Жаратушыға
дұға етумен жалбарыну біздің табиғатымызға тән нәрсе. Бұған дәлел:
діннен хабарсыз адамның өзі ешкім үйретпесе де тосын, қатерлі жағдайда
шыбын жаны шырқырап, Алла Тағалаға жалбарынып кетеді. Өйткені, оның
басқа арашашысы да, қорғаны да жоқ екендігін пенденің өзі іштей сезініп
тұрады. Мына аяттың мазмұны да соған меңзейді: «Раббыларың: «Менен
тілеңдер, тілектеріңді қабыл етемін. Расында Маған құлшылық қылудан
тәкәппарланғандар қор болып тозаққа кіреді» деді» (Ғафир сүресі:
60-аят). Бұл аятта Алла Тағала дұға етудің ғибадат екенін және Өзіне
дұға етуден бас тартқандарды «тәкәппар» деп атап отыр. Алла Тағалаға
дұға ету – ауру, сырқаттардың емі. Адам табиғаты сондай, ол әрдайым
жүрегіндегі уайым-қайғысын ең жақын адамына төгіп салып, өзінің
қайғы-қасіретін жеңілдеткісі келіп тұрады. Невропатологтардың айтуынша,
жүйке ауруына шалдыққан адамның көбі көңілдегі уайым-қайғысын жақын
адамына шағыну арқылы айығады екен. Жүйке ауруына шалдыққан адам
уайымын ешкімге айтпай, ішіне сақтап жүрсе, дерті асқынып кетеді. Ал,
егер адам баласы өз қайғысын Жаратушысына айтып, Одан медет сұраса ше?
Әлбетте, мұндай жағдайда оның көңілі жай тауып, қайғы-қасірет салмағы
жеңілдейтіні даусыз. Өйткені, ол - шын жүрек пен нық сенім арқылы Алла
Тағаладан сұраса, сұрағанын беретініне иман келтірушілерден еді. Алла
Тағала айтады: «(Мұхаммед ғ.с.) Егер құлдарым сенен Мен туралы сұраса,
Мен оларға жақынмын. Менен тілеушінің тілегіне жауап беремін. Олар да
Менің әміріме бойұсынсын. Маған иман келтірсін» (Бақара сүресі:
186-аят). Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) айтады: «Дұға - өткен
бәлеге де, әлі түспеген нәрсеге де септігі тиеді. Ей, Алла Тағаланың
құлдары! Сендердің міндеттерің Алла Тағалаға көп дұға ету» (Хадисті ибн
Омар (р.ғ.) риуаят етті). Хадистегі «өткен бәлеге» деген сөз - өткен
күнәнің кешірілуіне, ал «әлі түспеген нәрсеге де септігі тиеді» деген
сөз - пендеге түсіп келе жатқан қиыншылық яки қасірет дұғаның себебімен
қайтарылады деген ұғымды білдіреді. Рас, Алла Тағала белгілеген тағдыр
махлұқтың қолымен өзгертілмейді. Алайда, бүкіл жаратылыстың қалау-еркі
қолында болған Алла Тағала Өз қалауымен қалаған нәрсенің тағдырын
өзгертеді. Ол үшін Хақ Тағала Өз даналығымен себептерді де жаратып
қойған. Бұған дәлел – жоғарыда айтылған хадис. Алла Тағала айтады:
«Алла Тағала әр күні шұғылдануда» (Рахман сүресі: 29-аят). Пайғамбарымыз
(с.ғ.с.) «Алла Тағала әр күні шұғылдануда» аятын оқыды. Біз ол кісіден:
«Я, Алла елшісі (с.ғ.с.), «шұғылдануда» дегенді не деп түсінеміз?» деп
сұрағанымызда, ол: «Алла Тағаланың күнәні кешіріп, қайғы-қасіретті
кетіруі, бір қауымның дәрежесін көтеріп, екінші қауымның дәрежесін
түсіруі» деп жауап берді». (Хадисті Имам Бұхари риуаят етті). «Алла
Тағала ерекше мейірімді, мәңгі тіршілік Иесі, өте жомарт. Пендесі
мінәжат етіп екі қолын көтерсе, Ол оған бірер жақсылық бермей түсіртуге
ұялады». Бір риуаятта: «Алла Тағала тілегенін бермей бос қалдырудан
ұялады» делінген. (Хадисті Имам Ахмәд, Имам Әбу Дәуд, Имам Тирмизи
риуаят етті). «Кімде-кім Аллаға дұға етпесе, оған Алла Тағаланың қаһары келеді» (Хадисті Имам Мәжәһ риуаят еткен). «Алла Тағала үшін дұғадан қымбат нәрсе жоқ» (Хадисті Имам ибн Мәжәһ риуаят етті). «Адамдардың
ең әлсізі – дұғаға әлсіздік еткені. Адамдардың ең сараңы – сәлемге
сараңдық еткені» (Имам Табарани, Имам Бәйһәқи риуаят еткен). Ислам
талап етіп отырған дұға - адам баласының көкейінде Алла Тағалаға деген
әрдайым болатын тілек. Алла Тағаладан дұға етуде жақсылық немесе
қиыншылық болуы шарт емес. Қайта, «Жаратқан Ием! Мені бір мезет те өз
еркіме қалдырма!» деп сұрау керек. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)
айтады: «Сіздерден біреу Раббысынан барлық қажетін, тіпті үзілген
жағдайда аяқ киімінің бауын да сұрай берсін» (Имам Тирмизи риуаят етті). Бірақ,
адам баласы көбінесе басына күн туса ғана Алла Тағалаға жалбарынып,
уайым-қайғысынан арылған соң, Алла Тағаланы естен шығарып қояды. Осымен
тура жолдан адасып, күпірлікке түсіп қалу жағдайлары көп. Алла
Тағала айтады: «Адам баласына бір зиян жетсе, ол жатса да, отырса да
немесе түрегеп тұрса да, Бізге жалынады. Алайда, одан зиянды кетірсек,
ол басына түскен қиыншылықты кетіру үшін Бізге тіпті жалбарынбағандай
болып кетеді» (Юнус сүресі: 12-аят). Сол үшін, адам баласы Алла
Тағаланың жасаған қамқорлығына астамшылық етпей, керісінше қашан да
Тәңірінің оған жасаған ілтипатын есінен шығармау, Оны дұғасымен қарсы
алуы үлкен әдеп, көргенділік болып табылады. Ақпарат көзі: http://www.al-hanifiya.kz/angimeler/
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.