Ниет – амалдың таразы - Ислам дағуаты - Қазақша мақалалар - Діни мақалалар - Дінисламға қош келдіңіз
Сәрсенбі, 23.Мамыр.2012, 23:06
негізгі бет
· RSS
сайт мәзірі
соңғы діни мақалалар
•  Намаз адамды жалықтыра ма?
•  Ұлықбек Алиакбарұлы: "Жаңа заманға сай жаңа медианы меңгерген имам керек"
•  ОРАМАЛ ТАРТҚАН – ЕРСI, АЛ КIНДIК АШҚАН ШЕ?
•  Азия парктен жік шықты, екі құлағы тік шықты
•  Сапар айы (Сафар айы)
•  Шіркеу қазақша сөйлей бастады. Бұл нені аңғартады?
•  Фиқһ әл-ғибадат
•  Желтоқсан – жанымның жарасы
сауалнама
Қай облыстан боласыз?
Жауап берілді: 2177
 Діни мақалалар
Негізгі бет » Мақалалар » Қазақша мақалалар » Ислам дағуаты


Ниет – амалдың таразы
بسم الله الرحمن الرحيم
Шын мәнінде адам баласын әртүрлі әрекеттерге жетелейтін күш, істі жүзеге асыруға көмектесетін қуат – ниет. Сол ниеттің күшімен адам көп тер төгіп, көптеген ауыртпашылыққа төтеп береді. Кейде адамның іс-әрекеті мен ішкі дүниесі, яғни ниеті үйлеспей жатады. Екі адам айны қатесіз бір амал жасауы мүмкін. Алайда, екеуінің ниеттері екі түрлі болғандықтан амалға екі түрлі баға беріледі. Ғұламалар: «Қаншама ақыреттік амалдар ниетке байланысты жай қарапайым әрекетке айналады. Қаншама дүниелік істер ниетке байланысты сауапты амалға айналады»,-деген екен. Адам баласы жақсы ниетпен жасаған күнделікті әрекеттері: тамақтануы, жұмыс істеуі тіпті ұйықтауы да сауап амал болуы мүмкін.
Айша (р.а.) анамыз риуаят етеді:
ما من امرىء تكون له صلاةٌ بليلٍ يغلبهُ عليها نومٌ إلاّ كُتِبَ له أجرُ صلاتهِ و كان نومُهُ عليه صدقةٌ.
Мағынасы: «Түнгі намазға әдеттенген адам бір күні ұйқысы жеңіп жатып қалса, оған түнгі намазының сауабы жазылады. Ал, ұйқысы оған садақа», деген.
Имам Муслим сахихында:
ما من مسلم يغرس غرسًا أو يزرع زرعًا. فيأكل منه طيرٌ أو انسانٌ إلاّ كان له به صدقةٌ
Яғни: «Мұсылман баласы бір ағаш отырғызса немесе егін ексе, оны құс немесе адам жейтін болса оған әлбетте садақа болмақ»,-деген хадис бар. Негізінде ағаш отырғызу дүниелік амал. Алайда, егуші ел пайдасын ниет еткендіктен садақа берген болып есептеледі. Тіпті, Алланың ризашылығын ниет етіп өз отбасы үшін жұмсаған қаражаты да садақа есептеледі. Сахаба Сағд бин Әбу Уаққас (р.а.) риуаят етеді:
إنك لنْ تنفقَ نفقةً تبتغي بها وجهَ الله إلاّ أُجِرتَ عليها, حتّى ما تجعله في فيِ امرأتِك
Мағынасы: «Сен Алла ризашылығын көздеп (ниет етіп) жұмсаған әрбір қаражатың үшін сауап аласың. Тіпті, әйеліңе (бала-шағаңа) берген азық-ауқатың үшін де»,-деп айтылған. Демек, мұсылман жүрегіне Алла ризашылығы үшін деген ниет орнықса оның барлық іс әрекетіне сауап жазылады.
Расында, амалдар ниетке байланысты бағаланады. Амалды құнды ететін де ниет. Сондай-ақ, амалды түкке де тұрмайтын бос әурешілік етіп қоятын да сол ниет. Тіпті, бұрыс ниет адамды құрдымға да итереді.
Хазіреті Әбу Һурайра (р.а.) риуаят етеді:
إنّ أوّل الناس يُقضَى يوم القيامة عليه رجلٌ استُشْهِدَ فأُتِيَ به فعرّفه نِعَمَه فعَرَفَهَا قال: فما عملتَ فيها؟ قال قاتلْتُ فيك حتّى استُشْهِدْتُ قال: كذبْتَ و لكنّك قاتلتَ لأنْ يُقال جرِىءٌ فقد قيل ثمّ أَمر به فسُحِبَ على وجْهه حتّى أُلقِيَ في النار.
Мағынасы: «Қиямет күні ең әуелі сұрақ жауапқа үш түрлі кісі тартылады. Бірі: шейіт болған кісі. Ол Алла құзырына келтіріледі де, оған (дүниеде) берілген нығметтер бірме-бір көрсетіледі, ол да бұны мойындайды. Сосын: шүкіршілік ретінде нендей амал жасадың?,-деп сұралады. Ол: Сенің ризашылығың үшін, Сенің жолыңда шейіт болғанша күрестім,-деп жауап береді. Сонда: айтқан сөзің жалған. Сен батыл екен деп айтсын деп күрестің. Жұрт та сені осылай атады, деп оны сүйреп отырып тозаққа лақтырады».
و رجلٌ تعّلم العلمَ و علّمه و قرأ القرآنَ فأُتِيَ به فعرّفه نِعَمَه فعَرَفَهَا قال: فما عملتَ فيها؟ قال تعّلمْتُ العلمَ و علّمْتُه و قرأْتُ فيك القرآنَ قال: كذبْتَ و لكنّك تعلّمْتَ العلمَ ليقال عالمٌ, و قرأْتَ القرآنَ ليقال قارىءٌ فقد قيل ثمّ أَمر به فسُحِبَ على وجْهه حتّى أُلقِيَ في النار

«Бірі: білім үйреніп, басқаларды да үйретіп және құран оқыған кісі. Ол Алла құзырына келтіріледі де, оған (дүниеде) берілген нығметтер бірме-бір көрсетіледі, ол да бұны мойындайды. Сосын: шүкіршілік ретінде нендей амал жасадың?,-деп сұралады. Ол: Сенің ризашылығың үшін білім алып, басқаға үйреттім және құран оқыдым,-деп жауап береді. Сонда: айтқан сөзің жалған. Сен ғалым екен деген сөз үшін білім алдың, қари екен деген сөз үшін құран оқыдың. Жұрт та сені осылай атады, деп оны сүйреп отырып тозаққа лақтырады».
رجلٌ وسّع اللهُ عليه و أعطاه من أصناف المال كلِّهِ فأُتِيَ به فعرّفه نِعَمَه فعَرَفَهَا قال: فما عملتَ فيها؟ قال ما تركْتُ من سبيلٍ تحبُّ أنْ يُنْفَقَ فيها إلاّ أنفقتُ فيها لك قال: كذبْتَ و لكنّك فعلتَ ليُقال هو جوادٌ فقد قيل ثمّ أَمر به فسُحِبَ على وجْهه حتّى أُلقِيَ في النار.

«Бірі Алланың кеңшілігіне кенелген, дүниенің барлық түрі берілген кісі. Ол Алла құзырына келтіріледі де, оған (дүниеде) берілген нығметтер бірме бір көрсетіледі, ол да бұны мойындайды. Сосын: шүкіршілік ретінде нендей амал жасадың?,-деп сұралады. Ол: Сенің қош көрген барлық игі істерде қаражат жұмсадым,-деп жауап береді. Сонда: айтқан сөзің жалған. Сен жомарт екен деп айтсын деп жұмсадың. Жұрт та сені осылай атады, деп оны сүйреп отырып тозаққа лақтырады». Хадис Муслим, Термизи және Насаи еңбектерінде келген.

Осы хадисті хакім Абай Құнанбайұлы өзінің отыз бесінші қара сөзінде шарх жасап өткен.
Хакім Абай: «Махшарға барғанда құдай тағала қажы, молда, сопы, жомарт, шейіттерді қатар қойып, сұрар дейді. Дүниеде ғиззат-хұрмет алмақ үшін, қажы болмақ үшін қажы болғанды, молда болғанды, сопы болғанды, жомарт болғанды, шейіт болғандарды бір бөлек қояр дейді. Ахиретке бола бір ғана құдай тағаланың разылығын таппақ үшін болғандарды бір бөлек қояр дейді.
Дүние үшін болғандарға айтар дейді: «Сендер дүниеде қажеке, молдеке, сопеке, мырзеке, батыреке аталмақ үшін өнер қылып едіңдер, ол дүниең мұнда жоқ. Сендердің ол қызықты дүниең харап болған, бірге қылған өнерлерің де бітті. Енді мұнда құрмет алмақ түгіл, сұрау беріңдер! Мал бердім, өмір бердім. Не үшін сол малдарыңды, өмірлеріңді, бетіңе ахыретті ұстап, ден ниетің дүниеде тұрып, жұртты алдамақ үшін сарып қылдыңдар?!, дейді.
Шын ниетімен орнын тауып, бір Құдайдың разылығы үшін өнер қылғандарға: Сендер бір ғана Менің разылығымды іздеп малдарыңды, өмірлеріңді сарып қылып едіңдер, Мен разы болдым. Сіздерге лайықты құрметті орным бар, дайын кіріңдер! Һәм ол разылықтарыңнан басқа осы махшар ішінде, сендердің осы қылғаныңа өзі қылмаса да, іші еріп, ынтық болған достарың табылса, шафағат қылыңдар!, деп айтар»,-дейді.
Ия, шамасы келмесе де ниеттес һәм тілектес болған мұсылман баласына да сауап жазылады. Оның дәрежесі шамасы келе тұра істеген амалын елдің аузына ілігу үшін істеген екіжүздіден әлде неше жоғары болмақ.
Ойымызды мына бір хадиспен жеткізіп көрейік. Имам Термизи кітабында:
إنّما الدنيا لأربعةِ نفرٍ: عبدٌ رزقه الله مالاً و علمًا فهو يتّقي فيه ربِّه و يصل فيه رحمه و يعلم للهِ فيه حقًّا فهذا بأفضلِ المنازل.
Мағынасы: «Дүниені иелік етуде адамдар төртке бөлінеді, біріншісі: Алла тағала мал-мүлік те, білім де берген пенде. Ол дүниесі мен білімін қолдануда тақуалық танытады: туысқандарына жәрдем етіп және Алланың да ақысы бар екенін біліп жүреді. Мұндай пенде ең биік дәрежелі адам»
و عبدٌ رزقه الله علمًا و لم يرزقْه مالاً فهو صادقُ النيّةِ يقول لو أنَّ لي مالاً لعمِلْتُ بعملِ فُلانٍ فهو بنيّته فأجرُهما سواءٌ.

«Екінші: Алла білім берген бірақ дүние бермеген пенде. Ол шын ниетімен: (ізгі адамды үлгі тұтып) егер менде мал-мүлік болғанда мен пәленше сияқты жұмсаған болар едім,-дейді. Оның осы жақсы ниетінің арқасында сауапта бірінші адаммен тең дәрежеде болады»
و عبدٌ رزقََه اللهُ مالاً و لم يرزقْه علمًا فهو يخبط فيه بغير علمٍ لا يتّقي فيه ربَّه و لا يصل فيه رحمه و لا يعلم لله فيه حقًّا فهذا بِأَخبثِ المنازل

«Үшінші: Алла дүние берген бірақ білім бермеген пенде. Ол сауатсыздығының салдарынан дүниесі қолдануда тақуалық танытпайды. Туған туысына да көмектеспейді және дүниесінде Алланың ақысы барын да білмейді. Мұндай пенде ең төмен дәрежелі адам».
و عبدٌ لم يرزقْه اللهُ مالاً و لا علمًا فهو يقول: لو أنّ لي مالاً لعمِلتُ فيه بعمل فلانٍ فهو بنيّته فوِزرَهما سواءٌ.

«Төртінші: Алла дүние де, білім де бермеген пенде. Ол: (жаман адамға еліктеп) егер менде мал-мүлік болғанда мен пәленше сияқты жұмсаған болар едім,-дейді. Оның осы жаман ниетінің кесірінен (өзі көзсіз еліктеген жаман адаммен) тең дәрежеде күнәға ортақ болады»
Біз әрбір амалымызда ниетіміз ізгі, ойымыз жақсы болуы қажет. Жүрегімізге жаман ниеттің байқаусыз енуінен сақ болуымыз қажет. Біз жаман ниетпен жасаған амалдарымызбен адамдарға жағуымыз мүмкін. Ал, Жаратушының ризашылығына тек шынайы ниетпен жасаған амалмен ғана жетеміз.
Ал, шынайы ықылас пен жақсы ниет адамды үнемі жақсылыққа жетелейді. Жамандықтан қорғайды.
Абдулла бин Омар (р.а.) Алла елшісінен (с.ғ.с.) ықылас, жақсы ниет жайлы мынадай қиссаны жеткізген: Күндердің күні үш кісі жолаушылап келе жатады. Кенет нөсер жаңбыр жауып, жолаушылар тау ішіндегі бір үңгірге барып паналайды. Таудан домалап түскен үлкен жартас үңгірдің аузын бекітіп, жолаушылар еріксіз қамауда қалады. Жолаушылар бір-біріне: Алла ризашылығы үшін істеген амалдарың бар ма, соны айтып Жаратқанға жалбарынайық,-десті. Сонді біріншісі тұрып: Аллаһым! менің қартайған ата-анам және бүлдіршін балаларым бар. Мен қой бағатынмын. Өрістен келгенде қойларды сауып, сүтті бала-шағамнан бұрын ата-анама ұсынатынмын. Бір күні кешігіп, өрістен қараңғы түскенде бір-ақ қайттым. Үйге келсем ата-анам ұйықтап қалған екен. Мен әдеттегідей қойларды сауып ата-анама алып келдім. Бірақ ол кісілердің ұйқысын бұзғым келмеді. Аш бала-шағам сүт сұраса да, әке-шешемнен бұрын оларға бере алмады. Осылайша таң атқанша тұрдым. Аллаһым! егер мен осы амалымды Сенің ризашылығым үшін істеген болсам аспан көрінетіндей етіп үңгірдің аузын аша гөр,-деп дұға жасады. Жартас біраз жылжыды.
Аллаһым! менің туысқан ағамның қызы бар еді,-деп екінші жолаушы дұға жасай бастады. Мен оны қатты жақсы көрдім. Олардың отбасы өте нашар тұратын. Күндердің күні олар жеуге қара нан таппай қалды. Қатты қиналған әлігі әйел менен жәрдем сұрап келді. Мен арам ойымды айттым. Оған көнбей кетіп қалды. Аштықтан бала-шағасы әлі құрыған кезде әйел қайта жалбарынып келді. Мен өз арам пиғылымды қайта айттым. Шарасыздықтан ол көнді. Мен өз жаман ниетіммен жақындай бергенімде, аштықтан өзегі үзілейін деп тұрған әйел денесі дір-дір етіп тұрды. Мен: не болды?, дегенімде ол: әлемді жаратқан Алладан қорқып тұрмын, деп қорқыныштан дірілдеп тұрды. Мен сонда: қиыншылық көріп Құдайдан сен қорыққанда мен тоқшылықта отырып қалайша қорықпадым деп қатты шошындым. Өз ісіме өкініп, әйелге керек азық-түлігін бердім де шығарып салдым. Аллаһым! егер мен осы амалымды Сенің ризашылығым үшін істеген болсам үңгірдің аузын аша түс,-деп дұға жасайды. Үңгір аузы біраз ашылды.
Аллаһым! мен бір кісіні жалдап жұмыс істеткен едім,-деп үшінші кісі өз мінәжатын бастады. Еңбек ақысына бір қалта күріш беремін деп келіскен едік. Ол жұмысын бітірген соң, ақысын сұрады. Мен уәделескен бір дорба күрішті бермек болдым. Ол бастартып кетіп қалды. Мен ол күрішті қайта-қайта егіп түскен қаражатына көп қара мал жинадым. Күндердің күні мен жалдаған жұмысшы ақысын сұрап келді. Мен мына өрістегі сиырлардың барлығы сенікі,-дедім. Әлігі жұмысшы: мені мазақ етуден Алладан қорықпайсың ба?,-деп сөзіме сенбеді. Мен: бұл сенің ақың, мен тек оны өсіріп көбейттім. Ешбір әзідеп тұрғаным жоқ,-дедім. Аллаһым! егер мен осы амалымды Сенің ризашылығым үшін істеген болсам үңгірдің аузын аша түс, деп жалбарынды. Үңгір аузы ашылып, үшеуі аман есен еліне қайтты.
Имам Муслим және Ибн Мажаһ хадис еңбектерінде сахаба Әбу Һурайрадан (р.а.):
إنّ اللهَ لا ينظر إلى صوركم و أموالكم و لكنْ ينظر إلى قلوبكم و أعمالكم.
Мағынасы: «Расында Алла тағала сіздердің сырт кейіптеріңізге және мал-мүліктеріңізге қарамайды. Бәлкім Алла тағала сіздердің жүректеріңіз бен амалдарыңызға қарайды»,-деп риуаят етілген.
Жаратушы Алланың ризашылығынан, құлшылықтың сауабынан мақұрым қалмайық. Жасаған әрбір ғибадатымыз тек қана Алла ризашылығы үшін болсын! Амалымыз бен ниетіміз бір болсын!
"Нұр Астана" мешітінің наиб имамы, Қамбаров Руслан.

Ақпарат көзі: http://dinislam.kz

Категориясы: Ислам дағуаты | Ендірген: Admin (27.Қазан.2010) | Авторы: Қамбаров Руслан
Көрілді: 1315 | Рейтингі: 5.0/1 |


Барлық пікірлер: 0

Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.


© 2008-2012 Діни-танымдық сайт. [Абу Ханифа мазхабы бойынша]
Сайттағы мәліметтерді жариялаған кезде гиперсілтеме жасалуы тиіс
Сұхбаттағы (форум), шәйханадағы (чат) жазулар мен сайттағы білдірілген пікірлер сайт көзқарасы болып саналмайды


Создать сайт бесплатно
кіру / тіркелу
Логині:
Құпия сөз:
жарнама орныңыз
іздеу
© Расулуллаһ.Кз
Н.Төреқұлов мешіті

САНАҚ




Бүгінгі зияратшылар:

Соңғы тіркелген қолданушыға сәлем: xatab

Сайтта тіркелгендер
Барлығы: 3620
Осы ай ішінде: 12
Осы апта ішінде: 4
Кеше: 0
Бүгін: 0