Қазақстанның шіркеулерінде келешекте құдайға ғибадат ету рәсімдері қазақ тілінде де өтпек. Бұл Қазақстанда екінші үлкен дін болып саналатын православие дінін ұстанушылар арасында қазақтілділер көбейгенін аңғарта ма, әлде діни бірлестіктің мемлекеттік тілді қолдау шарасы ма? «Қазіргі таңда қазақ тілінің Қазақстанның православ шіркеуінде құдайға ғибадат жасау рәсімінде қолдану мәселесі шешілуде...Таяуда ашылған Алматы діни семинариясының бағдарламасына қазақ тілі міндетті түрде енгізіліп, негізгі діни мәтіндер қазақшаға аударылуда. Жақын болашақта ана тілі - қазақ тілі саналатындар үшін ғибадатханаларда құдайға сиыну рәсімі екі тілде: шіркеулік-славян және әдеби қазақ тілінде жүргізу мүмкін болмақ. Қазақ тілінде діни әдебиеттер жарық көріп, митрополийдің ресми сайты жұмыс істеп, уағыздар айтылмақ». Астаналық және қазақстандық Митрополит Александр ("Вечерний Алматы")
Оңғар қажы ӨМІРБЕК, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының баспасөз хатшысы:
- Уағыздар қазақ тілінде жүргізілсе, онда бұл - ең алдымен мемлекеттік тілді сыйлауы. Бұл өте қуанышты, сүйсінетін жағдай... Діни әдебиеттерін аударғаннан бізге келіп-кетері жоқ, олардың еркіндегі шаруа. Егер кітаптарын қазақтілді оқырмандарға арнаса, орыс тілін жете түсінбейтін азаматтар енді оларды Құранмен салыстыра оқи алады. Әдебиеттерді қазақ тіліне аударғанның пайдалы жағы - осы. Бұл мәселенің екінші жағы да бар: бұл - дінге тарту. Қазақ тілінде олардың кітабын оқитындарға Құранды да оқып, салыстыруға шақырар едім. Дінде ешкімге зорлық жоқ. Ал православ дінінде қазақтілділер көбейіп кетті деу - негізсіз. Соңғы санақ нәтижесі бойынша халқымыздың 11 миллионы - мұсылмандар. 1990 жылдың ортасы мен 2000 жылдың аралығында қазақтілділер арасында басқа дінге өтіп кету тенденциясы байқалған. Бірақ қазір керісінше, ислам дінін ұстанушылар көбейіп, оның ішінде славянтілділер үлесі де арта түсуде.
Розақұл ХАЛМҰРАДОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:
- Бұл бастаманың қазақ тілін үйретуден гөрі, өздерінің дініне шақыру жағы басым. Қазақстандағы орыс тіліндегі мемлекеттік ұйымдардың, орыс азаматтарының көпшілігі өздерінің бай тілін пайдаланып, мемлекеттік тілді үйренуге үлес қосып, бастама көтеріп жатқаны сирек. Орыстілді мектептеріміз бар. Алайда сол мектептерде 11 жыл қазақ тілі оқытылғанымен, мемлекеттік тілді меңгеріп шығатындары - 5-6 пайыз ғана. Сондықтан олардың әзірге қазақтілін үйренуге ынтасы бар деп ойламаймын. «Шіркеуге баратындар арасында қазақтілділер көбейіп кетті» деп тағы айта алмаймын. 1990 жылдары зейнетақы, жалақы берілмей кеткен қиын кезеңдерде кішкентай сыйлықтардың арқасында шіркеуге келетіндер жиілеген. Қазір керісінше, олардың саны азайып кетті. Сол себептен де енді осындай шаралар жүргізіліп жатыр ма деген ой қылаң береді.. Православ шіркеулерінің кітаптарын және басқаларын қазақ тіліне аударып жатқандығы - бірінші кезекте тек діни мақсаттарын насихаттау. Егер олар шынымен мемлекеттік тілді үйрену үшін жұмыс істеп, мен қателесіп жатсам, өте жақсы болар еді.
Дайындаған Айжан КӨШКЕНОВА
Ақпарат көзі: http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=4945&Itemid=2
|