|
|
 | |  |
Негізгі бет » 2009 » Желтоқсан » 29 » Жүз мыңдаған жетімдердің көз жасын кім сүртеді?
Жүз мыңдаған жетімдердің көз жасын кім сүртеді? | 09:54 | Балаларын тастаушы аналар көп Елімізде балалықтың базарын сезінбей, шын қуанып күле алмаған, ата-анасына еркелей алмаған сәбилер көбейіп барады. Иә, бізде жетім балалар саны көп. Туған перзентіне тасбауыр көкек аналардың кесірінен жетімдер үйінде өсіп жатқан балалардың тағдыры ешкімді де немқұрайды қалдыра алмайды. Бұл өзекке өкініш ұялатар жәйт— бүгінгі күннің ащы шындығы. Әрине, жетімдер үйі барлық мемлекеттерде бар. Алайда, қазақ —ежелде жетімін қаңғыртпаған, жесірін теңтіретпеген халық. Өркениет дамығаннан бері біздің елде де жетімдер үйі, қариялар үйі қаптап кетті. Әрине, бұл тек жеке бастың емес, қоғамның қасіреті, трагедиясы. Балалық атты әлемде қатыгездікке жол, зорлыққа орын жоқ. Өкініштісі, мына жарық дүниеге келмей жатып, тағдыр тәлкегіне тастап кеткен анасының қатыгездігін сезінген бала мына жалған дүниеде зорлық, жауыздықтың да орын алатындығын тым ерте сезініп өседі. Қорғансыз баланың отбасында, қоғамдық орында қорлық не зорлықты көріп, бұл өмірден алыстап қалуы, өкінішке орай, әлемнің барлық елдерінде әлі де болса жиі орын алатын қауіпті құбылыс. Адамзат санасын уақыт билеген қазіргі нарық заманында үлкендер баланың ішкі сырына көңіл бөле бермейді. Деректерге сүйенсек, республика бойынша 46000 мың ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балалар тіркелген. Бұл— жетімдер жөніндегі ресми дерек. Бейресми деректерге келсек, жыл сайын елімізде 100 мыңнан астам бала ата-анасы бола тұра олардың қарауынсыз қалуы салдарынан кезбе-қаңғыбастыққа салынады екен. Перзент деген ұғымның қадірі кеткен заманда құл-қоқыс арасынан да сәбилер табылып жатады. Бір ғана Алматы қаласының өзінде жетім бала саны үстіміздегі жылы 1439-ға жетіпті. Алайда, бұл да нақты көрсеткіш емес. Себебі, ешқандай ресми және бейресми деректер еліміздегі жетім бала санын нақты бере алмайды. Арасында нағыз тұл жетімдері де бар. Көпшілігі әке-шешесі тірі бола тұра тастанды және тірі жетім. Әртүрлі себептерге байланысты әке-шешелік құқығынан айырылғандардың да балалары мемлекетіміздегі жетімдер үйінде тәрбиеленуде. Сонымен қатар, өмірге мүгедек болып келгендіктен ата-анасы бас тартқан балалармен қоса материалдық жағдайына және ата-анасы түрмеде жазасын өтеуіне байланысты уақытша өткізілген балалар да жеткілікті. Уақытша өткізілген балаларды ата-анасы жағдайын жақсартқан соң алып кетеді екен. Көбіне жалғызбасты аналар шарасыздықтан осындай қадамға баруға мәжбүр болады. Алматы қаласында жалғызбасты аналарға және уақытша өткізілген балаларға арналған «Үміт» балалар үйі де бар. Жетім балалардың жағдайын білу мақсатында Алматы қаласындағы сәбилер үйіне бас сұғып, бас дәрігерлермен сұхбаттасқан едім. № 1 Алматы қалалық сәбилер үйінің бас дәрігері Гүлнәр Амангелдіқызы: «Қазіргі таңда бізде 43 бала бар. Соның 28-і мүгедек. Негізінде осындай болашағы жоқ мүгедек балалардан ата-анасы бас тартып жатады. Оның себебіне келсек, мұндай дерті қиын балалардың анасы жұмыс істемей, үйде отырып, баласына қарауы керек. Ал оның басқа да дені сау балалары бар. Оларды бағып, адам қатарына қосу үшін жұмыс істеуі тиіс. Жалғызбасты аналар және отағасының жалақысы жетпей, жұмыс істеуге мәжбүр болған аналар қиналғандықтан мүгедек балаларынан бас тартып, жетімдер үйіне өткізеді. Әрине, олар сонымен мүлде жоғалып кетпейді. Баласының туған күні, балалар күні келіп немесе анда-санда телефонмен хал- жағдайын біліп тұрады»,— дейді. Жалпы мүгедек балалардың арасында ақыл-есі кем, яғни симпатиялық эпилепсия, дауна, әртүрлі бас миы ақауларына ұшыраған балалар көптеп кездеседі. Сәбилер үйінде бала 4 жасқа дейін ғана тәрбиеленетіндіктен, жасы келгенде дені сау балалар интернатқа жіберілсе, мүгедек балалар мүгедектер үйіне орналастырылады. Үкімет ешқашан да жетімдер жағдайын назардан тыс қалдырған емес, жыл сайын еліміздегі барлық жетімдер үйіне қыруар қаржы бөліп отырады. Бас дәрігер Гүлнар Амангелдіқызының айтуынша, 2008 жылы 7 2 миллион 650 мың теңге бөлінсе, 2009 жылы 81 миллион 972 мың теңге бөлінген. Осы қаржыға балаға қажетті тамақ, киім, дәрі-дәрмектер алынады және баланы тәрбиелеп, денсаулығын қадағалап отырған қызметкерлерге ай сайын жалақысы төленеді. Қазіргі таңда барлық балалар үйінде бала дәрігері, медбике, жоғары білімді тәрбиешілер, логопед, бала психологы қызмет етеді. Осыдан екі-үш жыл бұрынғы жағдаймен салыстырып қарасақ, балалар үйіне бала түсу азайған. Сол себепті де көптеген балалар үйінде сәбилер саны да біршама қысқарды. Қазіргі таңда мұнда негізінен ата-анасы бас тартқан мүгедек балалар көп түседі екен. Мұның себебін бас дәрігер Гүлнәр Амангелдіқызы былай деп түсіндірді: «Кейінгі жылдары БАҚ арқылы сақтандыру шараларын кеңінен насихаттайтын жарнамалардың көптеп берілуінен және мектепте, жоғары оқу орындарында валеология пәні оқытыла бастағандықтан да жоспарланбаған жүктілік азайды. Сондықтан да балалар үйіне сәбилердің түсуі де қысқарды. Бұл— әрине, жақсылық нышаны». Біз барған балалар үйлерінде өзіміздің қаракөз сәбилеріміздің үлес салмағы көп екен. Алайда орыс, кәріс, т.б. ұлт өкілдерінің балалары да кездеседі. Мұндағы балалардың мемлекеттік тілде тәлім-тәрбие алып жатқанына куә болдық. Мүгедек балалардың өзінің бір-бірімен жарыса бала тілімен қазақша тақпақ, ән айтып, өнерін көрсетуге талпынғанын көргенде, немқұрайды қалу мүмкін емес.№3 қалалық сәбилер үйіне келсек, мұнда 66 бала болса, оның 65 пайызы қазақ екен. Ал отыз пайызы орыс және бес пайызы ұйғыр, өзбек, қырғыз ұлтынан. Аталмыш балалар үйінің бас дәрігері Ләтипа Хамзақызы: «2009 жылы бізге 110 миллион теңге бөлініп, сол қаржыға балаларға қажеттінің бәрін жеткілікті алдық. Бұрынғыға қарағанда, осы кезде бізге жетім сәбилердің түсуі азайды деуге болады. Керісінше ауру балаларын тастап жатқан ата-аналар көп. Сол себепті де мұнда мүгедек балалар саны басым. Біз биыл 3 баланы мүгедектер үйіне, тағы 3 баланы ақыл-есі кем балаларға арналған «Жанұя» балалар үйіне өткіздік. Әрі жылына сол мүгедек балалардың 2-уі көз жұмады»,—дейді. Шынтуайтына келгенде, дәрігерлердің айтуынша, елімізде тұқымқуалаушылық дертінен, экологияның нашарлауынан және көптеген ерлі-зайыптылардың маскүнемдікке, нашақорлыққа салынуының салдарынан келешегі жоқ мүгедек балалар өмірге жиі келетін болды. Әрине, бұл да дабыл қағатын қоғамның қасіреті. Ғасыр дерті балалар үйін де торлады
Егер де бұрын еліміздегі балалар үйінде XXI ғасыр дерті —СПИД-ке ұшыраған балалар болмаса, ал 2006 жылдан бастап осы ауыр дертке шалдыққан балалар да көптеген жетімдер үйіне орналастырылды. Мәселен, №1 сәбилер үйінде әртүрлі деңгейдегі СПИД-пен ауыратын екі ұл бала тәрбиеленуде. Олар туғаннан осында. Біреуі үш жаста болса, екіншісі 8 айлық қана. Олардың ата-анасы СПИД орталығында тіркелген.№3 сәбилер үйінде де осы дертпен ауыратын 2 бала өсіп жатыр. Екеуінің де әкелері жөнінде дерек жоқ. Ал аналары спидорталығында тіркелген және балаларынан бас тартқан. Алдыңғы балалар үйіндегі сәбилер тәрізді бұл балалардың да дерті әртүрлі деңгейде. Біреуінің анасы ауру болғанмен, сәбидің СПИД-ке ұшырағаны әлі белгісіз, ал екі жасар Ленаның дерті нақты болғандықтан да күніне бірнеше дәріні үзбей ішеді. Әрі оларға дәрісін уақытысында бермесе, өміріне қауіп төнеді. Бас дәрігер Ләтипа Хамзақызы: «Бұл балалар бізге туа салып түсті. Содан бері өзіміз бағып келеміз. Енді оларды 4 жасқа толған соң қайда апаратынымды білмеймін. Бұрын бізде мұндай дертпен ауыратын балалар болмайтын. Тек 2006 жылдан бері 4 бала осы дертпен түсті. Соның 2-ін өз ата-анасы қайта алып кетті»,— дейді. Мұндай балалардың негізінен нашақорлар мен жезөкшелерден туатындығы да жасырын емес. Әрине, Шымкенттегі адам шошырлық жағдай тәрізді медициналық тәртіптің сақталмауынан да ине арқылы сәбилерге осы қорқынышты дерттің жұқтырылуы орын алады. Бұл— сөз жоқ, ақ халатты абзал жандар деп жүрген медицина қызметкерлерінің атына кір келтірер жәйт және болашақ ұрпақ алдындағы үлкен қылмыс. Осы сұмдық жағдайға кінәлі адамдар жазасын алғанмен де қаншама сәбилердің тағдыры бүлінді. Неге үлкендердің жауапкершілігінің жоқтығынан бейкүнә сәбилер азап шегуі қажет? Бұл балалардың құлап, жарақаттанбауына да аса қатаң мән беріледі. Ай сайын СПИД орталығындағы мамандарға көрсетіліп, 3 айда бір қанын тексертіп тұрады екен. ҚР заңына сәйкес, СПИД тек қан, жыныстық қатынас арқылы берілетіндіктен де бұл сәбилер өзге дені сау балалардан оқшау ұсталмайды, бір топта бірге ойнап жүреді. Тәрбиешісінің қолынан ұстап, серуендеп жүрген сырт көзге дені сау балалардан еш айырмашылығы жоқ Ленаға назарым түсіп, «ащы-тұщысы көп мына өмірге келіп, көзін ашпай жатып, ата-анасының жауапкершілігінің жоқтығынан тағдыры бүлінген бейкүнә сәбидің болашағы не болмақ?»— деген ойда қалдым. Бұл тек баланың қасіреті емес, қоғамның жан жарасы. Бала асырап алушылар қатары өсуде. Бірақ ...
Біздің мемлекетіміздегі балалар үйінде жетім балалар санының азаюына сәбилерді асырап алушылардың санының күрт өсуі де бірден- бір себеп болып отыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын өзіміздің қазақстандық азаматтармыздан гөрі шетелдіктер қаракөз балаларымызды көптеп асырап алатын. Себебі, ол кезде біздің халықтың менталитеті оған дайын емес еді. Қазіргі уақытта өз елімізде де бала асырап алушылар қатары көбеюде. Олардың басым бөлігі қазақтар. Статистикаға сүйенсек, осы күні қазақстандық жанұялардың 15 пайызы перзент сүймеген екен. Ал қазіргі таңда республика бойынша 35000 сәби ата-анасы тірі бола тұра жетім атанған. Яғни, тастанды балалар. Сонда қаншама жанұя перзент сүю бақытына жете алмай, бір сәбиге зар болып жүрсе, керісінше қаншама безбүйрек ата-аналар өз құрсағынан шыққан баласын өмір тәлкегіне лақтырып кеткен. Әрине, бұл ойланатын жағдай. 1998 жылдың желтоқсанында «неке және жанұя» жөнінде ҚР заңы шыққан сәттен бастап елімізде шетелдіктерге қазақ балаларын асырап алуға жол ашылды. Кейінгі бес жылдың ішінде 4 жарым мың қарагөз жетімектерімізді шетелдіктерге сатып жіберіппіз. Бұл «өзіміздің азаматтарымыздың арасында бала асырап алушылар жоқтың қасы болғандықтан да шетелдіктерге тәрбиелеуге беріп жатырмыз» деген сылтаумен жүзеге асырылды. Сонда өзіңіз ойлап қараңыз, 1998 жылдан бері қаншама қазақтың баласының тілі басқа тілде шығып, туған елінің рухынан, дінінен сусындап, ұлттық тәрбие алу мүмкіндігінен айырылды. Олардың есейген соң қазаққа қызмет етпейтіндігі айтпаса да түсінікті. Біз балаларымызды көкірегінен итермей, өзіміз тәрбиелеп, туған елінің игілігіне қызмет жасайтын азамат қып өсіруіміз қажет. Халықтың үміті— қаракөз сәбилеріміздің мұхит асып, өзге ұлттың азаматына айналып, ана тілінен, туған жерінің дәстүр-салтынан мақрұм қалғандығы—ұлттың үлкен трагедиясы. Сөз жоқ, қандас бауырларымызды өзге ұлтқа бала қып бергеніміз—үлкен кешірілмес қателік. Ол бейкүнә сәбилердің өзін жақсы көретін туған ата-анасы болмағанмен де оның жоқтаушысы халық емес пе? Бұл қазіргі таңда қазақ халқы үшін демографиялық жағынан да тиімсіз. Әрине, осы мәселеге байланысты елімізде көптеген беделді азаматтар қарсы шығып, өзіміздің қаракөз қазақтың балаларын шет елге асырап алуға беру дұрыс еместігін, өз сәбилерімізді өзіміз бағуымыз қажеттігін айта отырып, бұл ұлтымыздың, ұрпағымыздың генінің бұзылуына әкелетіндігін ескертті. Бұл жерде айта кететін нәрсе, туған жерінен шалғай кеткен балалардың біразы шын мәнінде жақсы жанұяға түсіп жатса, ал кейбір балалардың үйде қорлық-зорлыққа тап болып немесе кейде шет елге адам мүшелерінің доноры ретінде асырап алынатындығы жайлы кезінде БАҚ-да жиі айтылды. Бұл— әрине, сұмдық жағдай. Шет елге асырап алынған сәбилердің кейінгі тағдырын, әрине, үкімет, министрлік, қалалық білім беру басқармаларының бала асырап алу мәселесімен айналысатын бөлімдері қатаң бақылап отыруға тиісті. Алайда, оның қаншалықты жүзеге асып жатқандығы белгісіз. Қазірде шет елдіктерге балаларды беру мүлде тоқтатылған жоқ. Дегенмен де өзіміздің азаматтардың арасында да баланы асырап алуға ниет білдірушілердің көбеюіне байланысты шет елден баланы асырап алушылар саны да қысқарды. Өз сәбиі болмағандықтан да бір жетім баланы бауырына басуға ниет білдірген ерлі -зайыптылардың екеуі де қатаң тексерулерден өтіп, әртүрлі мекемелерден көптеген анықтама-құжаттар жинап, өткізіп, тек содан кейін ғана арнайы рұқсат қағаз алады. Мәселен, болашақ ата-ананың екеуі де психо-наркологиялық диспансерлерден және т.б. көптеген анықтамалар алуға міндетті. Сонымен қатар, баланың ата-анасының үйі әрі сол үйге тіркелгені жөнінде және жұмыс орнынан жалақысы жайында да анықтама талап етіледі. Содан кейін ғана барып қолдарына көптен күткен жолдаманы алып, балалар үйіне келіп, сәби асырап алуға кезекке тұрады. Себебі, барлық асырап алушы ерлі-зайыптылар мүгедек, ауру баланы алғысы келмейді. Ал мұнда дені сау балалар өте сирек кездеседі. Сондықтан да өз ұлтынан және дені сау баланы күтуге тура келеді. Кейде оған бірнеше жыл қажет болады. Біздің елдегі жетімдер үйіне баланы асырап алуға күйеуге шықпай қалған жалғызбасты қыз-келіншектер де көп келеді екен. Болашақ ата-ананы қалалық білім беру басқармасындағы арнайы бөлім толық тексеруден өткізеді. Бұл жүгіріс оларды шаршатқанмен де баланың қауіпсіздігі, баланың мүддесі үшін аса қажетті шара. Тағы бір айта кетер мәселе, кейінгі жылдары балалар үйінде, интернаттарда патронат жүйесі де енгізілді. Барлық дамыған мемлекеттерде, Ресейде де бұл асырап алу түрінің жүзеге асқанына біраз жыл болды. Ал біздің елде жақында ғана тәжірибе жүзінде қолданыла бастады. Яғни, баланы жанұя уақытша қамқорлыққа алып, тәрбиелейді. Оларға үкімет тарапынан ақша төленеді. Көп жағдайда отбасы балаға бауыр басып кеткендіктен, оны асырап алуға тілек білдіріп жатады. Алайда, патронат жүйесінің бір кемшілігі— бала асырап алушы отбасында қалмай, балалар үйіне қайтарылса оның жүйкесіне, жан дүниесіне кері әсер ететіндігі ескерілмеген. Жетімдер үйінен жаңа отбасына келген бала жаңа ортаға үйреніп, өзін ата-анасымен, бауырларымен тұратындай сезіне бастайды. Ал жетімдер үйіне қайтып келген соң бәрі де ертегідей баз қалпына түседі. Бұл бір жағынан баланың мүддесін таптап, қиянат жасағанмен бірдей. Себебі оның нәзік психологиясы мұны көтере алмауы мүмкін. Алайда, бұл жүйе де біздің елге енгізіліп кетті. Қазіргі таңда республика бойынша 87 бала патронат әдісі бойынша жанұяларда тәрбиеленіп жатыр. Оның нәтижесін уақыт көрсетеді. Егер де әрбір бала осылай өз отбасын тауып жатса, бұл құптарлық іс болар еді. Бала сүю—арманым
Осы мақаланы жазу барысында бала асырап алғысы келетін екі әйел адаммен танысып, сөзге тарттым. Олар аты-жөндерін атамай беру шартымен өз өмірбаяндарынан сыр шертті. Сол себепті де есімдерін өзгертіп беріп отырмын.Айжан, 31 жаста: — Тұрмысқа шыққаныма алты жыл болды. Алайда, баламыз әлі жоқ. Отбасын құрғаннан кейін баламыз болмағандықтан, бір жылдан соң дәрігерлерге барып тексеруден өттік. Сонда күйеуімнің сырқаты бар екенін білдік. Ал бұрын менде, өзі де білген жоқ. Жолдасым Ресейде туып-өскен азамат. Кезінде әскерде борышын өтеп жүргенде, суасты атомдық-сынақ сүңгуір қайығында қызмет етіп, радиация алған екен. Егер оны жолдасым ертерек білгенде емделер еді, сонда ешқандай ақауы қалмауы да мүмкін еді. Дерті белгілі болған соң біраз жыл емделді, нәтиже болмады. Содан жолдасым екеуіміз ақылдасып, бала асырап алайық деген шешімге келдік. Сәбиді кішкентайынан асырап алсақ, өзіңнің туған балаңнан кем болмайды. Сөйтіп, екі жыл бұрын жодасым екеуіміз де бүкіл құжаттарды жинап, содан соң ғана жолдаманы алып, балалар үйіне тапсырдық. Алайда, ол кезде дені сау бала болмады. Ал ауру баланы асырап алып, емдеуге біздің жағдайымыз жоқ. Сол себепті де тек ақшасы бар шет елдіктер ауру балаларды асырап алып жатады. Одан кейін өзіміздің де отбасылық жағдайға байланысты баланы асырап алуға мүмкіндігіміз болмай, балалар үйіне хабарласпай кеттік. Міне, бүгін тағы сол мәселемен келіп отырмын. 3 жастағы қазақтың қызын асырап алғымыз келеді. Енді жолымыз болып, жақын арада балалы боламыз деген үміттемін.Аида, 36 жаста: —Тұрмысқа шыққаныма 20 жыл болды. Жолдасым, 16 жасар қызымыз бар. Біз тағы екі-үш бала сүйгіміз келеді. Бірақ қызымды босанғанда, дәрігерлердің жіберген қателігінен бедеулікке ұшырадым. Ұзақ уақыт емделдім. Бірақ көмегі тимеді. Ал уақыт болса өтіп жатыр. Содан күйеуім екеуіміз бір ұл бала асырап алайық деген шешімге келдік. Әрине, бұл оңай шешім болған жоқ, біз өзімізді бес жылдан бері осы қадамға дайындап келдік. Себебі, біздің елдің менталитеті оған дайын емес, көп жағдайда асыранды балаларды қолмен шұқып көрсетіп жатады. Дегенмен де бала алуға қажетті құжат-анықтамалардың бәрін жолдасым екеуіміз жинап, рұқсат қағазды алдық. Қуанышымыз қойнымызға симай, балалар үйіне келіп, көп ұзамай өзіміз қалағандай сүп-сүйкімді 6 айлық ұл баланы таптық. Оны бір көргеннен-ақ біздің баламыз деп іштей шештік. Баланы бізге беру жөнінде соттың шешімі де шықты, тек заң бойынша ол екі аптадан кейін ғана күшіне енеді. Қазір үйішімізбен балаға келіп, жақынырақ танысып, үйренісіп жатырмыз. Жақында біржола үйге алып кетеміз. Әрине, мен бұдан басқа да балаларымның болғанын қалаймын. Жалпы халықта «егер әке-шешесінің мейірімінен айырылған баланы бауырына басып, аналық бүкіл сүйіспеншілігіңді беріп өсірсең, Алла саған тағы бала береді» деген сөз бар. Мүмкін келешекте өзім де дүниеге перзент әкеліп қалармын. Егер олай болмаса, сәбилер үйінен тағы да бала асырап алуымыз әбден мүмкін. Қысқасы, сәбилер үйіндегі әрбір бала өздерін жақсы көретін тәрбиешілерге қарамастан, мейірімге, ата-ананың сүйіспеншілігіне зәру. Сол себепті де болар, жетімдер үйінің табалдырығын аттағандарға үмітке толы жәудіреген көздерімен қарайды. Мұндағы әрбір сәби анасы бір күні келіп, өздерін алып кететініне сенеді. Сол күнді асыға күтеді.Әрине, жетім балалар жағдайы қашанда өзекті мәселе. Оның артында қаншама балалардың тағдыры тұр. Қорғансыз бүлдіршіндерді асырап алуға ұмтылған адамдардың қатарының өсуі де көңілге демеу ұялатады. «Жетімдер үйінен арылар күн туар ма екен?»— деген ауыр оймен сәбилер үйінің табалдырығынан кері аттадық.10.12.2009 МИРА МАЙШЫҒҰЛОВА Қазақстан-Заман
|
|
|
| Барлық пікірлер: 2 | | |
30.Қаңтар.2012
2. Айдана

Мен жетім бала деген сөзді естісем болды, жылағым келеді. Бірақ оларға қалай көмектесерімді білмеймін. Қазақ жетімін жылатпаған халыққой. Бәріміз жабылып сол көзі мөлдіреп, жасқа толған балаларға көмектесейік ағайын!!!
|
[ пікірдің сілтемесі]
|
06.Ақпан.2011
1. Алия

Мен өзім балалар үйінде жұмыс істедім. Балғындардың көз жасын көргенде жүрегін сыздайды.Болашақта менде бала асырағым келеді,кішкене болса да қамқор болып жанұялық бақыт сыйлассақ.
|
[ пікірдің сілтемесі]
| | |
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.
© 2008-2010 Діни-танымдық сайт. [Абу Ханифа мазхабы бойынша]
Сайттағы мәліметтерді жариялаған кезде сілтеме жасалуы тиіс
Сұхбаттағы (форум), шәйханадағы (чат) жазулар мен сайттағы білдірілген пікірлер сайт көзқарасы болып саналмайды
|
|
|
|