Пітір садақа туралы үкім
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән және Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.), оның отбасына, сахабаларына Аллаһ Тағаланың рахметі болсын. Аллаһ Тағала қасиетті Құран кәрімде «Әлде кім тазарса, ол құтылды. Ол Раббыңның атын еске алып, намаз оқыды» (Бұл айт намазы). (Ағла сүресі, 14-15 аяттар). Кейбір тәфсірші ғалымдардың айтуы бойынша «Тазарса» деген сөз пітір садақаны берген адамды білдіреді. «Ол Раббының атын еске алып» деген айт намазында тәкбір айтуды білдіреді. Ибн Хузимат Касир Абдулладан риуаят етеді, ол өз әкесінен естігенін айтады, ал ол өзінің атасы айтқан хадисті келтіреді: «Расулулладан (с.ғ.с.) әлде кім тазарса, ол құтылды. Ол Раббының атын еске алып, намаз оқыды» - деген аяттың мағынасын сұрады. Бұған Расулулладан (с.ғ.с.) бұл екі аятты Аллаһ Тағала пітір садақа туралы түсіргенін айтты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айт мерекесінің алдында бір күн бұрын елге құтпа оқып, пітір садақа берулеріне әмір еткен. Абдураззақ Абд бин Сағлабаттан мына хадисті риуаят етеді: ол Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқа дейін бір немесе екі күн бұрын елге құтпа оқитындығын айтады. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Бидайдан 1 сағ (өлшем) беріңдер, құрмадан немесе арпадан сағ беріңдер. Әр адам үшін, қожайын немесе құл болып, кішкентай бала немесе үлкен адам болса да беріңдер». Сондай-ақ Бухари мен Муслим Ибан Омардан риуаят етеді: «Расулуллаһ (с.ғ.с.) бір сағ құрма немесе арпадан пітір садақа беруді бәріне міндеттеген. Ол барлығына: қожайын мен құлға, кіші мен үлкенге, ер мен әйелге пітір беруді міндетті». Ораза тұңғыш рет мұсылмандарға парыз болған жылы Расулулла (с.ғ.с.) пітір садақаны үмметіне уәжіп етіп, оны беруді бұйырды. Жоғарыда айтылған сөздерге назар аударсақ, пітір садақаның мұсылмандар үшін уәжіп екендігін аңғарамыз. Сондықтан Әбу Ханифа (р.а.) мазхабында пітір садақаны беру уәжіп болып саналады. Кімде-кім бұған қарсы келсе, ол күнәһар болады. Аллаһ Тағала пітір садақаны бізге, жоғары мақсаттарға жетуіміз үшін міндеттеген. Пітір садақа кедейге қажетін өтеу үшін беріледі. Сонымен қатар пітір садақа адамның ораза кезіндегі жіберген қателіктері мен кемшіліктерін толтыру үшін беріледі. Абу Дауд ибн Мажа және хаким ибн Аббастан (р.а.) риуаят етеді: «Расулуллаһ (с.ғ.с.) пітір садақаны: адамның оразасы сөзіндегі қателіктерінен тазаруы және міскіндерге тағам ретінде көмек болуы үшін міндеттеген». Кімде-кім пітір садақаны айт намазынан кейін берсе, онда ол жай садақа болып қалады. Пітір садақаны тағамның төрт түрінен ғана беру - уәжіп. Олар - бидай, құрма, арпа және мейіз. Егер пітір бидаймен берілсе, онда жарты сағ беріледі. Егер құрма, арпа немесе бидай ұны берілсе, онда толық бір сағ беріледі, мейізбен берілсе, онда сағтың жартысы беріледі. Абу Ханифа мазһабы бойынша сағ 3кг 592 грамға тең, ал сағтың жартысы 1 кг 796 грамға тең. Пітір садақаға жай бидай бергеннен оның ұнын беру абзалырақ. Егер де ақшамен берілсе ол да одан да абзал болады, өйткені кедейдің қажеті ақшамен тез өтеледі. Пітір садақа уәжіп (міндетті) болу үшін үш шарт болуы керек: Мұсылман болуы керек. Азат (бостандықта) болуы керек. Өзінің қажетінен артық мүлкі болуы керек. Пітір садақасы әрбәр мұсылман ер және әйел үшін - уәжіп. Бұл жерде оның ақыл есі болуы немесе кәмелетке толуы шарт емес. Баласы немесе мәжнүн (ақыл-есі кем) үшін, (қамқоршысы) немесе әкесі беру керек. Егер уәли бермесе, онда ол күнәһар болады. Өзінің кішкентай баласы, құлы немесе кәмелетке толған (ересек) баласы үшін, егер ол ақылы ауысқан болса, егер ересек баласының ақыл есі бүтін болып ол кедей болса, әкесіне ол үшін беру уәжіп емес. Бірақ ол садақа ретінде берсе, онда болады. Әйелі үшін ері беруі уәжіп емес. Егер сауап үшін бергісі келсе, әйелі рұқсат бермесе де беруге болады. Әбу Дауд және Термизи Али ибн Талибтан (р.а.) риуаят етеді: «Аббас (р.а.) Пайғамбар (с.ғ.с.) - нан пітір садақаны тез, яғни айдың басында беруге рұқсат сұраған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған рұқсат еткен». Егер де бір кісі пітір садақасын Рамазан айы өткеннен кейін берсе, ол оның мойнынан өмірінің соңына дейін түспейді. Пітір садақаны уақтылы бермегені үшін ол оның мойнында өмірінің соңына дейін қарыз болып қалады. Себепсіз айт намазына дейін пітірді бермесе, күнә болады, өйткені ол және мұқтаж болғандардың қажетін өтемеген болады. Пітір садақаны рамазан айының бірінші күнінен бастап беруге болады. Пітір садақаны берудің уәжіп уақыты - айттың бірінші күні. Бірақ бұл уақыттан бұрын немесе кейін беруге рұқсат етіледі. Егер де ол өмірінің ішінде қандай бір уақытта пітірді берсе, онда ол қаза болып саналмайды. Пітірді айт күні айт намазына дейін беру - мұстахаб. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадис-шәріпінде: «Оларды (яғни кедейлерді) айт күні қайыр сұрамас үшін байытыңдар». Пітір садақаны бір міскінге беру - уәжіп, екі немесе одан артық адамға бөліп беруге болмайды. Жамағатқа өз пітір садақасын бір кісіге беруге рұқсат. Пітір садақаны өз қалаңнан басқа қалаға апарып беруге болмайды, бірақ егер өз қалаңда міскіндер тойған болса, онда басқа қалаға барып пітір беруге етіледі. Басқа жерде кедей туысқаның болса да беруге болады. Аллаһ Тағала Құранда айтады: «Шын мәнінде садақалар (зекеттер), Аллаһ тарапынан бір парыз ретінде кедейлерге, міскіндерге, оны жинаушы қызметкерлерге, көңілдері алынатын (жаңа мұсылмандарға), азат етілетін құлдарға, борыштыларға, Аллаһ жолындағыларға және жолда қалғандарға беру бекітілді. Аллаһ әр нәрсені білуші, хикмет иесі». (Тәубе сүресі, 60-аят) Пітір садақаны жоғарыдағы аятта айтылған адамдарға беру керек. Өзіңді асырап отырған әке-шешеңе пітір беруге болмайды. Ескерту: пітір садақаны бидаймен беретін болсаңыз, әр адам үшін жарты сағ беру керек. Жарты сағ - 1 кг. 796 грамға тең. Ақшамен есептегенде (шамамен әр облыстағы бидайдың сатылу бағасына қарай) 1 кг 796 грамның құнын беру керек. Биыл 2009 жыл Алматы қаласы бойынша пітір садақа құны 100 тг. болып бекітілді. Садақаны кімге беру керектігі жоғарыда айтылды. Бұрынғы уақытта мешітке үкімет тарапынан байтул малдан қаражат бөлінетін, бірақ қазіргі кезде үкіметтің мешітке қаржы бөлмейтіндігін, мешіттердің тек қана халықтың көмегімен жұмыс атқарып жатқандығын есепке ала отырып, мешітке садақа берсеңіздер, үлкен сауап болатындығын айта кеткіміз келеді. Аллаһ Тағала Құран Кәрімде былай деген: «Аллаһтың бірлігіне және қиямет күніне сеніп Аллаһтың мешітін гүлдендіруге үлес қосқандарға шексіз сауап болады». Құрметті мұсылман бауырлар! Аллаһ ризалығы үшін жасаған амалдарыңыз, берген садақаларыңыз, жасаған дұғаларыңыз қабыл болсын және де Сіздердің барлық игі істеріңізге бір Аллаһ жар болсын. Әмин!
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шариғат және пәтуа бөлімі
Ақпарат көзі: http://muftyat.kz/1206-pitir-sada1179a-turaly-1199kim.html
|