Қазір ауыл, аудан, қала көшелерінің қай мүйісінде де темекі,
құрт, шемішке тәрізді ұсақ-түйектерді сатып отырған әйелдердің сөресіне көз
тастасаң, жылтыр қағазға ұзынша етіп оралған насыбайлардың бірнеше түрін
көресің, ішінде ұп-ұсақ түйіршіктілері де, талқан тәрізді түрлері де бар. Бір
таңқаларлығы, бұрын көшелерде насыбайды қазақ әйелдері сатса, енді, оны саған орыс,
сыған әйелдері де ұсынады. Ал, аудан, қала орталығындағы базарлардың қайсына
барсаң да әр түрлі құтыларға салынған насыбайлар тұнып тұр. Соны көргеніңде
өзің насыбай атпайтын болғандықтан, «Осы насыбай дегенің қандай зат?», - деп
ойға қалады екенсің...
Насыбай туралы түсінік
Насыбай – құрамында есірткі бар алқа тұқым-дасына жататын темекі өсімдігінен
жасалтын, құмарлық үшін ататын (пайдаланылатын) зат. Отарлаушы орыс
мемлекетімен, Қытаймен етене араласып, сауда-саттық жасаудың нәтижесінде қазақ
даласына темекі келіп, насыбай жасау, оны ату етек жайған. Темекінің
құрғатылған жапырағынан мүштікке папирос салып тарту- дың пайда болуы тәрізді,
темекіні ұнтақтап, оған түрлі заттар қосып насыбай дайындауды далада мал бағып,
көшіп-қонып жүрген қазақтардың әу- баста өзгелерден үйрен-гені хақ.
Ұлттық болмысымызға жат насыбай ату әдетінің ел арасында кеңінен тарағаны
соншалықты, біздің тілімізде «Адам көңілі бір атым насыбайдан қалады», - деген
де мәтел бар. Бұрындары насыбайды қариялар атып, оған елтіп жүре-тіндіктен,
олар жас ер баланың пүшәнәйін де насыбайға теңеп, жақсы көріп кеткенінде жанына
шақырып алып, немересінің «насыбайынан» атып қоюды да ғұрыпқа айналдырған. Осылайша,
насыбайдың зияндылығы естен шы- ғып, оны негізінен қариялар атқандықтан,
елімізде насыбай атуға тиым салынбаған.
Насыбай ату қан қысымын көтеріп, ұйқыны қашыратындықтан, түнде жылқы баққан
немесе жолға шыққан атты кісілер, қотан мен ауылды күзеткендер де, көңіл күйін
көтергісі келгендер де насыбай атты. Насыбай ату – темекі тарту, араққа салыну,
нашақорлық тәрізді дерт болғандықтан, оған үйренгендер бір мезет насыбай
атпаса, басы ауырып, жүрегі соғып, мазасыз күйге түседі. Сөйтіп отырғанында насыбайды
атып жіберсе, жаны жадырап, басының ауырғаны тиылып қоя береді. Мұның «бас
жазу» тәрізді қылық екенін түсінбейтіндер, насыбайда сондай күш бар деп
ойлайды. Сірә, сол себептен де шығар, біздің бала кезімізде насыбайқұмар
қарттар атып жіберген насыбайының жанын сергітіп, көңілін көтер-генін, басының
сынып ауырып тұрғанының жазылып кеткенін айтып отырушы еді.
Насыбайшақша Дәстүрлі қазақ қоға- мында қолөнер шебер-лері насыбайшақшаны
арқардың, сиырдың, ешкінің мүйізінен жаса-ған-ды. Ол үшін бұл мүйіздерді алдын-ала
сұрыптап, таңдап алады да, әртүрлі әдістермен, яғни, балқыту, қырып-жону
тәрізді, тәсілдерді қолдана отырып оны бір қалыпқа (формаға) келтіреді. Сонан
соң шақшаның екі шетін қақталған күміспен көм-керіп, бетіне күміс шегелер
қағады. Кейде күмістің орнына алтынды да пайдаланған. Ол шақша жасатушының
байлығына байланысты болғаны мәлім.
Мұнан кейін шақшаның түбіне тығын, аузына қақпақ жасап, оларды бір-біріне
кішкене шынжырмен байланыстырады. Шақшаның түбі мен қақпағы да күміс немесе
алтыннан болады. Осындай қымбат металдар, ою-өрнек пай- даланылғандықтан,
шақ-ша-әрі насыбай құты, әрі әшекей бұйым болып шыға келеді.
Негізінен, жасалған материалына, әшекейіне, түр-түсіне сәйкес насы-байшақшаның
кеңінен қа-лыптасқан мынандай атаулары бар: сары шақша, жез шақша, алтынды қара
шақша, күміс шақша, арқар шақша. Бұрындары күңгірт түсті шыныдан дөңгелек
пішінді етіп жасалған, екі жақ бетіне айна жапсырылған шақ-шалар да болды.
Қазір шақшаны сыйға беретін зат (сувенир) ретінде ғана жасайды. Халық шақшаның
орнына шыны, пластмассадан жасалған түрлі құтыларды пайдаланып жүр.
Негізінен, насыбайшақ-ша (шақша) – насыбай салуға арналған құты. Ел аузында
насыбайшақшаға байланысты қызықты әң-гімелер көп. Солардың бірі төмендегідей:
Бір қаралық шақша «Әлдеке деген ше-бердің бір қаралық күміспен нақышталған
келісті шақшасын бір би үйіне келіп отырып, тамыр болайық деп, ат-түйедей қалап
алып кетеді. Әлдеке шебер келесі жылы барса, би қолқа бермек түгілі, «Шақша
даулай келдің бе?», - деп келеке қылады. Әлдеке шебер ханға жүгінеді. Хан:
«Қолқа сұрағандай оның қандай шақша еді?», - дейді. Сонда Әлдеке шебер:
- Шақшам шақша-ақ еді, Шақша да болса жақсы-ақ еді.
Кер бұғының мүйізі – нақысы еді, Бір қысырақ істеген ақысы еді. Гауһар мен
жақұттан салған көзі бар еді.
Қолқасын келесі жылы аларсың деген сөзі бар еді, - деген екен.
Хан: «Шақшасын қайы-рып бер, қайырмасаң қалағанын бер!», - деп кесім айтыпты»
(Қазақтың шешендік сөздері, Алматы, 2007 ж).
Насыбайды қалай жасайды? Қазақтар насыбайды темекі ұнтағына күл, қалампыр қосып
жасаған, ол ащы, күшті иісті зат болған. Насыбайды құма-рлық үшін ату – көп
адамның жаман әдеті. Жалпы, насыбайды былай әзірлейді: саптыаяққа (үккішке)
темекі жапыра-ғын салады, оны әбден ұнтақтайды. Оған арша немесе сексеуіл,
қайың, тобылғы, қылша күлін қосады, үстіне су себеді. Бұл насыбайды жасаудың
жалпы тәсілі.
Ал, насыбайдың басқа түрін, яғни, бұйра насыбайды былай жасайды: саптыаяққа
(үккішке) темекі жапырағын салып, оны ұнтақтаған соң, су сеуіп, сосын бәрін де
тесік қалбырдан (елеуіш) өткізеді.
Насыбай неге зиянды?
Оның зиянды болатын себебі, құрамында никотин, синиль қышқылы, көмір қышқылы,
сірке қышқылы, азот, эфир майы және өкпе рагіне (қатерлі ісік) ұшырататын
әртүрлі радиоактивті элементтер (бензпирен, полоний, висмут, т.б.) бар
темекіден жасала-тындығы, кейінгі кезде кей жерлерде оған өзге де улы заттардың
қосылатындығы.
Соның басты – бастысы: кейбіреулер насыбайға тауықтың саңғырығын, әктің суын,
қара аға-штың смоласын қосып әзірлейді. Бұлардың қай-қайсы да өте зиянды.
Тіпті, жай ғана тауықтың саңғырығын жеп қойған қойлардың бір сағаттың ішінде
өліп қалғандығы жөнінде оқиғалар өмірде болған. Қара ағаштың смоласының зияны
да тауықтың саңғырығының уынан кем емес.
Соған қарамастан, кә-рі де, жас та насыбайды еріннің астына салып атады. Сол
себепті насыбай ататындардың 80 пайызының ауыз қуы-сы, ас қорыту жүйесі ісікке
ұшырап ауырады. Әуелі қызық үшін насыбай ататындар кейін оған әбден әуестеніп,
үйреніп кетеді де, насыбай атпаса басы ауырып, айналады, тамаққа зауқы
соқпайды, сөйтіп, насыбайға тәуелді болып қалады. Қазір насыбай ататын жастар
да аз емес. Себебі насыбайдың бір орамының бағасы ап-арзан. Оны бірнеше рет
бөліп атып, елтуге қолайлы. Ал оның орнына темекі сатып алып тартайын десе,
насыбай сатып алған тиын-тебен темекінің бағасына жетпейді, әрі насыбайды одан
кім көрінген сұрай бермейді. Көшеде темекі тартып келе жатса, шылым сұрайтындар
көп.
Насыбай ататындардың есіне:
• Насыбай ату адам жасын қысқартады.
• Ауыз қуысы, ас қорыту жүйесі қатерлі ісікке ұшырайды.
• Өмір сүруге, еңбек етуге, отбасын асырауға деген ынта-ықылас азаяды.
• Әйелдер насыбай атса, ішіндегі баланың денсаулығына зияны тиеді.
• Тыныс алу жолдары қабынады.
• Ұйқысыздыққа апарады.
• Адамды ерте қартай-тады.
• Ауызы, үсті, айналасы сасып жүреді.
• Тамаққа деген тәбетті жояды, адам ағзасы әлсірейді.
• Рухани күйзеліске ұшыратады.
Қазір елімізде Денсау- лық сақтау министрлі-гінің бастамасымен насыбай сатуды
шектеу, оны жасөспірімдерден аластату жөнінде маңызды мәселе көтеріліп, ол
Үкіметтің, Парламенттің назарына ұсынылып отыр. Расында да басқа ауыл, аудан,
қала түгілі, Отанымыздың жүрегі –Астананың кез-келген жерінде де ең улы зат
насыбай өте көп мөлшерде, ашықтан-ашық сатылуда. Оны ересек адамдармен бірге
оқушылар да емін-еркін сатып алады. Еліміздің бақытты болашағы – жастарымыздың
ден-саулығын улайтын бұл затқа неліктен тиым салынбай отыр? Халықты
ойландыратыны осы мәселе. Мақсұтбек СҮЛЕЙМЕН. Ақпарат көзі: http://www.info-tses.kz/red/article.php?article=77533
|