Имам әл-Бұхари (р.а.) риуаят еткен хадис шәріпте: «Расулулла (с.ғ.с.): «Сендердiң ешбірің Менi өз баласынан, әкесінен және барлық адамзаттан артық көрмейiнше (кәміл) иманды бола алмайды»,- дейді. Пайғамбарымыз хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) арабтың Құрайыш қауымынан, Бани Һашим әулетiнен. Туылған жерi - Мекке қаласы. Әкесiнiң аты - Абдуллаһ, атасы - Абдулмутталиб. Анасының есiмi - Әмина. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ата-анадан жалғыз перзент. Дүние есігін ашпастан бұрын әкеден, алты жасында анадан жетім қалған. Мұхаммед (с.ғ.с.) миллади жыл санауы бойынша Иса (ғ.с.) пайғамбардан 571 жыл кейiн 20-шы сәуiрде, һижри жыл санауы бойынша Рабиүл-аууәл айының 12-сi, дүйсенбi күнi туылған. Ана құрсағында 6 айлық болғанда: «Құдайдың досы, соңғы пайғамбарға жүктi болдың, бұл бала туылғанда есiмi Мұхаммед болсын»,- деп анасы Әминаға түсiнде аян етiлдi. Әмина бала туғанда әйелдер әдетi бойынша толғақ қысу, құрсақ ауруын, қан келуге ұқсас қиыншылықтарды көрмедi. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туылғанда өте пәктiк, тазалықпен, сүннеттелiп, кiндiгi кесiлiп, денесi майланып, үстiнен жұпар иiс аңқып тұрды. Келiнi нұрлы бiр перзент көргендiгiн есiтiп, атасы Абдулмутталиб аса қуанды, Мұхаммед деп атын қойды, марқұм Абдулла ұлымның көзi деп жетімдік көрсетпей, ерекше көңiл бөлдi. Құрайыш руының ұлықтары: «Немереңнің атын кім қойдың?» деп сұрағанда, атасы Абдулмутталиб: «Мұхаммед!»- дейді. Олар: «Ата-бабаларымыздың арасында мұндай есiмдi адам болмап еді, бұл атты не мақсатта қойдың?»- деп сұрайды. Сонда Абдулмутталиб: «Немерем аспанда Хақ тағаланың мақтауында, жерде халықтың қалаулысы, мақтанышы болуын үміт етемін»,- деп жауап береді. Мұхаммед сөзiнiң түбiрi «хамида» - «мақтау» дегендi бiлдiредi. «Мұхаммед» осы сөздің есімшесі, мағынасы «мақтаулы». Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жаратылысы мен мінезі жөнінен адамдардың ең сұлуы болатын. Ол орта бойлы, екі иығының арасы кең, толық та, арық та емес, орташа денелі еді. Көздері қара, кірпіктері ұзын. Бұрылса, бүкіл денесімен бұрылатын. Екі алақаны етті, саусақтары да салалы, сүйегі ірі, кеуделі, күшті қайратты еді. Терісі жібектен де жұмсақ. Қастары қалың, жаңа туған айдай иілген, бір-біріне қосылмайтын. Екі қасының ортасында бір тамыры болып, ренжiгенде қозғалып тұратын. Қыр мұрынды, сақалы үлкен және қалың, дөңгелек жүзді, қызыл шырайлы, жүзінен нұр таматын. Екі жауырының ортасында пайғамбарлық мөрі бар еді. Мүбарак тістері маржандай тізілген, аппақ болып жарқырап, сөйлегенде алдыңғы тістерінен нұр шашылып тұратын. Денесі тап-таза, хош иісті еді. Терлегенде денесінен әдемі иіс шығып тұратын. Біреуге қол беріп амандасса, ол кісі күні бойы сол иіске бөленіп, көңілі хош жүретін. Мүбарак қолымен бір сәбидің басын сипаса, ол сәби басқа сәбилерден хош иісімен ерекшеленіп шыға келетін. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өте сезімтал, алыстағыны еститін көреген еді. Қимылы орташа, жүргенде жеңіл адымдап, тез-тез жүретін, сырттан қарағанда жәй жүріп бара жатқандай көрінетін. Бірақ, жанында бара жатқандар тез жүрсе де iлесе алмай қалып қоятын. Бос сөз сөйлемейтін, әрбір сөзі хикмет және насихат еді. Ешкімге жаман сөйлемейтін, ешкімге жамандық жасамайтын, ешкімнің сөзін бөлмейтін. Жұмсақ мінезді, жылы жүзді, әрі кішіпейіл еді. Айбатты және байсалды еді. Қатты күлмей, тек жымиятын. Қарағанда көз қырымен қарайтын. Кімге болса да бірінші болып сәлем беретін. Туған-туыстарын аса құрмет тұтатын, үй-іші, сахабаларымен жақсы қарым-қатынаста болатын. Өте жомарт, қолы ашық, мейірімді, жұмсақ мінезді. Уәдесіне берік. Жаратылысы да, мінезі де тамаша, адамдардың ең әдемісі, кәміл адам болатын. Хадис шәріпте: «Саад ибн Һишам (р.а.): «Айшадан (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мінез-құлқы туралы сұраған едім. Айша (р.а.): «Құран оқымайсың ба?»- дедi. Сонда: «Әрине, оқимын»,- дедім. Айша анамыз: «Олай болса, Расулуллаһтың мінез-құлқы Құран болатын»,- деп айтты» делінген. Демек, хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) көркем мінезді Құран Кәрімнен қабылдап еді. Сол көркем мінез құлқымен адамдардың кәмілі болып еді. Жалпы, жақсы әдеп-ақылақ пен көркем мінез-құлық тәлім-тәрбиесі қасиетті Құран кітабының басты мұраты. Ислам дініндегі кез келген амалдан, мысалы, намаз, ораза, зекет, қажылық бола ма, бәрінен көзделген негізгі мақсаттың бірі - адамды көркем мінезділікке тәрбиелеу. Хадис шәріпте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адам жақсы мінезімен күні бойы ораза ұстап, түні бойы намаз оқып өткізгендей дәрежеге жетеді»,- деген. Әбу Һурайра жеткізген хадисте: «Әлбетте, Алла сендердің көріністеріңе, байлықтарыңа қарамайды, бәлкім, жүректеріңе және амалдарыңа қарайды»,- дейді. Қасиетті Құранның «Ахзаб» сүресi, 21-аятында: «Расында сендер үшiн, Алладан, ақырет күнiнен үмiттенгендер мен Алланы еске алып тұратындар үшiн Расулуллада (Мұхаммед пайғамбарда) әлбетте, тамаша өнегелер бар»,- деп ұқтырады. Бұл дегені, хазреті Мұхаммедті (с.ғ.с.) жақсылап танып, біл дегенді білдіреді. Иә, мүмін-мұсылмандар үшін дін жолында, бес күндік жалған дүниеде Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар тамаша үлгі-өнеге. Сондықтан да, шынайы мұсылманның өмірдегі басты мақсаты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіне еліктеу болуы қажет. Бұл мәселеде, сахабалар өздерінен кейінгі мұсылмандарға үлгі болғаны рас. Өйткені, сахабалар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірінің қас қағым сәттерін қалт жібермей, әрбір сәтін, әрбір шешімін, әрбір әрекетін мұқият қадағалады, көзімен көрді, жақсы білді. Ибн Хиббанның (р.а.) «сахих» жинағында риуаят етілген хадис шәріпте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адамдардың ең жақсысы - менің замандастарым. Мұнан кейін олардың соңындағылар, сонан соң олардан кейін келгендер»,- деп айтқан»,- дейді. Бұл хадисте ислам діні даму сатысының ең биік шыңына жеткен үш ғасырға сілтеме бар. Сахабалар - осы үш дәуірдегі кісілердің алғашқылары. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелерін кейінгі ұрпаққа қаз-қалпында жіткізген осы сахабалар. Алғашқы кездерде пайғамбарымыз туралы білгісі келген адам оның көзін көрген сахабалардан сұрап білетін. Жоғарыдағы хадистегі екінші ғасырдың адамдары, сахабалардың көзін көргендер - табиғиндер деп аталды. Өз кезегінде, табиғиндер сахабаларды көрмеген, бірақ өздерімен замандас болғандарға, яғни табаға-табиғиндерге ұстаздық етті. Жоғарыдағы хадистегі адамдардың ең жақсы дәуірлеріндегі үшінші топтағы қауым - табаға-табиғиндер. Уақыт талабымен, осы табаға-табиғиндердің заманында пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелерін болашақ ұрпаққа насихаттайтын мәліметтер жинақталған «Сияр ән-набий» атты оқулық кітаптар өмірге келе бастады. Сонда, Ислам үмметі сахабалар мен табиғиндерден кейінгі дәуірлерден бастап қасиетті Құран және хадис шәріптермен бірге Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың өмірбаянын да оқып үйренетін болды. Өйткені, Оның (с.ғ.с.) өмірбаяны Құран Кәрім мен хадис шәріптерді кең түсінуге, аят-хадис үкімін дұрыс амалға асыруға үйретеді. Одан өнеге алады. Басқаларға үлгі болып өмір сүреді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туралы жазылған сол «сира» кітаптарында Мұхаммедтің (с.ғ.с.) тегі, туылуы, балалық шағы, ер жетуі, үйленуі, тән түзілісі, мінез-құлқы, пайғамбар болуы, дін насихаты, һижраты, ғазаттары, шариғи амалдар, істеген істері, тағы басқа да оған қатысты барлық тақырыптар толық тәртіппен жазылды. Бұған қоса, кітап жазған адам әрбір мәліметті мұқият жауапкершілікпен зерделеп, тексеріп, қайдан алғанын, неге сүйеніп жазғанын кітапқа қоса түсірді. Алғашында бұл тақырыптағы кітаптар бірнеше томдық боп кетті. Сондықтан, жәй халық мұның бәрін оқып үйренуге тағаты жетпеді. Уақыт талабымен, осы жағдайға байланысты ға-лымдар іс-шаралар қарастырып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өне-гесін насихаттау, өмірбаянын халыққа таныстыру оңай болу үшін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туралы мәліметтер толық қамтылып қара сөзбен жазылған «Сияр ән-набий» кітаптарының маңызын ашып, қысқа да нұсқа баяндайтын шумақтар, өлең-жыр, дастандарды дүниеге келтірді. Пайғамбарға (с.ғ.с.) жыр арнау дәстүрi оның көзi тiрi кезiнде де болған. Мысалы, Каб бин Зухайыр атты ақын оған «Банат Суад» атты поэмасын арнаған. «Банат Суад» атты дастан «Қасидат Бурда» («Шекпен дастаны») деп те аталады. Аты айтып тұрғандай, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзі туралы жазылған өлеңді өзіне оқып бергенде ризалығын білдіріп, үстіндегі шекпенін шешіп, оқып берген кісіге жапқан болатын. Міне, осы ақынға елiктеп, көптеген шайырлар да Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) өз жырларын бағыштады. Дегенмен, ондай жырларда Пайғамбардың (с.ғ.с.) кейбір жақсы қасиеттері ғана айтылған-ды. Ал, табаға-табиғиндердің кезінде жазылған өлең шумақтарда қара сөзбен жазылған «Сияр ән-набий» кітаптарындағы барлық тақырыптар басынан бастап, аяғына дейін қамтылды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ең жақсы адамдардың заманы деп атап айтқан кезеңдерде дін ислам биік шыңдарды бағындырды, өте дамыды. Сол ғасырдағы дін ғұламалары Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегесін насихаттау мақсатында, ол туралы қысқа да нұсқа көркем мағынада жазылған өлеңдерді халықтың ішінде оқып, насихаттауды бір жақсы әдетке айналдырды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірбаяны толық қамтылып жазылған дастандардың атын сол кездегі халық «мәуліт» деп атады. Өйткені, ол дастандар алғашында көбіне-көп Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туылған айында оқылатын. Рабиүл әууал айының екінші аты мәуліт болып кетуі сондықтан. Мәулiт деген сөз өмірге осылай келген. Мәулiттің қазақша мағынасы «туылған уақыт» дегенді бередi. Сонда мәуліт деп соңғы пайғамбар хазреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) дүниеге келген айына қолданылады. Сондықтан, әр жылы рабиүл-аууәл айында әз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәулiтi аталып өтілуі ислам әлемінде бар дәстүр. Марокко тарихшысы әл-Ифрани былай деп жазыпты: «Жұрт жайғасқаннан соң ислам ғұламасы алға шығады да Пайғамбардың (с.ғ.с.) iзгi сипаттары жайлы әңгiмелейдi. Оның туғанынан бастап өмiрiнiң соңына дейiн басынан кешкен жәйттерiн саралап шығады». Көбінше «мәуліт» дегеннен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған күнін түсінетініміз белгілі, негізінде «мәуліт» Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) толық өмірбаяны туралы айтылатын жыр кітаптарына қойылған есім. «Мәуліт» атты өлеңдер жинағы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір тарихын насихаттауда халыққа әсерін өте жақсы тигізген әдіс. Том-том кітаптарды оқып, есте сақтап қалудан «мәуліт» өлеңдерін оқып, жаттап алу жеңіл әрі оңай. «Мәуліт» пайдасы көп, тамаша өнегесі мол кітаптардың бірі. Жамағат арасында, мәуліт оқыту деген сөз қолданылады. Өкінішке орай, мұны кейбіреулер қасиетті Құранды оқумен теңестіреді. Бұл дұрыс түсінбеушілік. Мәуліт оқу қасиетті Құранды оқу сияқты ғибадат емес, ол Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) ғибрат алу үшін, оның тамаша өнегелерін үйрену үшін оқылатын кітап. Мәуліт айында еліміздегі мешіттерде Жағфар әл-Барзанжи (р.а.) жазған «Мәулид ән-набий» кітабы оқылады. Бұл бұрынғы Түркістан, түркі тілдестер бір ел боп тұрған кезімізден бері бар. Ол кезде ата-бабаларымыз мәулітті жібермейтін. Өйткені, олар мәулітті түсінетін. Діни сауатты, араб тілі екінші тілі болатын. Мәуліт өткізудегі негізгі мақсат - Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірбаянын мұсылмандарға жет-кізу. Бірақ, біздің заманымызда кей жерлерде мәуліт оқу рәсім сияқты сақталып, негізгі мақсат шетте қалғанын байқау қиын емес. Арабша Жағфар әл-Барзанжи (р.а.) жазған «Мәулид ән-набий» оқылып жатқанда, тыңдаушы құлақ салса, бірінші бөлімінде автор мәуліт жазбақшы ниетін, мақсатын, онда қандай жол, тәсіл, қағида ұстанғанын айтады. Кейінгі бөлімде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ата-тегі айтылады, кейін ата-аналары туралы, анасының Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) жүкті болуы, әкесінің ерте дүние салуы, Оның (с.ғ.с.) туылуы, ер жетуі сияқты оқиғаларға тоқталады. Кейін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сипаттары: мысалы, аяқ киіміне өз қолымен жамау салғаны, жыртылған киімін тігіп алғаны, осындай қарапайым, жақсы қасиеттері баяндалады. Бұл мағынадағы сөздер арабша оқылып қана қойылса, халыққа түсіндірілмесе, негізгі мақсат жоғалмай ма? Сондықтан, мақсатты амалға асыру үшін мәуліт жиындарында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туралы өз тілімізде уағыз айтылып, халыққа ғибратын жеткізу қажет. Ғасырлар бойы көпшілік ислам ғұламалары Мәуліттің оқылуын бір ауыздан құптап келеді. Оны көп ұлт өз тілінде жырлап, дәстүріне айналдырып та үлгірген. Басқа тілдермен қатар, қазақ тілінде жазылған мәуліт кітабы жоқ емес, Құдайға шүкір, қазақшасы да бар. Қазақ тілінде мәуліттің бір емес, бірнеше түрі бар. Соның бірі - әйгілі ғұлама Садуақас Ғылмани хазреті жазған «Мәуліт» кітабы. Ол кітапшада пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туылғанынан бастап, дүние салғанға дейінгі өмірбаяны шумақтардан тұратын өлең етіп жазылған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туралы жазылған мәуліттің кемінде бірнеше шумағын жаттап, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тамаша өнегелерін білген абзал. Қазiргi таңда көптеген мұсылман елдерiнің қатарында елімізде де Мәуліт аталып өтiледi. Мәулiттiң атап өтілуіне ислам ғұламалары жоғары баға береді. Әл-Хафиз әс-Сиутыйдың пәтуә кітабында: «Мәуліт дұрыс. Өйткені, халықтың басы қосылады, қасиетті Құраннан аят оқылады, пайғамбарымыз туылғанда болған оқиғалар мен пайғамбарлық туралы жеткен әңгімелер уағыздалады, ысырапқа жол берілмей дастархан жайып, ас беріледі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) құрметтеледі, бірін-бірі құттықтасып, қуанышпен тарасады»,- деп қортындылайды. Мәуліт оқылып жатқанда Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) құрмет көрсету ниетімен орындарынан тұрып салауат оқиды. Осы әрекет те дұрыс деп саналған. Өйткені онда пайғамбарымызды сыйлап тұру бар. Мұны ғұламалардың көбі жасаған делінген сол пәтуә кітабында. Жүнайд Бағдади: «Кiмде-кiм Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәулiтiне қатысып, оны ұлықтаса, ол шынында иманымен жетістікке жеткені»,- деген. Хасан Әл-Басри (р.а.): «Менiң Ұхұд тауындай алтыным болса, оны Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәулiтiн оқытуға жұмсар едiм»,- дейді. Әс-Сирий: «Кім пайғам-барымызға мәуліт оқылатын жерге бет алса, жәннат бақшаларының біріне қарай бет алған. Өйткені, ол жерге тек Расулалланы (с.ғ.с.) сүйгендіктен барады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім мені сүйсе, менімен жаннатта бірге болады»,- деген. Жалалуддин Суюти (р.а.): «Бiр үйде немесе мешiтте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәулiтi оқылса, сол үйдiң немесе мешiттiң адамдарын перiштелер қоршап алады, олардың барлығына Алла тағаланың рахметi жауады»,- дейдi. Отанымызда Қазақстан мұсыл-мандары діни басқармасының басшылығымен Мәуліт айы мерекеленіп, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмбетi етiп жаратқан Аллаға шүкiр етіледі. Оның (с.ғ.с.) үлгілі өнеге-леріне арналған тақырыптарда ғылыми-практикалық басқосу-лар, шығармашылық бәйгелер ұйымдастырылып, жырлар, дас-тандар, өлеңдер дүниеге келуде. Үгіт-насихат айтылып, мешіттерге жиналған жамағат салауаттар оқып, кез келген жиындарда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірінен ғибраттар айтылып жатқаны құптарлық жақсы іс. Осы орайда сөзімізді күшейте түсетін имам Ахмад (р.а.) риуаятын келтіру артық етпес: «Көп мұсылмандар бiр iстi жақсы деп санап жатса, ол iс Алланың құзырында да жақсы іс боп табылмақ»,- деген хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз. Құрметтi бауырлар! Қазақ-стандағы айрандай ұйып отырған халқымыздың ынтымағын Алла тағала ұзағынан сүйiндiрсiн. Алла тағала халқымызға амандық, жерiмiзге тыныштық берсін. Лайым береке, бiрлiк биiгiнен көрiне берейiк. Әмин!
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.