердің бәрі тығырыққа тіреліп, клиенттерімен бірге пұшайман күй кешіп отырғаны. Өйткені олардың қаражаты негізінен, сауда мен жылжымайтын мүлікке салынып, алған адамдардан орасан пайыздық ставкамен қаржысын қайтарып отырумен шектелді. Дағдарыс дауылы ұрған кезде тоқтап қалған құрылыстар мен сауда банктерді де құрдымға тартып кетті. Ал исламдық банктердің бағыты мүлдем басқа, шариғаттың заңы бойынша өсіммен қарыз беру күнә болып табылады. Сондықтан да ол клиентпен бірігіп баю жолын таңдаған. Яғни олар қарыз ақша берген кезде берген несиесінің үстіне өсімақы (пайыздық ставка) қоймайды. «Бұл сонда неғылған батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық?» деген сұрақтың туындауы әбден орынды. Әрине, батпан құйрық емес екендігі белгілі, бірақ клиенттер үшін өте тиімді қаржылану көзі екендігінде сөз жоқ. Түсініктірек болу үшін қарапайым мысал келтірейік. Егер сіз ислам банкінен несие алатын болсаңыз, алған қаржыңызды белгілі мерзімде еш пайызсыз қайтарасыз. Ал банк сізге несие бергені үшін олардан алған несиеңіздің игілігін көріп, өзіңізге табыс түсіре бастаған сәттен бастап табыстың белгілі бір бөлігін алып отырады. Әрине, өмірбойы емес, белгілі бір уақытқа дейін. Яғни ислам банкі сізбен бірге үлескер болып, сіздің бастаған ісіңіздің дамуына үлес қосады. Тәуекелді де сыйақыларды да бірігіп бөліседі. Үлескер негізінде түскен табысты да сізбен бірге бөліседі. Мұндай екітарапты келісім екі жаққа да өте тиімді. Ислам банктері сондықтан да алкоголь, темекі, қару-жарақ саудасымен айналысатындар мен жеке тұлғаларға тұрмыстық немесе күнделікті өмірге қажет мұқтаждықтарды өтейтін несиелерді бермейді. Бүгінде араб елдерінде үлкен капитал жинақталғанын әлем мойындап отыр. Тек қана исламдық банктердің активтерінің өзі 750 млрд долларды құраса, жиынтық капитализация 2 трлн доллардан асады. Ђтімділік проблемасына байланысты еліміздің материалдық активтері айтарлықтай баға жағынан төмендеп қалғаны жасырын емес. Ақылды адамдар баға арзандаған кезде активтерді сатып алып, қымбаттаған кезде сатады. Бұл - қор рыногының заңы. Капиталы бар инвестор үшін қазіргі шақ нағыз іске кірісетін кезең. Исламдық қаржы институттарының бізге біздің оларға қызығушылық танытып отырғандығымыз да сондықтан. Астанада өткен исламдық қаржыландыру жөніндегі форумда қаржы вице-министрі Болат Шолпанқұлов мырза биылғы жылы еліміз исламдық құнды қағаздарды шығаруды жоспарлап отырғандығы жөнінде мәлімдеді. Ислам әлемімен қатынас жылдан-жылға дамып, екі жылдан бері біз олардың қаржы жүйесіне мықтап тұрып мойын бұрып, зерттей бастаған болатынбыз. Соның нәтижесі олар енді олардың еркін құнды қағаздарын шығаруға да қол жеткізген секілдіміз. Сукук деп аталатын құнды қағаз бағасы өзге құнды қағаздар секілді белгілі бір бағаға байланбаған. Мысалы, «ҚазМұнайГаздың» құнды қағазының бағасы мұнайдың әлемдік рыноктағы бағасына тәуелді. Ал сукук бағасы келісіммен қойылып отырады. Яғни бағасы еркін. Енді осы ислам әлемінің құнды қағазын елімізде шығару үшін біздің құқымыз бар ма? Қаржыгер-сарапшы Ілияс Исаев бұл мәселені екі жақтың - Ислам қаржы институтары мен біздің Үкіметтің арасындағы келісімге қарай жүзеге асыруға болады деп есептейді. «Ислам банкі біздің Үкіметпен бірлесе отырып, үлкен бір жобаға инвестиция құяды. Үкімет өз тарапынан құятын инвестицияға қаржы табу үшін ислам жағымен келісе отырып, олардың құнды қағаздарын халыққа немесе корпоративті секторға сатады. Ал түскен қаржы инвестиция ретінде жобаға құйылады» дейді ол. Қаржы министрлігі ұлттық заңдарға талдау жасап, оны шариғат принциптеріне қарай сәйкестендіруге болатындай зерттеулер жүргізіпті. Бұл исламдық сукук - құнды қағазын шығару үшін Қаржы министрлігінің мүмкіндігі болуы үшін қажет екен. Шолпанқұловтың айтуынша, заңдарға тиісті түзетулер мен өзгертулер енгізілгеннен кейін Қаржы министрлігі сукукты шығара бастайды. Шығарылатын исламдық құнды қағаздың көлемі 500 млн долларды құрауы мүмкін деп жоспарлануда. Біз үшін бұл рыноктың мүлдем жаңа екендігі белгілі. Ислам дінін ұстанғанымызбен әлі күнге дейін бәріміз де оның қаржы саласындағы қағидаларынан мақұрым екендігіміз де рас. Сондықтан да алдымен қаржы кеңесшілері жұмысқа тартылып, олар талдау жасап, жағдайды бажайламақ. http://www.aikyn.kz/
Алма МҰХАМЕДЖАНОВА
|
|
|
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.
© 2008-2010 Діни-танымдық сайт. [Абу Ханифа мазхабы бойынша]
Сайттағы мәліметтерді жариялаған кезде сілтеме жасалуы тиіс
Сұхбаттағы (форум), шәйханадағы (чат) жазулар мен сайттағы білдірілген пікірлер сайт көзқарасы болып саналмайды
|
|
|
|