ӨЗГЕ ҰЛТ ПЕН ДIН ӨКIЛДЕРIНЕ ҚАЛАЙ ҮЛГI БОЛАМЫЗ? Ежелден аттың жалында, түйенiң қомында көшпелi ғұмыр кешкен қазақ халқының өзiне тән жақсы қасиеттерi аз емес. Атап айтсақ, батырлық, батылдық, ойшылдық, шешендiк, намысшылдық, iзеттiлiк, кiшiпейiлдiлiк, қонақжайлылық сынды туа бiткен қасиеттерi жетерлiк. Өкiнiшке орай, өсекке жақынбыз, бiр-бiрiмiздi көре алмаймыз жамандаса қосылып жамандаймыз заман ағымына қарай, кейiннен ұлтымыздың бойынан бiршама жүре бiткен кемшiлiктер де табыла бастады. Солардың бiрi атам қазақтың бойында болмаған, халқымызға жараспайтын, ер азаматтың абыройын төмендететiн жаман қасиет - ғайбат айту, бiреудiң сыртынан өсектеу. Жасыратыны жоқ, өсекке, ғайбатқа құмар, бiреудi сыртынан жамандап, жаны жай табатын қандастарымызды, өз бауырларымызды күнделiктi өмiрде көптеп кездестiретiн болдық. Қазiргi кезде Аллаға тәуба, елiмiз дамып, өркендеп, демократиялы, зайырлы мемлекет болды. Бiрақ, көптеген көкiрегi қуыс, түсiнiгi таяз азаматтар осы демократияны, сөз бостандығын аузыңа не келсе соны айту, елдi, әсiресе, басшыларды, билiктегiлердi ғайбаттауға ашылған жол деп түсiнiп, адасып жүр. Осыншама игiлiктi, тәуелсiздiктi, жаңа өмiрдi көруiмiзге себеп болған, ел қамында жүрген абыройлы азаматтарды орынсыз кiнәләп, нақақ жала жауып, күнәға бататындар қаншама. Жалпы, ғайбат айту тек қазаққа ғана емес, бүкiл мұсылман әлемiне жат қылық, яғни, тiлмен болатын ең үлкен күнә болып табылады. Бiр адамның атын атап, өзi жоқ жерде тiл тигiзу, оның тарапына жағымсыз пiкiрлер айту, мысқылдау, кемшiлiгiн көрсету ең жаман қасиет. Әсiресе халыққа танымал адамды, ел басқарған азаматтарды, әкiмдi, басшыны, дiн адамдарын орынсыз ғайбаттау өте ауыр күнә, Себебi, оны кiнәлаған адам халық кұрметтейтiн азаматтың бүкiл ел алдында абырой-намысына кiр келтiрiп тұр. Ғайбаттаушы адам шын айтты ма, өтiрiк айтты ма - бәрiбiр ғайбат болып табылады. Ғайбат айтудың күнә екендiгiн Алла Тағала қасиеттi Құран Кәрiмде баяндап: «Бiр-бiрiңiздiң сырттарыңыздан ғайбат айтуларыңыз өлген бауырларыңыздың етiн жегенмен тең...» - деген. Яғни, ғайбат айтушылар бұл дүниеден өткеннен кейiн, тозаққа барғанда Жаратушы Алла Тағала оларға бiр-бiрiнiң етiн жегiзедi екен. Бiр хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Қиямет күнi болғанда iстеген iстерiңiз бен жұмыстарыңыз жазылған амал дәптерiңiз алдыңызға келер. Әлгiнi оқып, пенде айтар: «Я, Раббым, мен намаз оқып едiм, ораза тұтып, құлшылық еткен едiм. Садақа, зекет берген едiм. Ол жақсылықтарымның бәрi қайда?» - дейдi, Сонда Алла: «Иә, сен құлшылық етiп, көп сауап алған едiң. Бiрақ, адамдардың сыртынан ғайбаттап, өсек айтқаның үшiн бар жақсылықтарың өшiрiлдi. Ал сенiң сауаптарыңның бәрiн сол өзiң ғайбат еткен жанға жаздырдым», - дейдi екен. Мен тақуамын,-дейтiн көптеген адамдар мұсылманға харам саналатын шошқа етiн жеуден аулақ жүредi ғой. Бiрақ, сөйтiп жүрiп, ғайбат айтып, күнәға батып, кейiн өлiктiң етiн жеуге тап болатынын ойлап, корықпайды. Жоғарыда аталған адам қандай болды, бiз де соның жағдайына түспесiмiзге кiм кепiлдiк бередi?! Пайғамбарымыздың (с.ғ.х.) сахабасы Осмам ибн Аффан (р.л.ғ.) айтыпты: «Ғайбат, өсек айту, сөз тасу, бiр отар қой шүйгiн шөптi қырқып жеп кеткенi сияқты иманды да қырқып жоқ етедi», - деген. Сондай-ақ, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) миғражға көтерiлгенде бiр адамдардың тозақта шiрiп кеткен, сасық өлiктiң етiн жеп, жиiркенiштi иiстен қорланып, айғайлай жылап, бiрақ сонда да еттi жеуiн тоқтатпай, жатқанын көредi. Жебiрейiл (ғ.с.) перiштеден: «Бұлар кiмдер?» деп сұрағанда, ол «Жалған дүниеде бiреудi сыртынан ғайбаттап, өсек айтқандар. Олар өздерi ғайбат еткен адамның етiн жеп жатырмыз деп ойлайды. Бiрақ, Алла оларға солай көрсетедi. Шын мәнiнде бұлар бiр тананың шiрiген етiн жеп жатыр, бұл мәңгiлiк осылай жалғаса бередi», - дейдi. Кейде бiр адам екiншiге келiп ғайбат айта бастаса, оны қостап, келiсе мақұлдаған адам да күнәњар болады. Бiрде пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларымен сұхбат өткiзiп жатқанда бiр адам дәретiн жаңартып келуге шығып кетедi. Ол кеткен соң жиналған сахабалар: «Әлсiз адам екен ғой, Я, Расулулла, бiр сәтке шыдап отыра алмады, Шыдамсыздығын қара», деп ғайбат айта бастады. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Барлығыңыз да ғайбат жасадыңыздар, өлiктiң етiн жедiңiздер. Бiреудiң дәретi сағат, минутқа қарайды ма, шыдамсыздық таныта ма, танытпай ма ол өз жұмысы. Ал оның сыртынан еш ғайбат айтуға болмайды?» - дедi. Бүкiл мұсылмандардың анасы атанған пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүйiктi жары Айша анамыз (р.л.ғ. ) Ислам тарихындағы ең көп хадис қалдырғандардың бiрi. Ол барша мұсылмандарға өзiнiң даналығымен, ақылдылығымен өз өмiрiнен, кейбiр қателiктерiнен пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөздерiне сүйене отырып, көптеген өсиет қалдырған. Бiрде Айша анамыз пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) құзырында отырғанда ұзын бойлы бiр әйел өтедi. Сонда Айша анамыз (р.л.ғ.): «Ана ұзын әйелдi қара, Я, Расуулла, бойы неге сонша ұзын екен», - дегенде Алла Елшiсi (р.л.ғ.) «Түкiр аузыңдағы еттi», - дейдi. Айша анамыз (р.л.ғ) түкiргенде аузынан қан аралас ет түстi. Ал бiздiң заманымызда бiз ол қанды еттi көрмей, күнделiктi өмiрiмiзде жеп, жан дүниемiздi арамдықпен ластап жүрмiз. Яғни, өсек, ғайбат айту арқылы өлiктiң шiрiген етiн бойымызға жинаудамыз. Бұл жерде Айша анамыздың (р.л.ғ.) айтайын дегенi Алланың жаратқан адамы ұзын ба, қысқа ма, көрiктi ме, көрiксiз бе, сымбатты ма, жоқ па бәрiбiр сыртынан ғайбаттауға болмайтындығы едi. Бұл, әсiресе қазiргi кезде, әйелдер қауымына өте қажет кеңес. Тағы бiрде пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Сафия деген әйелiмен некелесер сәтте Айша анамыз (р.л.ғ,) «Сол бойы аласа, қып-қысқа әйелдi аласың ба?» - деп сұрайды ерiнен. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Сенiң бұл үлкен күнәң теңiз суының реңiн бұзып, бүлдiредi. Себебi сенiң күнәң сол теңiз суынан да көлемдi. Тәубаңа кел. Әйтпесе, күнәңнiң көптiгiнен дарияның түсi өзгерiп, тасып кетедi», - дептi. Құрметтi мұсылмандар, шынында да, өз ортамызда мұсылмандық парыздарын өтеп, намаз оқып, ораза тұтып жүргендердiң iшiнде: «Ой анау ақсақ, анау тоқсақ, анау қарынды, анау арық, анау семiз», - деп ғайбат айтуға жол беретiндер де көптеп кездеседi. Соларды шынайы мұсылмандыққа үйретiп, ғайбат айтудың үлкен күнә екендiгiн түсiндiрiп, тәлiм беруiмiз қажет, Алдымен әдеп үйренiңiз, сосын iлiм. Себебi, әдепсiздiк, бос сөз, ғайбат iлiмiңiздi жояды. Алпыс күнә тiлден келетiнi сияқты мұның барлығына кұлықсыздық себеп болады. Пайғамбарымыз өз сахабаларынан «Бiлесiздер ме, ғайбат деген не нәрсе?»-деп сұрайды. Сахабалар: «Алла және оның Елшiсi бiлер» - дейдi, Сондай пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Бауырыңыз естiп қалса, ашуы келетiн сөздi оның сыртынан айту - ғайбат. Ал сыртынан айтылған сөз ол естiген кезде қуаныш әкелсе, яғни, бауырыңызды сыртынан мақтап, жақсы сөз айтса, ғайбат болып саналмайды», - дейдi. Тағы бiр айта кетер жайт, қоғамға, адамға зиянды екенiне көзiңiз жеткен адамды ескертiп айту да ғайбатқа жатпайды. Мысалы бiр топтың iшiнде сiзбен бiрге ұры отырса, оның шынымен ұры екендiгiне сенiмдi болсаңыз, ол шығып кеткен кезде жұртқа хабарлап, ескерту ғайбат болмайды. Мұндайда ғайбат айтып қоймайын деп, ұрыға мүмкiндiк берiп қойсаңыз, өкiнiшке ұрындырары хақ. Мiне, бұл дәрiстер бiзге өмiрлiк сабақ болып табылады. Ал Алла харам еткен ғайбатты елеп-ескермей, мұсылманшылық жолда жүрсе де сөзiне ие болмағандар, арақты халал деп iшкендермен тең. Алланың харам еткенiн халал деп санаған мұсылман иманнан ажырайды. Мысалы, кей адамдар ғайбат айтып тұрып, бұл ғайбат емес, шындық, адамның сипаты, - деп өзiн ақтап алуға тырысып бағып, өз-өзiне фәтуа жасап, күнәға батады. Иманнан ажыраудың азабы өте қатты. Сол бiреудiң сыртынан айтылған ғайбатты естiп, оны сол адамға жеткiзiп: «сенi бәленше солай деп айтты», - деу Қағбаны бұзғаннан да ауыр күнә. Тағы бiр хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ғайбат зинадан да ауыр күнә, себебi, зинаны Алла бiледi. Пендесi өзi қылды, жылап тәуба еттi, Алла кешiредi. Ал ғайбаттың соңы өте ауыр. Ішке харам кетедi, адамдар арасында ренiш болады, мұсылмандар арасына жiк түседi», - деген, Кейбiр мұсылмандар бiр бауырының асын iшiп, дастарқанынан дәм татып кеткен соң, ғайбат айтып жағымсыз әрекетке барып жатады. Немесе бiреудiң тойына, қуанышына келгенде бiр кемшiлiк iздеуге келедi. Бұл да үлкен күнә. Ал кiмде-кiм бiреудiң жақсылығын асырып, жамандығын жасырып, абыройын асқақтатып жүрсе, ондай адамдар үлкен әрекеттiк терiс жол екенiн көрсеткендер Алла ризашылығына бөленедi. Туысының, бауырының абыройына көмек берген адамға Алла қияметте көмек бередi. Сол себептi, құрметтi ағайын, мұсылман қауым, намазымыздың, құлшылығымыздың, оразамыздың, қажылығымыздың сауаптары сақталуы үшiн ғайбат айтудан аулақ болайық. Елiмiзде қаншама ұлт, қаншама дiн өкiлдерi бар. Егер өзiмiз өзiмiздi қаралап, табаласақ, олардың бiзге деген көзқарасы қандай болмақ?! Оларға қандай өнеге көрсетемiз, «Бiз қазақпыз», - деп қалай мақтанамыз?! Бiреудiң айыбын көрсек, жалпақ жұртқа жария етпей, ол адамға жеке жерде түсiндiрiп, қателiгiн көрсетейiк. Дұрыс жолға салайық. Егер сiз бiреудiң абыройын қорласаңыз, қияметте Алла сiздi азаптап қорлайды. Егер аман-сау кезiмiзде қателiгiмiздi түсiнiп, кешiрiм сұрасақ, Алла тағала мейiрiмдi және кешiрiмдi. Сондықтан осы өмiрде жер басып жүрген кезiмiзде, кеш қалмай, бiлiп, бiлмей жасаған қателiктерiмiз үшiн Алла тағаладан кешiрiм сұрайық, тәубамызға келейiк! Тыныштық қажы ЯХИЯҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасының Семей өңiрiндегi өкiл имамы. Шығыс Қазақстан облысы.
|