ҚАЖЫЛЫҚ
Исламдағы бес парыздың бірі – қажылық әр жылдың белгілі мезгілінде, бекітілген амалдармен, белгілі жерлерге бару арқылы атқарылатын құлшылық түрі болып есептеледі. (Ибраһим бин Мухаммад әл-Халәби, Мултақал-әбхур, 382-бет) Құран Кәрімде: «Мүмкіндігі болып (қажылыққа) бара алғандарға қағбаны зиярат ету Аллаһтың адамдардағы ақысы (адамдардың қарызы)» (Әли Имран сүресі 97-аят) делінсе, сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ислам бес негізге құрылған: Аллаһтан басқа табынуға лайық ешкімнің жоқ екендігіне және Мұхаммед Аллаһтың Елшісі екендігіне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, қажыға бару және Рамазан оразасын ұстау» (Бухари, Иман 2; Муслим, Иман 5) деп бұл құлшылықтың парыз екендігін білдірген. Парыздың өзі айын және кифая болып екіге бөлінеді. Парыз айын барлық адамға жеке-жеке жүктелген міндет. Парыз кифая көпшілікке жүктеліп, сол көпшіліктің ішінен бір немесе бірнеше адамның орындауымен қалғандарының мойнынан түсетін міндет. Ал егер бұл міндетке қол сыбанып кірісетін ешкім болмаса, барлығы бірдей жауапқа тартылады. Яғни күнә табады. Бұған жаназа намазы, аурухана салу, суға тұншыққан адамды құтқару және т.б. сияқты міндеттемелер жатады. Иманның парыздары мен жоғарыда аталған бес парыз және осы іспеттес басқа да міндеттемелер парыз айын, яғни жеке басқа жүктелген міндеттемелердің шеңберіне кіреді. Демек намаз бен оразаны әркім өзі орындағаны сияқты қажылықты да әркім өзі өтеуге тиіс. Дегенмен, белгілі бір себептерге байланысты қажылық міндетін атқара алмайтын Адам өзінің орнына, қаражат бөліп, басқа біреуді жіберуіне болады. Бұл бәдәл қажылық деп аталады. Бұған ілгеріде тоқталамыз. Әбу Ханифаның шәкірті Имам Мұхаммедтің көзқарасы бойынша қажылықтың парыз болу шарттары орындала сала пенде дәл сол жылы қажылыққа баруға міндетті емес. Себебі Пайғамбарымыздың өзі (с.а.у.) қажылық көштің (хижреттің) тоғызыншы жылы парыз бола тұра, ешқандай себеп болмаса да оныншы жылы орындаған. (Проф. Доктор Хамди Дөндүрен, «Делиллерийле Ислам Илмихали», 566-бет) Қажылық пендеге өмірінде бір рет қана парыз етілген. Дегенмен шамасы келген кісі қалағанынша қажылыққа баруына болады. Алайда, қазіргі таңда дүние жүзінен қажылыққа барушылардың көптігі мен Сауд Арабияның әр мемлекетке шектеулі шақыру беретінін ескерер болсақ, бос орын болған жағдайда ғана барғанымыз абзал. Кезекте тізімге іліне алмағандар болатын болса, бұрын қажылыққа барған адам оларға өз жолын беріп жатса, мұсылманның мұсылманға деген бауырмалдығының айқын көрсеткіші болар еді.
Қажылықтың пайдалары Қажылықтың пайдалары орасан зор. Таратып айтар болсақ, әуелі қажылық бүткіл жаратылысты жоқтан бар еткен Дара Жаратушы Ұлы Аллаһқа деген құлшылық болып табылады. Құлшылықты құлшынып қылатын мұсылмандарға бұның қаншалықты маңызды екенін айтып жату артық болар. Дегенмен, Хазіреті Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) мына бір хадисін келтіре кетейік: «Кімде кім Аллаһ үшін қажылық жасап, қажылық кезінде жыныстық қатынастан және Аллаһқа қарсы келуден сақтанса, құдды анасынан туғандай күнәсіз оралады». (Бухари, Хаж 4) Аллаһтың Елшісі туып өскен жері мен Ислам дінінің шыққан аймағын көру кімді болса да тебірентіп, рухани болмысына әсер етері хақ. Кәдуілгі киімдерді шешіп ихрамға орану адамға махшар күнін еске салады. Мұнымен қатар қажылық жолындағы машақаттар сабырлылыққа үйретеді. Қажылық тек қана денемен емес, мал-мүлікпен де жасалатын ғибадат болғандықтан, дүниені жұмсау барысында мал-мүлікке деген байланысымызды үзіп кедей адамның халін түсінетін жағдайға жетеміз. Қажылық дүниенің түкпір-түкпіріндегі мұсылмандардың басқа мақсатта емес, тек қана Аллаһ жолында бір-бірлерімен кездесіп, дерттесулерін қамтамасыз ететін бірден бір мүмкіншілік. Және де олардың ұлттарының, нәсілдерінің, түстерінің және тілдерінің әр түрлі болуы бұған бөгет емес. Себебі Құранда: «Расында мұсылмандар бір-бірлеріне бауыр», - делінген. (Хұжрат сүресі 10-аят)
Қажылық кімдерге парыз? Мал-мүлік арқылы әрі денемен жасалатын қажылық ғибадатының төмендегідей шарттары бар: 1. Мұсылман болу 2. Ақыл-есі дұрыс болу 3. Балиғат жасына жету 4. Бостандықта болу 5. Негізгі өзінің және қамқорындағы адамдардың қажеттіліктерін өтей алатын мал-мүлікке ие болуы 6. Қажылық жолына жұмсайтынақшасының болуы 7. Қажылық уақытының келуі
Бұл шарттар кімнің бойынан табылса соған қажылық парыз болады. Қажылықты өтеудің парыз болуының шарттары Жоғарыда аталған шарттардан басқа қажылық міндетін орындауға байланысты басқа да шарттар бар. Бұл шарттар қажылықтың өтелуінің (әдә) парыз болуының шарттары деп аталады. 1. Адамның зағиптік, мешелдік сияқты қажылық ғибадатын орындауға кедергі болатын сырқаты мен қажылықты өтей алмайтындай дәрәжәде кәрі болмауы 2. Түрмеге түсу сияқты қажылыққа кедергінің болмауы 3. Жол қауіпсіздігінің болуы 4. Қажылыққа барушы әйелдің қасында күйеуінің немесе үйлене алмайтын махрамының болуы 5. Күйеуінен ажырасқан немесе күйеуі қайтыс болған әйелдің күтетін мерзімінің (иддә) бітуі
Қажылықтың дұрыс болуының шарттары 1. Мұсылман болу 2. Ақыл-есі дұрыс болу 3. Ихрамға кіру 4. Қажылықты қажылық уақытында жасау 5. (Арафатта тұру (уақфа) және саъи сияқты қажылық амалдарын белгіленген орындарында жасау
Қажылықтың уақыты Қажылықтың бір жылдың ішінде өзінің белгілі уақыты бар. Қажылық сол уақытта ғана өтеледі. Бұл Құранда былай деп баяндалған: «Қажылық (уақыты) белгілі айлар». (Бақара сүресі 197-аят) Қажылық шәууәл, зилқағда айлары мен зилхиджаның алғашқы он күнінде жасалады.
Қажылықтың парыздары Қажылықта үш парыз бар. Оның біріншісі шарт, қалған екеуі рүкін. 1. Ихрам кию 2. Тауаф (зиярат тауафы немесе басқаша атаумен ифада тауафы) 3. Уақфа (Арафатта тұру)
Қажылықтың уәжіптері 1. Саъи. Сафа мен Мәруа деп аталатын екі төбенің арасында, төрт мәрте Сафадан Мәруаға, үш мәрте Мәруадан Сафаға тездетіп жүру – саъи болып табылады. Бірінен екіншісіне бару «шаут» деп аталады. Демек бір саъида жеті шаут бар. 2. Муздалифада тұру (уақфа). Айт күні күн батқаннан кейін көкжиектен күннің қызылы кеткен уақыт пен келесі күннің күні шыққанға дейінгі аралықта аз уақыт болса да Муздалифада тұру – уәжіп. Бүткіл түнді сол жерде өткізу – сүннет. Ал Мәшъару харам деп аталатын тауға бару – мустахаб. Муздалифада тұру – уәжіп, дегенмен бір себеппен орындалмай қалса ешнәрсені керек етпейді. Себебі, Хазіреті Пайғамбарымыз бұл амалды орындай алмаған адамдарға кәффарат (айыпты жуып-шаю) жасасын деп айтпаған. Ал себепсіз орындамаған құрбан шалып айыбын өтейді. 3. Минада шайтанға тас лақтыру. 4. Шашты тақырлап алу немесе қысқарту. Минада тас лақтыру рәсімінен кейін «тәмәтту» қажылығын өтеген адам құрбан шалуы керек. Бұдан кейін Мекке харамында және айттың алғашқы үш күнінде шашын тақырлап алу немесе қысқарту уәжіп. 5. Қоштасу тауафы. Сырттан келіп миқаттардың бірінен кірген қажылар қажылық амалдарын бітіргеннен кейін қасиетті мекенмен қоштасарда Қағбаны тауаф ету уәжіп.
Ихрамның уәжіптері Ихрамда екі уәжіп бар. 1. Миқаттан ихраммен өту. 2. Ихрамда тыйым салынған нәрселерден сақтану.
Ихрам киген адамға тыйым салынған істер Ихрам киген адамға төмендегі нәрселерді істеуге болмайды: 1. Ер адамдардың тігісі бар киім киюі харам. Тігісі бар киім кимей рида және изар деп аталатын киімдерді кию Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннеті болып есептеледі. Ал әйел адамдар күнделікті әурет жерлерін жабатын киімдерімен жүреді. 2. Сақал мен шаштың бір талын немесе денеден бір де бір қыл жұлу 3. Тырнақ алу 4. Иіс су себіну 5. Шаш пен сақалды қынамен немесе басқа бояумен бояу 6. Бас пен бетті жабу (әйелдер бетін ашып, шашын жауып жүреді) 7. Қолғап, шұлық және тобығы жабық аяқ киім кию 8. Жыныстық қатынас жасау 9. Шахуатты оятатын іс-әрекеттер 10. Басқалармен ұрысу, айқайласу 11. Құрлықты мекендейтін жан-жануарларды аулауға рұқсат жоқ (Балық аулауға, үй жануарларын союға болады).
Ихрамда тыйым салынбаған іс-әрекеттер 1. Иіссіз сабынмен жуыну 2. Қолшатыр қолдану 3. Ихрам киімін жуу және ауыстыру 4. Сынған тырнақты жұлу 5. Щеткамен тіс жуу, көзге сүрме жағу 6. Денедегі жараны дәкемен орау 7. Қан алдыру, тіс жұлдыру және денеге дәрі егу 8. Тапанша алып жүру, қол сағат және жүзік тағу 9. Белдік тағу, иыққа дорба асыну 10. Пальто немесе костюмді жеңіне қол сұқпай желбегей жамылу 11. Қауіпті жыртқыштар мен улы жәндіктерді өлтіру
Қажылықта тыйым салынған істерге барудың жазасы 1. Ірі қара малды құрбанға шалуды қажет ететін істер. Қажылықта ірі қара малдан түйе және сиыр құрбан шалынады да еті кедейлерге таратылады. Бұл құрбандық мына екі істің бірі қателікпен орындалғанда ғана шалынады: а) Қажы Арафатта тұрғаннан кейін ихрамнан шықпай жатып әйелімен жақындасса, ә) Ер адам жүніп (ғұсыл уәжіп болған) күйінде, әйел адам хайыз немесе нифас кезінде Зиярат (Ифада) тауафын жасаса. Бірақ мүмкіншілік болып ғұсыл (бой дәрет) алып тауафты қайтадан жасаса жазасы мойнынан түседі. 2. Екі уақ мал құрбан ету. Қыран қажылығын өтеп жатқан адамның шүкіршілік құрбанын шалмай тұрып шаш алатындай болса екі уақ мал құрбан шалуы керек. Біреуі құрбанды кешіктіргені, екіншісі қыран қажылығы үшін бауыздалған болады. 3. Бір уақ мал құрбан етуді керек ететін істер: а) Тігісі бар киім кию, бас киім кию немесе бір нәрсемен жабу, шаш алу, тырнақ алу сияқты ихрам киген адамға тыйым салынған іс-әрекеттерді істеу нәтижесінде бір уақ мал құрбан ету керек. ә) Жыныстық қатынас немесе оған жол ашатын іс-әрекеттерді істеу. Ханафи мәзһабы бойынша сүю, құшақтау мәни (сперма) бөлінсін, бөлінбесін шахуатпен қол тигізу құрбан шалуды қажет етеді. б) Қажылықтың уәжіптерінің бірін орындамау.
Бәдәл қажылық Басқа біреудің орнына қажылық міндетін өтеуді бәдал қажылық деп атаймыз. Құлшылықтар жасалу жолдарына қарай үш топқа бөлінеді. 1. Тек қана денемен атқарылатын құлшылық. Бұған иман, намаз сияқты құлшылықтар жатқызылады. Бұл құлшылықтарға өкілдік жүрмейді. 2. Тек қана дүниемен атқарылатын құлшылық. Бұған зекет, пітір садақасы жатады. Бұл құлшылықтарға өкілдік жүреді. 3. Денемен әрі дүниемен жасалатын құлшылық. Бұған қажылық кіреді. Мұнда да өкілдік жүреді. Яғни, мал-дүниесі жететін, бірақ денсаулығы мүмкіндік бермейтін адамдар, өздерінің орнына қажылыққа басқа біреуді жіберуіне болады. Жіберген адамының жол қаражатын көтереді. Қажылыққа өз қажылығын өтеген біреуді жіберген жөн. Дегенмен бұрын бармаған адамды жібере қалса, ол Адам қағбаны көре салысымен, өкіл етіп тағайындаған адамның қажылығын өтеп болғаннан кейін өзінің қажылығын келесі қажылыққа дейін қалып өтеуі немесе еліне оралып келесі жылы қажылыққа келуі уәжіп болады.
Қажылықтың орындалуы Қажылық төменде көрсетілгендей орындалады. 1. Ихрамға кіру. Дүниенің түкпір-түкпірінен келген қажылар харам аймағына миқаттан кіреді. Миқат дегеніміз харам аймағына кіретін жерлер. Миқаттардың саны бесеу. Олар Жухфа, Зул-хуләйфа, Зату-ъирқ, Әс-Сәйл және Иәләмләм. Ирак, Иран сияқты шығыс елдері, соның ішінде Орта Азия және Қазақстаннан барушы қажылар «Зату-ъирқ» миқатынан кіреді. Миқатта ғұсыл құйынып немесе дәрет алғаннан кейін қажылық немесе умра кіші қажылығын немесе екеуіне де бірдей ниет етіледі. Ниет былайша орындалады: «Қажылық немесе умраға ниет еттім, уа Аллаһ, оны маған жеңіл етіп, оны қабыл ете гөр. Мен Аллаһ үшін ихрамға кірдім». Басқа біреудің орнына қажылық немесе умра жасайтын адам: «Пәленшенің орнына қажылық немесе умра жасауға ниет етіп, Аллаһ үшін ихрамға кірдім», - дегеннен кейін, екі рәкағат ихрам намазын оқиды. Намазын бітіре сала «Ләббәйкаллаһуммә ләббәйк, ләббәйкә лә шәрийкә ләкә ләббәйк» - деп тәлбия дұғасын оқуымен ихрамға кірген болып есептеледі. 2. Меккеге кіріп, Хаарам мешітінің Бәну Шәйба деп аталатын есігінен кіріледі. Сосын қара тастың (хажарул-әсуәд) тұсынан, Қағбаны сол жаққа алып қудум тауафы жасалады. 3. Тауаф. Тауаф үш түрлі: қудум, зиярат және уәда (қоштасу) тауафы. Қажылықтың парызы (рукн) болып есептелетін зиярат тауафы құрбан айт күнінің таңғы уақытынан бастап айттың қалған күндерінде орындала береді. Сол жылы орындай алмаса, өмірінің соңына дейін әйтеуір бір орындауы керек. Әйел адамдар хайыз (айлық етеккір) немесе нифас (босанған әйелдер көретін қан) кезінде қажылықтың тауафынан басқа құлшылықтарын орындай алады. 4. Саъи. Қудум және зиярат тауафынан кейін Сафа мен Мәруа арасында, төрт мәрте Сафадан Мәруаға, үш мәрте Мәруадан Сафаға тездетіп жүру – саъи. Қазіргі таңда Мәруа мен Сафа екі тірекпен белгіленген. Сафа мен Мәруа төбелеріне Қағба көрінгенге дейін шығып, жүзді оған бұрып тәһлил (лә иләһа илләллаһ) және салауат айтылады. 5. Тек қажылыққа ғана ниет еткен адам сағидан кейін Меккеде ихрамды күйінде Зилхиджа айының сегізі күніне дейін қалады. Қағбаны қалағанынша тауаф қылады. Зилхиджа айының сегізі күні Минаға аттанады. Ол жерде де біраз қалады. 6. Арафатта болу.
Қанат Жұмағұлов, Астана медресесінің ұстазы Ақпарат көзі: http://rahmetsamaly.kz/?act=readarticle&id=139
|