"Әрбір ақылы бар кісіге иман парыз, әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз екен. Және де әрбір рас іс ақылдан қорықпаса керек" (Абай. Қара сөздер. 28-сөз)
Үлкен ғалам - макро әлемді былай қойып, тіпті әрбір молекула өзіндік мақсатпен яки тапсырмамен ойлап шығарылғандай әсер қалдырып, қайран қалдырмай ма?! Британия астрономы Бернард Ловеллдің айтуынша: "Протеиннің ең бір кішкентай молекуласының өзі кездейсоқ пайда болды деу - ақылға сыймайды... Бұлайша болды деудің мүмкіндігі нөлге тең".
Әйгілі ғалым И. Ньютон ұрпаққа қалдырған жазбаша мұраларын мынандай мағы-надағы жолдармен аяқтаған: "Әлемдегі жаратушы құдіреттің барлығын растайтын ғаламның басқа таңғажайып дәлелдерін былай қойып, оның дәлелін мен өз шынашағыма қарап-ақ көріп тұрмын". Шәкәрім қажы келтіретін Шайх Рағит деген кісі: "Ағаштың жасыл жапырағына ақыл көзімен қарасаңыз, әрбір жапырағы Аллаһ Таһаланы танытатын бір кітап сықылды емес пе", - деген екен. Ақиқат іздеген барша адам баласының тұжырымдаған сөзі бар, адам ойының ізі бар. Халықтың төл мәтеліне "Ескі болғанда шындықтың өзіндей ескі", "Әлмисақтан белгілі" делінетін ежелгі бір шындықты растайды.
Орта ғасырлық парсының бәйіті меңзеген ойды өз заманымыздың Майкл Дентон дейтін молекулярлық биология саласы ғалымының өз жаңалықтарына сүйене отырып, тұжырған ойымен салыстырып көріңіз: "Бізге белгілі клеткалардың ең қарапайым түрінің өзі соншалық күрделі... Ғылыми тұрғыдан түсіндіруге нағыз қиындық тудыратын мәселе - тірі системалардың күрделілігінде ғана емес, олардың құрылымындағы таңғажайып данышпандықта". Тіршілік түрлерінің пайда болуы жайлы дарвинистік көзқарасты "өткен ғасырдың саусақтан сорылған космогонистік ұлы мифі" деушілердің бірі - осы ғалым.
"Жер жүзінде нақ сенушілерге дәлелдер бар. Сондай-ақ өздеріңде де бар. Көрмейсіңдер ме?" (Зәриат 51:20)
" Барлық мақтау Аллаһқа лайық. Ол сендерге белгілерін көрсетеді. Сонда оларды танисыңдар. Сондай-ақ Раббың істеген істеріңнен хабарсыз емес" - де" (Нәміл 27: 93)
"(Мұхаммед) әрқандай бір жағдайда болсаң, Аллаһ тарапынан бір Құран оқысаң және сендер бір іс істесеңдер, әлбетте оған шомған кездеріңде сендерді көреміз. Сондай-ақ жердегі, көктегі тозаң салмағындай нәрсе (атом) Раббыңнан жасырылмайды. Тағы одан кішісі, үлкені ашық бір Кітапта бар" (Жүніс 10: 61)
Қазіргі теориялық физика ғалымдарының арасында тірі аңызға айналып отырған, Ньютон, Эйнштейндермен иықтасып тұрған ағылшын физигі, Кембридж университетінің профессоры Стивен Хокинг табиғаттағы әсерлердің ортақ жаңа теориясын жасау жөнінде: "Тегінде теорияның бастапқы шарттары да, тұрақты параметрлері де кездейсоқ емес, өте мұқият таңдап алынған деген ойға қаласың. Мысалы, егер протон, нейтрон массаларындағы айырма екі электрон массасына жуық болмаса, элементтер түзеп, химия мен биология негізін құрайтын екі жүздей орнықты ядролар пайда болмс еді.
Сол секілді, егер протонның гравитациялық массасы өзге болса, осы ядролар пайда болатын жұлдыздар жоқ болар еді. Ал егер Әлемнің бастапқы кеңдігі сәл үлкен я кіші болса, онда осы жұлдыздар эволюцияланбай тұрып, Әлем қайтадан кішірейіп, жойылып кетер еді немесе жедел кеңейе бастап, гравитациялық қоюланудан ешқашан жұлдыздар түзілмес еді", - деп толғайды.
Осыны айтқан С. Хокингтің 1993 жылы "Уақыттың қысқаша тарихы" кітабы жарық көріп, ғылымдағы ең тамаша жаңалықтың бірі ретінде бағаланған. Ондағы түбегейлі жаңалық - өткен шақ шексіз емес, яғни уақыт өлшеуінің басталған кезі бар, одан әрі өткенге үңіле алмайтын шегі бар. Осыдан ғаламның тарихын төрт дәуірге бөлетін теория шығады.
1-дәуір: уақыттың басталған шағы. Ол кезде мүлдем ештеңе болмаған, яғни бар ғалам жоқтан бар болған. Бүкіл ғаламның массасы бір-ақ нүктеге (өлшемі жоқ, ал тығыздығы шексіз болатын бір нүктеге) шоғырланған содан Үлкен Жарылыс болған. "Көктер мен жерді жоқтан бар етуші... Барлық нәрсені жаратқан, әрі Ол әр нәрсені толық білуші" ( Әнғам 6: 101)
"Қарсы болғандар, негізінде көктер мен жер бір болғанын, оны жарғанымызды түсінбей ме? Әр жанды нәрсені судан жаратқанымызды көрмей ме? Сондай-ақ сенбей ме?" ( Әнбия 21:30)
" Сондай көктер мен жерді жаратқан Аллаһ, олар сияқтыны жаратуға күші жетпей ме? Әлбетте күші жетеді. Ол, әр нәрсені жаратушы, толық білуші. Шын мәнінде Ол бір істің болуын қаласа, Оның бұйрығы оған "бол" деу, сонда ол бола қалады" (Иасин 36: 81-82)
2-дәуір: жарылыс қуатынан миллиондаған тонна энергия кеңістікке тарайды да, элементтер суый бастайды.
3-дәуір: Галактикалар қалыптаса бастайды, алғашқы жану нүктесінен алыстай береді.
4-дәуір: Ғалам күні бүгінге шейін кеңеюде. Осыған сай басында Үлкен жарылыс аталған теория үрленіп-кеңею теориясы деген атқа ие болды.
"Аспанды шеберлікпен және құдіретімізбен жасадық және оны кеңейтудеміз" ( Зәриат 51:47)
Аллаһтың кішкентай нұрынан кеңею, таралу арқылы басталған жаратылыстың соңғы 10-15 жылда дәлелденіп отырған тылсым сырына Ислам ғалымдары, сонымен қатар - әл-Фараби бабамыз әбден қанық болған, еңбектерінде терең талдап, жүйелеген. Біздің қазақи дүниетанымда "Дүние тарының қауызына сыяды" деген түсінік ежелден бар, ал нұрдан тараған әлемнің моделі - киіз үйдің шаңырағынан таралған уықпен бейнеленген. Әлемнің жаңа жаралған қалпынан хабар беретін, кеңістікте сақталып қалған, бүкіл ғарышқа ортақ ізі - реликт (қалдық) сәуленің алғаш табылғаны - 1965 жыл. Осыдан әлемнің алғашқы күйінің нейтрондық гипотезасы да, суық күй теориясы да қалып, кеңею басталғандағы температура аса жоғары болғандығы расталды. (Қазіргі ғаламдар кеңею басталғаннан соң бір секундтың миллионнан бір бөлігіндей уақыт өткенде температура Кельвин абсолют шкаласымен онның он екі дәрежесі, яғни триллион К мөлшерде болған дейді).
Сөз орайы осылай келгесін айта кетейік, 1979 жылы сэр Иссак Ньютонның кафедрасын сыйға алған Стивен Хокинг 21 жасынан бастап қимыл-қозғалыстан мүлдем қалып, мүгедекке айналған. Сөйтсе де өмірге құштарлықтың үлгісін танытқан бірегей ғалым айналасындағы қол-аяғы сау адамдардың бәрін өзінің өмір сүргіш оптимизмімен жігерлендіріп отырады екен. Ал электрондық есептеу техникасының дамыған заманында бұл ғалым ең күрделі есептеулерін компьютерлердің еш көмегіне сүйенбей, ойша жүргізеді. " Менің жағдайым, - дейді ол, - үнемі ең қысқа жолдар іздеуге мәжбүр етті. Бәлкім, егер мен қағаз пайдаланып есептесем, ол жолдарды ешқашан таппас та едім. Менің дәрменсіз халімнің басқа бір артықшылығы сол - мен қанша өмір сүретінімді білмеймін. Сол себепті мен үшін өмірімнің әр сағаты ерекше құнды. Ойланып, толғануға уақытым көп қалады, осы жағдайымда өзімді бақыттымын деп есептеуге сау адам болғандығымнан гөрі көбірек негіз бар".
Табиғаттағы, ғаламдағы тәртіпті, таңғажайып үйлесімділік пен заңдылықты өлшеу үшін синергетика ғылымының Хакен, Пригожин секілді көш бастар ғалымдары энтропия деген өлшеу қолданады. Яғни системаға тәртіп енгізіп, ұстап тұру үшін қаншама энергия-қуат керектігін есептеуге болады. Термодинамика заңына сай, бейберекет дүние сырттан келген энергия мөлшерінсіз ретке келе алмайды, барлық шектеулі система тозу, тоқтау, ыдырау, құлдырау жолында болады, өздігінен тәртіп түзілуі мүмкін емес. Соның тағы бір мысалы: темірдің бір ғана атомын құрауға қажетті энергия мөлшері бүкіл Күн системасының энергиясынан төрт есе көп болып шығады екен! Ғалымдар осыдан темірдің тегі Жер табиғатынан тыс екендігі, оның жерге өзге дүниеден түсірілгендігі жайлы ой қорытқан.
" Сондай-ақ темірді түсірдік. Онда мықты күш әрі адамзат үшін қажеттер бар..." (Хадид 57: 25)
" Құранның мүлде шын екендігі айқындалғанға дейін әлемдегі және өздеріндегі белгілерімізді жедел көрсетеміз. Расында Раббыңның әр нәрсеге куә екендігі саған жеткілікті емес пе?" (Фусси-лат41: 53)
Осы әл-Хадид - темір сүресінің ғажаптары, темірге байланысты өзге де сырлар Ақжан әл-Машани еңбектерінде түбегейлі зерттелген. Бұл жерде біз данышпан Абайдан бір үзік жұмбақ келтірелік: Қара жер адамзатқа болған мекен, Қазына іші толған әр түрлі кен. Ішінде жүз мың түрлі асылы бар, Солардың ең артығы немене екен? Шешуі: темір.
Абай.
Бұл секілді Құран аяттарындағы ғылыми фактілер,
сол аяттардың растығын дәлелдеуші ғылымның ең соңғы жаңалықтары - арнайы талдауды қажет ететін өз алдына кең тақырып.
"Алайда Аллаһ саған түсіргенін өзінің білімімен түсіргеніне куәлік етеді..." (Ниса 4: 166)
"Құранды көктер мен жердің сырын білуші АллаҺ түсірді..." ( Фурқан 25: 6)
Өзімнің тікелей айналысқан механизмдер теориясы, роботтар мен манипуляторлар механикасы саласынан бірер мысал: Леонардо да Винчи автомобиль идеясын адамзатқа үсынғалы, міне, 500 жыл өтті. Содан бері жүздеген мың мамандар, конструкторлар мен ғалымдар жабылып жүріп, бүгінгі адамзат автомобиль жасау индустриясын мейлінше меңгерді деп мақтан етеміз, ең озық үлгідегі " Мерседестің" рөлін ұстағанды әлде қандай мәртебе көреміз. Ал ғаламның көзімен қарасаңыз, дөңгелекпен жүру - табиғатқа мүлдем жат, ең бір икемсіз, қолайсыз энергетикалық жағынан ең тиімсіз принцип.
Қараңыз Аллаһтың жаратқан табиғат дүниесін: ең ұлы Ғалымның ең ұлы Кітабында қозғалудың сан алуан жолы көрсетілген: екі аяқтыдан қырық аяқтыға дейін, қос аяқтап секіру, жорғалау, өрмелеу, бүйірімен аунау, су бетімен сырғанау, акробатша төбесінен аяғына кезек ауысып көшу, т.с.с. "Соқыр тауыққа бәрі бидай" демекші, жорғалаған жылан ба? Солардың әр түрлерінің ирелең-бұралаңын жүйелеп, жіктегенде, түбегейлі түрде ұқсамайтын 50-ден аса қозғалыс принципі шыққан!
"Аллаһ әр жәндікті судан жаратты.Сонда кейбіреуі бауырымен жүреді, кейбіреулері екі аяғымен жүреді және кейбіреуі төрт аяқтап жүреді. Аллаһ қалағанын жаратады. Рас, Аллаһтың әр нәрсеге толық күші жетуші" (Нұр 24: 45)
Аяқпен жүретін робот жасау мәселелерімен студент кезімнен айналысып келем. Былтыр Финляндияда өткен өз саламдағы дүниежүзілік ғылыми конгресс кезінде жапон ғалымдарының және бір жаңалық сенсациясына куәгер болғанбыз. Екі аяқпен жүре алатын роботтың жаңа түрін зор ықыласпен тамашалап, әріптестеріміздің қайран қаларлық жетістігіне қуана, алғыс білдіріп марапаттадық. Ал, бірақ ғалымдардың қажырлы еңбегіне, ізденісіне ризалық таныта отырып, дүние жүзі ғалымдарын осынша таң-тамаша қалдырған робот - Аллаһтың жаратқан дүниесінің бір кішкентай тозаңына да татымайтынын айтқым келеді. Әуелі автономды робот өз энергия-қуат көзін өзімен алып жүруі керек, Бірақ сол арқасына артып алып жүрген бар қуаты бөлмені 30 минөт кезіп жүруге ғана жетеді - бар тындырған " шаруасы" сол.
Әйтпесе, сол баспалдаққа өз бетімен тәй-тәй басып көтеріле алғанына таң-тамаша қаласыз, енді сол баспалдақтан қайта түсу үшін қуаты жетпей қалатыны көрерменнің назарынан тыс қа-лады. Ол қайта түсу үшін үғынықты тілмен айтқанда жаңа батарея салу керек. Енді сондай роботты жасауға қаншама миллиондаған доллар қажет болды десеңізшіі... Ең жетілген робот манипуляторы, яғни жасанды механикалық қол неше компьютермен басқарылса да менің бір саусағымның істегенін тап солай шебер қайталай алмайды: міне, Ньютонның шынашағыма қарап, Аллаһтың дәлелін көремін дейтінін осыдан да түсінуге болады. Мұның мысалы - сәулетшінің жылдар бойы жасаған мүсінге қан жүгірте алмайтыны секілді.
"Әй адам баласы! Бір мысал келтірілді. Енді соған құлақ салыңдар: Сендердің Аллаһтан өзге табынғандарың барлығы жиылса да әсте бір шыбын жарата алмайды. Сондай-ақ егер шыбын олардың бір нәрсесін ала қашса, одан оны құтқара алмайды. Өйткені іздеуші де, ізделген де нашар. (Хаж 22: 73)
Осы орайда қазіргі заманның ғылыми-техникалық "құдіретін" сипаттайтын мынадай жайлар ойға оралады. Бір аттың күшіне тең механикалық қуатпен вертолеттің қалақшалары 4-5 кг, құстың қанаты 150-200кг ал шегірткенің қанаты 400кг динамиклық күш өндіре алады! Табиғаттағы "вертолет" - колибри дейтін кішкентай ғана құс секундына 75 рет қанат қағып, ауада қалықтап тұрып, ұзын тұмсығымен гүлден бал сорады. 1935 жылы Африкадан шегіртке көшкен. Ондай ұшуға жұмсалатын энергия мөлшерін өндіру үшін шегіртке өз салмағынан 50 есе ауыр қорек жеу керек болады екен, ал мыналар мұхит арқылы араға бір қонбай, бір-ақ өткен. Ғарышты игердік деп, адам баласы тағы мақтандық. Ойлаңыз, бір грамм затты космосқа ұшырып шығарудың "өзіндік құны"- 40 мың доллар!
"Раббыларың сондай Аллаһ, көктер мен жерді алты күнде жаратты.Сонан соң ғаршыны меңгеріп, істі басқарды. Оның рұқсатынсыз ешбір шапағатшы жоқ. Міне, осы Аллаһ, Раббыларың. Ендеше Оған құлшылық қылыңдар! Сонда да түсінбейсіңдер ме?" (Жүніс 10:3)
«Шапағат нұр» ислам тану журналы, №11, 2001 ж.
Саят ЫБЫРАЕВ Техника ғылымдарының докторы Алматы. 2006-11-21
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.