Мұсылман қауымы үшін ең қасиетті саналатын екі ұлық мерекенің бірі – Ораза айт
Жер бетіндегі барлық мұсылман қауымы үшін ең қасиетті саналатын екі ұлық мерекенің бірі – Ораза айт мейрамы. Бұл күні Алланың разылығы үшін 1 ай бойы ауыз бекітіп, мұсылмандықтың бес парызының бірі саналатын Ораза шартын орындаған жандар ауыздарын ашады. Қасиетті Рамазан айынан кейін келетін осы ұлық мерекені әлемдегі бүкіл мұсылмандар айрықша қуанышпен, ерекше ілтипатпен атап өтеді. Өйткені Рамазан – береке мен бірлік, бейбітшілік, игілік, кешірім, мейірім және қайырымдылықтың айы болса, үш күн бойы аталып өтілетін Ораза айт адамдардың жан дүниесін, сана-сезімін, көңілін қуанышқа бөлейтін, кірбіңнен тазалайтын ұлық мереке болып саналады. Рамазан айынан Рамазан айына амандықта, саулықта жеткізгені үшін Жаратқанға мадақтар айтылып, шейіт болған аруақтарға бағышталып құран оқылады. Бұдан бөлек мұсылман бауырлар бірінің шаңырағына бірі бас сұғып, есен-саулық сұрасып, бірі екіншісіне денсаулық, жақсылық тілейді. Жалпы ислам дініндегі мейрамдардың барлығы мұсылман қауымын ғана емес, сонымен бірге барша адамзатты ынтымақ пен бірлікке, сыйластық пен бауырластыққа, кешірімге шақыратыны белгілі. Олай болса, Ораза айт мерекесі де адамдардың бірі-біріне жақсы тілектер айтатын, бір-бірінің көңіл хошын көтеріп, болашаққа жақсы жоспарлар құратын, бірін-бірі ренжітіп алған кездері болса кешірім жасасатын күн. Бұл күні мұсылмандар өз бауырларымен қуаныштарын бөліседі, кембағал, жетім-жесір, мүгедек жандарға қолынан келгенінше сыйлық тартады, ауру-сырқаулардың халін біліп, оларға Алладан шипа тілейді. Мұсылмандар бір-бірінің үйіне барып, зиярат етеді. Ата-анасы мен туған-туыс, дос-жарандарымен жолығады. Алыста болса хабарласып, ізгі тілектерін білдіріседі. Мұсылмандардың екі ұлық мерекесі – Құрбан айт және Ораза айт мейрамдарында айт намазы оқылатыны белгілі. Сондықтан мереке күні әрбір мұсылман ерте тұрып, хош иіс жағынып, Ораза айт намазын оқу үшін мешітке бет алады. Шариғат бойынша жұма намазы парыз болған кісілерге айт намазын оқу – уәжіп. Айт намазының қандай ерекшеліктері бар? Бұл сауалға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі мынадай жауап береді: "Әбу Дәуд Әнас ибн Мәліктен риуаят еткен мына хадис екі ракаат намазын оқуға негіз болады: "Расулулла? (с.ғ.с.) Мединеге келгенде қаладағы тұрғындардың ойнап-күлетін екі мейрамы болатын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Бұл қандай күн?" – деп сұрады. Олар: "Иә, Расулалла бұл біздің жа?илиет заманындағы ойнап-күлетін мейрамдарымыз еді", – деп жауап берді. Содан кейін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Шынында Алла тағала бұл екі мейрамды бұдан да жақсы екі мейрамға ауыстырды, бұл Ораза айт пен Құрбан айт" – деді. Жұма намазындағыдай айт намазының да шарттары бар. Айт намазының уақыты шариғат үкімі бойынша күн найза бойы көтерілгенше, яғни күн шыққаннан 15-20 минөт өткен соң. Жундуб (р.а.) мына хадисті риуаят етеді: "Біз Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) бірге ораза айт намазын күн екі найза бойындай болғанда оқыдық, ал Құрбан айт намазын күн бір найза бойы көтерілгенде оқыдық", – деді". Тарихи деректерге сүйенсек, мұсылмандардың мерекесін атап өту мәселесін өткен ғасырдың бас кездерінде-ақ Алаш зиялылары көтерген екен. Мәселен, С.Меңдешұлы төрағалық еткен, халқымыздың А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхан секілді біртуар перзенттері қатысқан 1921 жылы наурыздың 5-де сол кездегі Қазақстан Автономиялы Республикасы Орталық атқару комитетінің Орынбор қаласында өткен Төралқасында "Мұсылмандардың мерекесі" мәселесі қаралып, Ораза айтқа 3 күн, Құрбан айтқа 3 күн, Наурызға 1 күн беру туралы қаулы қабылданыпты. Сөйтіп еліміз бұл діни мерекелерді 1926 жылға дейін тойлап келген. Кейін келе бұл аса ізгі де иманды шешім дінге жаппай шабуыл басталғанда, асыра сілтеушілік салдарынан күшін жойған. Содан кейінгісі бәрімізге белгілі. "Дінді апиын" санаған кеңес өкіметінің билігі жетпіс жылға жуық уақыт бойы адамдарды төл дінін, ділінен, ата-баба дәстүрінен айыруға, шамасының келгенінше безіндіруге, тіпті жерітуге барын салды. Алайда, қылышынан қан тамған билік халқымыздың қайсар тұлаларының қолдарын құрсап, армандарын аяқ асты еткенімен, ұлтымыздың рухани тамырын жоя алмады, халқымыздың ұлттық құндылықтарын тарих қойнауына мүлдем батырып жібере алмады. Құдайға тәубе, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қарай негізгі діні – ислам, халқының басым көпшілігін, яғни 70 пайыздан астамын мұсылмандар құрайтын Қазақстанда діни мерекелеріміз айрықша ықыласпен аталып өтілуде. Көпшіліктің қалауы бойынша Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Құрбан айт мерекесі мемлекеттік деңгейде демалыс күні болып жарияланды. Алдағы уақытта Ораза айтқа да осындай мәртебе беріледі, деген үмітіміз бар. Бүгінде "аузында Алласы, алдында жайнамазы, қолында тәспиғы бар" мұсылман бауырлардың саны күн сайын артып келеді. Әсіресе олардың арасында жастардың қарасының көп екендігі көңілге үміт ұялатады. Жер-жерлерде мешіттер ашылып, халықты жақсылыққа, игілікке, рақымшылдыққа бастайтын игі шаралар көптеп өткізілуде. Бір сөзбен айтқанда халқымыз бірте-бірте төл дінімен, ұлттық мейрамдарымен қауышты. Мұның бәрі әрине Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жүргізіліп келе жатқан сауатты саясаттың, еліміздегі саяси тұрақтылық пен экономикалық әлеуеттің бір жемісі, бір көрінісі. Шариғат бойынша, қасиетті Рамазан айында ораза ұстаған адамдар күнәларынан тазарады. Бұл хақында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: "Кімде-кім Рамазан оразасын Алла разылығы және сауабы үшін ұстаса, оның бұрынғы күнәлары кешірілер. Ал, Қадір түнінде ояу отырып, намаз оқығанның әуелгі күнәлары кешірілер" - деген. Қасиетті Рамазан айында мыңдаған мұсылмандардың қатысуымен еліміздегі мешітттерде тарауих намаздары оқылып, бірқатарында Құран хатым етілді. Шариғат бойынша, Құран хатым етілген ауылда, кентте, қалада, жалпы сол елде береке, ынтымақ артып, Алланың нұры жауады. "Менен сұра, мен беремін" деген Алла тағаланың қасиетті аятын басшылыққа алған күллі мұсылмандар Қадір түні мешіттерде, үйде қарсы алып, Жаратқанға құлшылықтарын арттырып, тіліктер тіледі, көрер таңды көзбен атырды. Көптеген ізгі тілектер тіленіп, дұғалар жасалды. Сөйткен қасиетті Ораза айы да аяқталып, енді міне ұлық мерекенің бірі – Ораза айт та келіп жетті. Адам баласының жан сарайын ерекше күйге бөлейтін бұл мерекенің өзіндік қасиеттері, ерекшеліктері жайлы азды-көпті баян еттік. Сөз соңында барша мұсылман қауымының ұстаған оразаларының қабыл болуын, қасиетті Қадір түнінде тілеген тілектерінің орындалуын, Ораза айттағы ізгі ниеттеріміздің жүзеге асуын тілейміз. Әлемдік саясат пен экономикадағы ахуал біршама қиындаған қазіргі шақта Алла Тағаладан елімізге тыныштық, халқымызға тоқшылық тілейміз. Баршамызды келесі Рамазан айына, келесі Ораза айт мерекесіне дін аман жетуге жазсын!
Ақпарат көзі: http://www.kostanay.kz/kaz.php?what=-1&url=1980
|