Ислам - әмбебап дін - Білгенге маржан - Қазақша мақалалар - Діни мақалалар - Бала-Бүргемге қош келдіңіз
Жұма, 10.Ақпан.2012, 21:44
негізгі бет
· RSS
сайт мәзірі
соңғы діни мақалалар
•  ОРАМАЛ ТАРТҚАН – ЕРСI, АЛ КIНДIК АШҚАН ШЕ?
•  Азия парктен жік шықты, екі құлағы тік шықты
•  Сапар айы (Сафар айы)
•  Шіркеу қазақша сөйлей бастады. Бұл нені аңғартады?
•  Фиқһ әл-ғибадат
•  Желтоқсан – жанымның жарасы
•  ОБЛЫСТАҒЫ БАСТЫ МӘСЕЛЕ - ДІН МАМАНДАРЫНЫҢ ТАПШЫЛЫҒЫ
•  Құрбан айт намазы
сауалнама
Намаз оқуыңа не кедергі?
Жауап берілді: 803
 Діни мақалалар
Негізгі бет » Мақалалар » Қазақша мақалалар » Білгенге маржан


Ислам - әмбебап дін
null  Ислам - әмбебап дін
«Кімде-кімге Аллаһ жақсылық қаласа,  оны дінді түсінетін етеді...»
Әл Бухари және Муслимнен  
Аллаһ Тағала адамзат баласына әр түрлі замандарда пайғамбарлар жіберіп отырған. Пайғамбарлар адамдарға бір Аллаһқа құлшылық етуді бұйырып, Оған серік қосудан тыйған. Әр пайғамбар өз қауымына ғана жіберілген. Ал ең соңғы пайғамбар Мухаммәд саллә Аллаһу ъаләйһи уә сәлләм бүкіл адамзат баласына ақырзаманға дейінгі пайғамбар болып жіберілген. Сондықтан Аллаһ Тағаланың барша адамға, барша заманға арнап жіберген діні Ислам тек құлшылықтар жиынтығы емес, өмір сүру жолы болып табылады. Жаһанды жаратқан Жаратушы оған қай заманда не қажет екенін дөп басып білетіні түсінікті. Олай болса, Ислам діні заман өткен сайын ескіріп емес, керісінше жаңарып, жан жақты қырлары ашылып, өз қатарына түрлі ұлт өкілдерін жиып, ғылым мен білімде зор табыстарға қол жеткізген тұлғаларды таң қалдырып, өзінің ақиқаттығын мойындатуда.
Соңғы кездері елімізде көзі ашық орта және жас буынның имандылыққа бет бұрып келе жатқаны байқалады. Қуанарлық жайт. Алайда, кейбір жастарымыздың дін туралы түсініктері тым шектеулі екендіктері жасырын емес. Дініміздегі маңызды нәрселерге мән бермей, құлшылықтың кейбір түрлерімен шектелу, сондай ақ, ішкі дүниеге көбірек көңіл бөлудің орнына сыртқы түрге баса мән беру мәселелері мұсылмандар арасында жиі кездесетін жағдайға айналып бара жатқандай... Дінге бет бұрған бауырларымыздың бағыты бұндай болса, беттері «бері бұрылмаған» бауырларымыздың түсінігі бұдан қаншалықты алшақ екенін түсіну қиынға соқпаса керек. Сондықтан да осы олқылықтың орнын сәл де болса толтыру ниетімен Ислам дінінің тіршіліктің түгел саласын түбімен қамтитын түпкілікті тұғыр екенін сөз етпекпіз... Ұлы Аллаһ өзінің қасиетті кітабында: «Саған барлық нәрсені баяндайтын етіп Кітапты түсірдік» дейді. (Нахыл сүресі, 89-аят.) Яғни, Құраннан біз өзімізді мазалайтын негізгі сұрақтардың бәріне жауап таба аламыз. Ал Құран әмірлерін іске асырудың жолын біз пайғамбарымыздың сүннетінен үйренеміз.  
Аллаһтың адамзатқа арнап түсірген қасиетті кітабының алғашқы аяттары «Оқы!» деп басталады. Ендеше Ислам бізді сонау жетінші ғасырдан бері ғылым-білімге, оқып үйренуге шақырып келеді. Аллаһ тағала: «Өздеріне білім берілгендердің саған Раббыңнан түсірілгеннің хақ екеніне және Мақтаулы, Үстем Аллаһтың жолына салатынына көздері жетеді» дейді. (Сәбә сүресі, 6-аят ). 
Сондай ақ: «Аллаһ сендерден иман келтіргендер мен білім берілгендердің дәрежелерін көтереді» дейді. (Мужәдәлә сүресі,11-аят). 
Әбу Муса, Аллаһ одан разы болсын, пайғамбарымыздың, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай дегенін жеткізеді: «Құранды әрдайым оқыңдар. Өйткені ол, жаным қолында болған Аллаһпен ант етейін, түйелердің шешілгенінен де тез шешіліп (ұмытылып) кетеді». Хадисті Әл Бухари риуаят еткен. 
 Құранды оқи отырып «жер бетін кезіп ойланыңдар», «ойланатын қауым үшін», «ақыл иелері үгіт алады» тағы да осыған ұқсас тіркестерді көп кездестіреміз. Ал «ақыл» деген сөз Құранда 49жерде келген. «Ақыл иелері» деген тіркесті Аллаһ Тағала 16 жерде атайды. Міне, осының бәрі бізді Аллаһ Тағала басқа тіршілік иелерінен ақылмен ерекшелеп, ақылды орынды пайдалануға нұсқайтынын көрсетпей ме?!.
 Қасиетті Құрандағы Бақара сүресінің 177-аятына үңілейікші!
«Жүздеріңді шығысқа, батысқа жөнелту бір игілік емес. Бірақ, кім Аллаһқа, ахирет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе және жақсы көре тұра малын жақындарына, жетімдерге, міскіндерге, жолда қалғандарға, қайыршыларға және құл азат етуге сарп етсе, әрі намазды толық орындап, зекет берсе, өзара байласқан уәдесін орындаушы, таршылықта, қиыншылықта және соғыс кезінде сабыр етуші болса, міне солар шыншылдар, әрі солар тақуалар.»
Жоғарыдағы аяттан байқағанымыздай, мұсылман шынайы тақуалыққа жету үшін тек иманның шарттары мен құлшылықтарды орындап қоюы жеткіліксіз екен. Және ол тақулық көрсеткіші болып табылмайды екен. Аятта айтылғандарға иман келтіріп, бір Аллаһқа құлшылық етумен қатар, жақын туыстарымен жақсы қарым-қатынаста болып, өзі өмір сүріп отырған қоғамның тыныс тіршілігіне тереңнен араласу қажеттігі көрінеді. Ал олай етпеген жағдайда Аллаһ Тағаланың мына сөздерінен қорқуымыз қажет: «Кітаптың бір бөлігіне сеніп, бір бөлігіне сенбейсіңдер ме?! Сендерден кім мұндай істесе, әрине олардың жазасы дүние тіршілігінде қорлық, әрі қиямет күнінде қатты азапқа қайтарылады. Аллаһ істеген істеріңнен қаперсіз емес»  
  (Бақара сүресі, 85-аят.)  
Пайғамбарымыз: «Көршісінің аш екенін біле тұра, өзі тойып жатқан адам маған иман келтірмеді» деген. Бұл хадисті Әл Албани сахих деген. Сахихуль жамиъ 5505. 
Ал мына бір аятта Аллаһ Тағала бізден Исламның өзімізге ұнаған тұсын ғана алмай, дінді толық қабылдауымызды талап етеді: «Әй иманға келгендер! Исламға толықтай кіріңдер!» Бақара сүресі, 208-аят.
Сондай-ақ, Омар бнул Хаттабтан, Аллаһ одан разы болсын, жеткен хадисте Пайғамбарымыз, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын:
«Шындығында Аллаһ сіздердің сыртқы келбеттеріңіз бен дене бітімдеріңізге емес, жүректеріңіз бен амалдарыңызға қарайды» деген. (Хадисті Әл Бухари жеткізген). Ендеше, сыртқы түрді түзетуден бұрын жүректегі ықыласымызды, иманымыз бен тәуекелімізді түгендегеніміз дұрыс. 
Аллаһ Тағала Хужурат сүресінің 13-аятында: «Шындығында Аллаһтың алдында ең ардақтыларың – ең тақуаларың» деген. Мұсылман адамның Аллаһ алдындағы дәрежесі сақалының ұзындығымен, немесе басқа да сыртқы сипаттарымен емес, оның имани деңгейімен өлшенеді.
Олай болса, мұсылман болу дегеніміз ата-анасы қойған атын өзгертіп, сақал қою, қолынан тіс тазалағыш таяқты тастамай жүру, мешіттен шықпай қою, ғылым-білімнен бас тартып, кейін кету емес, білімді де білікті болу, құлшылық пен тіршілікті ұштастыра отырып, қоғамдағы қордаланған мәселелерді шешуге белсене араласу, маңызды мен өте маңыздыны ажырата білуде екен. Алғашқы мұсылмандар бұл нәрселерді өте терең түсінгендіктен, ғылым-білімде алға шықты. Тіпті қазіргі уақытта барша адамзат пайдасын көріп отырған көптеген ғылымдар, оның ішінде медицина, химия, математика т.б. негізін салған мұсылман ғалымдары емес пе еді?!. Ал дін мен дүниені бөліп қарап, негізгі емес мәселерді бірінші орынға қойып, маңызды мәселелерді ұмытқанда, бір-бірімізбен таласқа түскен кезде бір орында тұралап, даму көшінің соңында қалып қойғанымыз көрініп отыр. Аллаһ Тағаланың мына сөздеріне құлақ асайық:
«Бір қауым өзін өзгертпейінше Аллаһ оларды өзгертпейді» Рағыд сүресі, 11-аят.
  «Әй иман келтіргендер! Аллаһтан шынайы қорқынышпен қорқыңдар да, мұсылман болған күйде ғана өліңдер. Аллаһтың дініне тұтастай жабысыңдар да, бөлінбеңдер. Аллаһтың өздеріңе берген сыйын еске алыңдар. Бір біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды. Оның игілігімен бауырға айналдыңдар». Әли Ъимран сүресі, 102-103.
Олай болса, Аллаһтың адамзат баласына өмір сүру салты етіп жіберген жүйесін тар ауқымға шектеп, негізгі емес мәселелермен алданып қалмай, ғылым-білімге ұмтылайық, ұсақ істерде таласқа түсіп, бауырмалдығымызды жоғалтып алмайық. «Шындығында мүминдер бауыр ғой».   Хужурат сүресі, 15-аят.

Әс сәләму ъаләйкум уә  
рахматуллаһи уә бәракәтуһу!
Жандос НЫҒЫМАН


Категориясы: Білгенге маржан | Ендірген: Жан-кз (13.Тамыз.2009) | Авторы: Жандос НЫҒЫМАН
Көрілді: 869 | Рейтингі: 5.0/2 |


Барлық пікірлер: 0
Есімі*:
Email-ы:
WWW:
Сақтық коды *:

Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.


© 2008-2010 Діни-танымдық сайт. [Абу Ханифа мазхабы бойынша]
Сайттағы мәліметтерді жариялаған кезде сілтеме жасалуы тиіс
Сұхбаттағы (форум), шәйханадағы (чат) жазулар мен сайттағы білдірілген пікірлер сайт көзқарасы болып саналмайды


Создать сайт бесплатно
кіру / тіркелу
Логині:
Құпия сөз:
жарнама орныңыз
іздеу
© Расулуллаһ.Кз
Н.Төреқұлов мешіті

САНАҚ




Бүгінгі зияратшылар: meru0312, moldaliyeva_bopesha, mumina_jan

Соңғы тіркелген қолданушыға сәлем: mumina_jan

Сайтта тіркелгендер
Барлығы: 3561
Осы ай ішінде: 20
Осы апта ішінде: 4
Кеше: 2
Бүгін: 0