Тағдырға иман - Біздің ақидамыз - Қазақша мақалалар - Діни мақалалар - ҒАЛАМТОРДА ДІНИ САЙТ - жаңалықтар, мақалалар, сұхбат.
>
Жұма, 12.Наурыз.2010, 12:49
Оцени данный материал
Әссәламу аләйкум, Құрметті Қонақ мақалаға баға беруіңізді өтінеміз. Бағалау 1 рет қана жүзеге асырылады. Баға берілген соң аталмыш хабарлама сізге қайта көрсетілмейді.
Әһли Сүннет жолындағы ақида ғұламалары бұл мәселені былай түсіндіреді; Аллаһ Та’алә айтады; (Мағынасы;«Сол уақытта Раббың адам балаларының белдерінен нәсілдерін алды да өздеріне куә етіп; ″Мен, сендердің Раббыларың емеспін бе?″(дегенде) олар; ″Әрине куәмыз″ деген. Қиямет күні; ″Бұдан хабарымыз болмады демеңдер»). (әл-Аъраф,172)
Имам Ахмәд, Омар ибн Хаттабтан (р.а.)жеткізеді. Бұл аят туралы сұрақ берілгенде, Омар (р.а.) былай деді; «Аллаһтың Елшісінен (с.ғ.с.), осы аят туралы сұрағанда былай деп айтқанын естіген едім; «Күмәнсіз Аллаһ Адамды (ғ.с.) жаратты. Одан кейін Ол оның арқасынан оң (қолымен) сипады да, ұрпақтарын шығарып; ″Оларды Мен жәннәт үшін жараттым. Олар жәннәтты мекендеушілердің амалдарын істейді″ -деді. Бұдан кейін Аллаһ тағы да Адамның (ғ.с.) арқасынан сипап, ұрпақтарын шығарып; ″Бұларды Мен тозақ үшін жараттым. Олар тозақты мекендеушілердің амалдарын жасайды″ деді.
Сонда бір кісі сұрады; ″Иә Аллаһтың Елшісі, онда не үшін амалдар істейміз?″
Аллаһтың Елшісі (с.ғ.с.), былай жауап берді;
″Ұлы да құдіретті Аллаһ қандай да бір құлын жәннәт үшін жаратса, Ол сол құлын жәннәтты мекендеушілердің амалын жасайтын қылып қояды. Түптің түбінде сол құл джәннәтты мекендеушілердің амалының біреуін орындау кезінде өледі. Ол осы амал арқасында жәннәтқа кіреді. Қашан Аллаһ қандай да бір құлын тозақ үшін жаратса, Ол сол құлды тозақты мекендеушілердің амалын жасайтын етіп қояды. Ол құл тозақты мекендеушілер амалының біреуін орындау үстінде өліп, сол амалымен тозаққа түседі».
Аллаһ джәннәт пен тозаққа түсетін жаратылыстарының санын толық, әрі әуелден білген. Бұл сан көбеймейді және азаймайды. Ол тағы да олардың не амалдар істейтіндерін әуелден білген. Аллаһ Та’алә айтады; Мағынасы; «Күмәнсыз Аллаһ барлығын білуші». (Әнфәл,75). Аллаһ барлығын әуеліден және барлық уақытта білу сипатына ие.
Әрбір адамға жаратылып қойған орнының амалдары жеңілдетілген. Амалдар соңғыларымен қабылданады. Бақытты адам Аллаһтың тағдырымен бақытты болады, бақытсыз адам Аллаһтың тағдырымен бақытсыз болады.
Аллаһтың Елшісі (с.ғ.с.) Бухари риуаят еткен хадисінде; «Амалдар соңғыларына қарап қабылданады» дейді.
Жәннаттық адам Аллаһтың тағдырымен жәннаттық болатындығы, тозақы адам Аллаһтың тағдырымен тозақы болатындығы туралы Абдуллаһ ибн Масъудтан (р.а.) риуаят етілген хадисте, Аллаһтың Елшісі (с.ғ.с.) айтады; «Сіздердің әрбіріңіз анасының құрсағында 40 күн мәни (сперма) күйінде болады. Одан кейін сонша уақыт ұйыған қан күйінде болады. Одан кейін тағы сонша уақыт кесек ет күйінде қалыптасады. Одан кейін оған Аллаһ періште жібереді. Ол періштеге жан беру мен 4 нәрсе бұйырылады; оның ризығы, өмірінің мерзімі, амалдары, жәннаттық немесе тозақы болатындығын жазады. Одан басқа ғибадатқа лайық құдай жоқ Аллаһтың атымен ант етемін, күмәнсіз сендерден кез-келгенің жәннатқа бір білек қалғанға дейін, жәннат тұрғындарының амалын жасай аласыңдар, сонда оның тағдырына жазылғаны тозақ болса, ол тозақты мекендеушілердің амалын жасай бастайды да тозаққа кіреді. Ақиқатында дәл солай сендерден кез-келгенің тозаққа бір білек қалғанға дейін тозақ тұрғындарының амалын жасай аласыңдар, сонда оның тағдырына жазылғаны джәннат болса, ол джәннат тұрғындарының амалдарын орындай бастайды да, джәннатқа кіреді». (Муслим)
Аллаһ Өзінің мейірімділігімен Өзі қалаған құлын тура жолға салады, оны адасудан және бәледен сақтайды. Аллаһ Өзінің әділеттілігімен, Өзі қалаған құлын адастырады, оны күмәнданушылықтан сақтамайды және оған пәле-жаланы үйеді.
Бұл сөз му’тазилилердің, қадари ақидасын жоққа шығарады. Олар «Аллаһтың хидаясы - тура жолды баяндау» деп айтады (бұл ұғым адасу). Әһли Сүннет ғалымдары хидаяны 2 ге бөледі;
1)Хидая тәуфиқ (тура жолға салу)
2)Тура жолды түсіндіру, ұғындыру.
Аллаһ Та’алә Өзінің құлына иман сыйласа, тура жолға салды деп айтамыз, осыны тәуфиқ дейміз. Мұндай хидая тек Аллаһтан ғана болады. Ешкім, тіпті пайғамбарлар және періштелер де өздерінің қалауымен біреуге тәуфиқ хидаятын бере алмайды. Хидаяның екінші түрі - тура жолды түсіндіру, мұны пайғамбарлар, ғалымдар және басқалар істей алады. Пайғамбарымыз жақсы көрген және жақсы көрмеген адамдарына да тура жолды түсіндірді.
«Қасас» сүресінің 56 аятының мағынасын Әһли Сүннеттің Құран тәпсіршісі шейх ас-Саъди былай тәпсірлейді;
«Ей Мухаммад (с.ғ.с.) сендер ешкімге хидая-тәуфиқ бере алмайсыңдар, тіпті ол сендердің ең жақсы көретін адамдарың болса да. Өйткені, жаратылғандар қалағандарына хидая-тәуфиқ беруге қабілетсіз. Бұл тек Аллаһтың қолында. Ол өзінің құлдарынан кімді қаласа соны тура жолға салады. Кімнің хидаятқа лайық екенін Аллаһ білуші. Сондықтан тек Аллаһ қана біле тұрып тура жолға салады. Хидаятқа лайық емес құлдарын Аллаһ адастырып қояды».
Сәжде сүресінің 13 аятының мағынасын шейх ас-Саъди былай тәпсірлейді; «Аллаһ айтады; Егер Біз қалағанымызда еді, барлығына хидаят беріп, тура жолға салған болар едік. Бірақ Аллаһтың хикметі (даналығы) барлығының тура жолда болуынан бас тартты». (Хикмет – барлық заттарды өз орнына қою).
Аллаһ Та’алә Мудассир суресінің 31 аятында былай деді;
Мағынасы; «Аллаһ Өзінің қалаған құлын адастырып қояды, ал кімді қаласа, оны тура жолға салады».
Барлық жаратылыстар Аллаһтың кеңдігі мен әділдігі арасында, Оның қалауы бойынша өмір сүреді.
Тағабун сүресінің 2 аятының мағынасын шейх ас-Саъди былай тәпсірлейді; «Аллаһ жаратылыстарды жаратқанда біреулерін иманды, ал біреулерін кәпір қылғандарын жариялайды. Адамдардың иманды және кәпір болуы Аллаһтың қалауына байланысты. Аллаһ кімді тура жолға салса, бұл Аллаһтың жомарттығы мен мейірімділігінің арқасында болады. Ал кімді адастырса, ол Аллаһтың әділеттілігінің арқасында. Барлық мақтау Аллаһқа».
Аллаһтың әмірін кері қайтаратын, оны кешіктіретін және Оның әмірінен жоғары тұратын ешнәрсе жоқ.
Өйткені Аллаһ жалғыз Қаһһар. Қаһһар - Өзінің билігімен және құдіретімен жаратылыстардың үстінен жеңіске жетуші деген мағынаны білдіреді. Жаратылыстар бұны ұнатса да, ұнатпаса да Ол жеңіске жетуші.
Әрбір зат Аллаһтың қалауы және тағдырымен іске асады. Аллаһтың қалағаны міндетті түрде орындалады. Құлдар үшін ерік жоқ, Аллаһ олар үшін не қаласа, сол болады. Демек, Аллаһ құлдары үшін не қаласа, ол әлбетте болады, ал Ол қаламаған нәрсе еш уақытта болмайды. (Тіпті, бүкіл жаратылыстар бір жерге жиналып, ол нәрсеге қарсылық жасағысы келсе де). Тәкуир сүресінің 29 аятының мағынасын шейх Ибн Касир былай тәпсірлейді; «Сендердің қалағандарың бүкіл әлемдердің Раббысы қаласа ғана болады. Ерік сендердің қолдарыңда емес. Кімді Аллаһ тура жолға түсіруді қаласа, ол оны міндетті түрде табады. Кімді Аллаһ тура жолдан тайдыруды қаласа, ол оны күмәнсыз тайдырады. Бұл істердің барлығы бүкіл әлемнің Раббысы Аллаһ Та’аләға байланысты».
Суфиән әс-Сәури Саъид ибн Абд әл-Азизден жеткізеді, ал ол Суләймән ибн Мусадан (р.а.) жеткізуші. Ол былай деді; «Аллаһ Та’алә кімді тура жолға салуды қаласа, оған Құран үлгілі еске түсіруші болатынын ескерткен. Осы аят түскенде Әбу Джәһил; ″Барлық іс біздің қолымызда, егер қаласақ тура жолда боламыз, қаламасақ болмаймыз″ деп айтты. Сонда Аллаһ Та’алә; ″Сендердің қалауларың бүкіл әлемдердің Раббысы Аллаһ қаласа ғана болады″ деген аятты түсірді. Бұл және осыған ұқсас аяттар; «Аллаһ қалаған нәрсе болады, қаламаған нәрсе болмайды» дейтін Әһли Сүннет және Жамағат ақидасының дәлелі. Аллаһ қаламаған нәрсе Аллаһтың құзырында қалай болады? Олар өздерінше; «Аллаһ кәпірдің иманды болуын қалайды, ал кәпір иманды болуды қаламай кәпір болады» дегенді айтады. Кәпірдің ерік-қалауын Аллаһтың қалауынан жоғары қойды. Осы сөзді айтқан адамнан артық кәпірлік батпағына батқан адам бар ма? Олар айтқан надан сөздерден Аллаһ Пәк.
Аллаһ жаратылыстарды біліп жаратты. Аллаһ адамдарды және жындарды жаратқанда, олардың санының қанша екенін, өз өмірінде қанша ауа жұтып, қанша тамақ жейтінін, қанша өмір сүретінін, олардың бақытты әлде бақытсыз болатынын, жәннәтқа немесе тозаққа түсетінін және басқа барлық жағдайларды біліп жаратты. Аллаһ жаратылыстарының тағдырын, өмір сүру мерзімін белгілеп қойған. Қашан оларға ажал жеткенде, олар оны бір сағат не артқа, не алға жылжытуға шамалары жетпейді. «әл-Имран» сүресінің 145 аятын шейх ас-Саъди былай тәпсірлеп түсіндіреді; «Барлық тірі жандардың өмір сүру мерзімі Аллаһтың тағдырымен және қалауымен белгіленген. Қашан өлім уақыты келгенде, оған еш себеп болмаса да бұл жан өледі. Егер Аллаһ кейбір жанның өмір сүруін қаласа, өлімге әкелетін қандай да бір себептерге қарамастан, ол жан мерзімінен ерте өлмейді. Бұл нәрсе Аллаһтың осы жанның өмір сүру мерзімін жазуы, осы жанның тағдырын белгілеуі нәтижесінде болады. Қашан жаратылыстардың өлім мерзімі келгенде, олар оны бір сағат алға, не бір сағат артқа жылжыта алмайды».
Аллаһ пенделеріне олардың шамасы жететін нәрсені ғана жүктейді. Олардың шамасы Аллаһ жүктеген нәрсеге ғана жетеді. Бұл «Лә хәулә уә лә қууәтә иллә билләһ» сөзіне түсіндірме. Бірде-бір адамда, Аллаһқа күнәһар болудан, яғни күнә істеп қалудан сақтап қалатын қандайда бір айла, айналып өту немесе қандай да бір іс-әрекет жоқ. Пенде күнәдан тек қана Аллаһтың жәрдемімен сақтана алады. Аллаһқа ғибадат етуде бекем болу үшін, егер Аллаһ тәуфиқ бермесе адамдарда ешқандай күш-қуат жоқ. Барлық нәрсе Аллаһтың тағдырымен, білімімен және қалауымен жүзеге асады. Оның қалауы барлық нәрсенің қалауынан жоғары. Сондай-ақ Оның қалауы барлық айлалардан жоғары. Аллаһ ешқашан зұлымдық жасамай қалаған ісін жүзеге асырады. «Аллаһ Та’алә істеген бірде-бір амалы туралы сұралмайды, ал жаратылыстар әрбір істеген амалы туралы сұралады» (Әнбиә, 23)
Тағдыр Аллаһтың ақиқаты және құпия сыры. Аллаһ жаратылыстарды жаратады, оларды бай немесе кедей қылады. Оларды адастырады және тура жолға салады, өлтіреді және тірілтеді. Адамдардың тағдыр мәселесіндегі таласы жалпыға мәлім. Құтылатын жалғыз жол - Әһли Сүннет ақидасы. Барлық нәрсе Аллаһтың тағдырымен болады. Құлдардың тіпті іс-әрекеті де Аллаһтың қалауымен болады. Аллаһ Қамар сүресінің 49 аятында былай деді;Мағынасы; «Ақиқатында Біз әр нәрсені тағдырмен жараттық»
Имам Муслим өзінің «Сахих» кітабында Абдуллаһ бин Амр (р.а.) риуаяты бойынша, Аллаһтың Елшісінің (с.ғ.с.) хадисін келтіреді; «Аллаһ жаратылыстарының тағдырын көктер мен жерді жаратпай тұрып 50 мың жыл бұрын белгілеген. Ол кезде Оның аршысы судың үстінде еді».
Әһли Сүннет «Ләух әл-Махфуз» және онда жазылған тағдырға иман келтіреді. Аллаһ Бурудж сүресінің 21-22 аяттарында айтады;
Мағынасы; «Олар жоққа шығарған нәрсе, Ләух әл-Махфуздағы, яғни әрбір бұзылудан, өзгеріске ұшыраудан сақталынған ұлы тақтадағы Құран болып табылады». Жаратылыстардың тағдыры жазылған Ләухты (тақтаны), Ләух әл-Махфуз деп атайды.
Аллаһ Та’алә қаламды жаратып, онымен жарататындарының барлығының тағдырын Ләух әл-Махфузға жазды. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жеткен сахих хадисте былай делінеді; «Аллаһтың жаратқан нәрселерінің ең алғашқысы қалам, оны жаратып болғаннан кейін Аллаһ оған; ″Жаз!″ деп әмір берді, қалам; ″Иә Раббым нені жазамын?″ дегенінде, ″Қиямет күніне дейін болатын барлық нәрсенің тағдырын жаз″ деді». (Әбу Дәуд, Тирмизи). Әһли Сүннет Ләух әл-Махфузға иман келтіреді, және олардың қандай екендігі жайында бас қатырмайды.
Егер жаратылыстардың барлығы жиналып, Аллаһтың Ләух әл-Махфузда жазып қойған, болуы тиіс болған нәрсенің болмауын қаласа, олар оны істей алмайды. Егер жаратылыстардың барлығы жиналып, Аллаһтың Ләух әл-Махфузға жазбаған нәрсенің болуын қаласа да, олар оны істей алмайды. Қаламның сиясы Қияметке дейін болатын нәрсенің бәрін жазып кеуіп қалған.
Абдуллаһ ибн Аббастан (р.а.) риуаят қылынады, ол кісі былай дейді; Бір күні Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) бірге отырған едім. Сонда; «Ей бала! Мен саған бірнеше насихат сөз айтайын ба? Аллаһтың (белгілеген) шекараларын сақта, сонда Ол сені сақтайды. Аллаһты (үнемі) жадыңда сақта, сонда сен Оны қарсы алдыңнан табасың. Қашан болмасын не сұрасаң да Аллаһтан сұра, көмек беруші жалғыз Ол ғана. Біліп қойғын, егер барша халық жиналып, саған пайда тигіземіз десе, олар тек Аллаһтың жазғанынан артық пайда тигізе алмайды. Ал егер бүкіл халық жиналып саған зияндарын тигізуге кіріссе, Аллаһтың жазғанынан артық зиян тигізе алмайды. Өйткені қаламдар көтеріліп, сиялар кеуіп қалған» (Тирмизи).
Пенденің тағдырына не жазылған болса, ол нәрсе оған сөзсіз келеді, айналып өтпейді. Оған келмеген нәрсе оның тағдырына жазылмаған, яғни ол келмейді. Пендеге Аллаһ жаратылыстарында болатын барлық нәрселерді алдын ала білетіндігін білуі керек. Аллаһ оның бәрін өзгермейтіндей етіп берік жазып қойған. Бұл тағдырды Аллаһтың көктерінде және жерінде жаратылыстарының ішінен кешіктіретін, жоғалтатын, өзгертуге күші жететін, азайтатын немесе ұлғайтатын теңі жоқ.
Тағдырға осылай иман келтіру - иманның түйіні, Аллаһ Та’аләның тәухидын және Оның рубубиясын мойындау және таным негіздері болып табылады. Фурқан сүресінің 2 аятында Аллаһ Та’алә айтады; Мағынасы; «Ол барлық нәрсені жаратты және олардың тағдырын өлшеп қойған».
Ол тағы да Ахзаб сүресінің 38 аятында; Мағынасы;«Аллаһтың қалауы белгіленген тағдыр шешімі» дейді.
Аллаһ кәпірдің кәпір болуын қалайды, бірақ Ол оны жақсы көрмейді және оған риза болмайды. Аллаһ кәпірдің бұл дүниеге келуін, өмір сүруін қалайды, бірақ Ол сенім мәселелерінде Ол олардан риза болмайды. Му’тазилә, Қадария секталары бұл таза ақидаға қарсы шықты. Олардың пікірінше Аллаһ барлық адамдардың иманды болуын қалайды, бірақ кейбір адамдар иманды болуды қаламай кәпір болды. Бірақ бұл болмашы әрі жарамсыз пікір. Өйткені ол Құран мен Сүннетке қарама-қайшы келеді. Амр ибн Хәйсам былай деді; «Біз кемеге міндік, жолсеріктеріміздің бірі қадари сектасын ұстанушы, ал екіншісі мүшірік еді, сонда қадари ағымын ұстаншы мүшірікке; ″Мұсылман бол″ деді. Ал мүшірік ″Қашан Аллаһ қаласа, боламын″ деді. Сонда қадари ағымын ұстанушы; ″Аллаһ күмәнсыз қалайды, бірақ оны шәйтан қаламайды″ деп жауап берді. Сонда мүшірік; ″(Менің мұсылман болуымды) Аллаһ қалайды, (бірақ) шәйтан қаламайды. Сонда шәйтанның қалауы (Аллаһтан) күштірек болғаны ма? Мен, кім күшті болса, сонымен біргемін″ деп жауап қатты». Міне қадари сектасын ұстанушылардың дұрыс емес ақидасынан шығатын нәрсе. Аллаһ бізді ондай нәрселерден сақтасын.
(Амр ибн Хәйсам, Бағдад қаласының тұрғыны, жиджра бойынша екінші ғасырда қайтыс болған).
Бір бәдәуи Амр ибн Убайдтың жиналысына келіп; «Уа халайық! Менің түйемді ұрлап кетті. Сендер Аллаһтан түйемнің қайтарылуын сұрап дұға тілеңдерші» деді. Сонда Амр ибн Убайд; «Ей Аллаһ! Сен бұл кісінің түйесінің ұрлануын қаламадың, бірақта ол ұрланды. Оның түйесін қайтып бере гөр» деп дұға қылғанын естіп тұрған әлгі бәдәуи; «Сенің мұндай дұғаңа мұқтаж емеспін. Сенің айтуыңша Аллаһ қаламаса да менің түйем ұрланыпты. Менің қорқып тұрғаным, енді Аллаһ қаласа да енді ол түйе маған қайтып келмейді екен» деді. (Білімсіз бәдәуи му’тазилә ғалымының ақидасын жарамсыз қылды).
Аллаһ барлық нәрсеге иелік қылады. Бірде-бір нәрсе Оған (әлде Онымен қатар) иелік ете алмайды. Бір сәтке Аллаһтан тәуелсіз болу жоқ. Егер кім, өзін бір сәтке Аллаһтан тәуелсізбін деп санаса, ол күмәнсіз кәпір болып, құрушыға айналады. Аллаһ әлемде болатын уақиғаларды алдын ала білетініне дәлел бар. Расулуллаһ иман туралы сұраушыға (Джәбрәил а.с.) былай деп жауап берді; «Аллаһқа, Оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ахирет күніне және тағдырға, оның жақсылығы мен жамандығына иман келтіруің».
Табари риуаят етіп Ибн Масъудтан жеткізеді; Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтты; «Тағдыр еске алынғанда, тілдеріңізді тиыңыздар».
Ханәфий мәзһәбының ақида ғұламасы шейх Әбил Изз әл-Ханәфий бұл хадисті былай түсіндірді; «Кімде-кім неге Аллаһ олай істеді дейтін болса, ол Құран үкімін жоққа шығарған болады. Ал кім Құран үкімін жоққа шығарса, ол күмәнсыз кәпір болады». Бұл сөз былай түсіндіріледі; «Аллаһқа ғибадат қылу, Оның Кітаптарына, Пайғамбарларына иман келтіру - бұның бәрі бой ұсынуға, сонымен қатар шариғаттағы бұйрықтар мен тиымдардың даналығын сұрастырмауға негізделген».
Тағдырға иман келтіру «Аллаһтың тәухидын» мойындау болып табылады. Яғни Аллаһтың сипаттарына иман келтірмейінше, тәухид кемел болмайды. Кімде-кім Аллаһтан басқа жаратушы бар десе, ол күмәнсыз мүшірік болады. Осындай болғанда, әр адам өз іс-әрекетін өзі жаратты дейтін адамның халі не болады? Сол үшін «қадарилар» осы үмметтің отқа табынушы мүшіріктері болып табылады. Әбу Дәуд, Абдуллаһ ибн Омардан (р.а.), ол кісі Пайғамбардан (с.ғ.с.) риуаят қылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады; «Қадарилар осы үмметтің мүшіріктері. Егер олар ауырып қалса, хал- жағдайын сұрамаңдар. Егер олар өлсе, жаназасына қатыспаңдар».
Тағдыр мәселесінде ең дұрыс сөз - Әһли Сүннет және Жамағаттың сөзі. Бұлар айтады; «Пенделер істерін өздері істесе де, ол істер Аллаһтың жаратқандарынан болып табылады». Аллаһ Та’алә айтады;
Мағынасы; «Аллаһ сендерді және сендердің амалдарыңды жаратты» (Саффат,96) Ақиқат осы.
Бауырлар, "оформление материала" деген болу керек қой: абзац, курсив, жирный деген сияқты. Аллаһ оларды не үшін берді. Оларды Аллаһтың дінің жеткізуде пайдаланбасақ, сонда қайда пайдаланамыз. Аллаһтың дінін көркем қылып жеткізудің бір әдісі де сол емес пе? Қазір мына материал бір абзацтан қана тұрады. Бірақ тым ұзақ абзац. Оқырман оны бітірем дегенше шаршап кетеді ғой.
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.